«Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті

Белгілі түркітанушы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты кітабы түрік тіліне аударылды.

«Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті

Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Кечиөрен муниципалитеті және Еуразия жазушылар одағы ұйымдастыруымен белгілі түркітанушы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» (Bozkırın Ulu Ozanı Jambıl Jabayev) атты кітабының түрікше аудармасының тұсаукесері болып өтті. Кечиөрен муниципалитетіне қарасты Неджип Фазыл Кысакүрек атындағы театр және конгресс кешенінде өткен кешке Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитеті басшысы Тургут Алтынок, Еуразия жазушылар одағы төрағасы Якуб Өмероғлу, Кечиөрен Ұлттық білім беру басқармасының директоры Айхан Ышык, Түріксой Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, Эко-Еуразия қауымдастығы төрағасы Хикмет Ерен, депутаттар, дипломатиялық миссия өкілдері, қазақстандық жастар мен жергілікті халық қатысты.

 

Тұсаукесер бағдарламасында алғашқы сөз кезегін алған Еуразия Жазушылар одағы төрағасы Якуб Өмероғлу Ұлы дала ақынының Кеңес Одағы кезеңіндегі ақындық шеберлігімен тек қана қазақ даласына емес, бүкіл әлемге даңқы шыққан ақсақал екенін түсіндірді. Қоғамдық мәселелерді шешуге белсене қатысқан ұлы ақынның батырларды жігерлендірген шумақтарымен ұлтжандылығын ортаға қойғанын атап көрсетті. Ол Еуразия Жазушылар Одағы шаңырағы астында құрылған күннен бастап қазақ әдебиетінің беделді ақын-жазушылары қалам тартқан 100-ден астам өлең мен хикаяның «Кардеш Калемлер» (Бауырлас қаламдар) атты журналда жарық көргенін және 40-тан астам қазақ әдебиеті туындысының болса түрік тіліне кітап болып аударылғанын түсіндірді.

 

Кештің ашылу салтанатына қонақжайлық жасаған Кечиөрен муниципалитеті басшысы Тургут Алтынок болса екі ел арасында көптеген экономикалық, мәдени, және әлеуметтік іс-шараның жүзеге асырылғанын, ортақ тарихтың терең қойнауынан бастау алған бауырластығымыз барлық салаларда дамып келе жатқанына назар аударды. Алтынок Қазақстан Республикасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік алған күннен бастап өз елі мен халқының рухани жаңғыруының негізін қалағанын атап көрсетті. Алтынок түркі бірлігінің негізін қалауға үлес қосқан түркі әлемінің ақсақалы Н.Назарбаевтың бауырлас халықтардың етене жақындасуына да ықпал еткенін білдірді. Белгілі түркітанушы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты кітабының бауырластықты нығайтуға үлес қосатынын атап көрсеткен Тургут Алтынок Кечиөренде үлкен бір паркке Түркі дүниесінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін берілетінін сүйіншіледі.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық код қалыптастыру бастамаларымен сөзін бастаған Елші Абзал Сапарбекұлы Қ.Р. Тұңғыш Президентінің түркі интеграциясы жолындағы қадамдары туралы сөз қозғады. Мәдени дипломатия бағытындағы жұмыстарға тоқталған Қазақстан елшісі Кечиөрен муниципалитетінің екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестерін ерекше атап өтті. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және дәріптеудің маңызын баса айтқан елші мемлекеттік қайраткер, түркітанушы профессор Мырзатай Жолдасбековтың түркология саласында қазақ елінің болмысы үшін аса құнды дүниелердің көзін ашқан тұлға екеніне назар аударды.

 

Ұлы дала ақыны Жамбыл Жабаевтың туындыларының өзін қазақ мәдениетінің энциклопедиясы іспеттес екенін түсіндірген елші осындай игі бастамаға өзіндік үлес пен қолдау көрсеткен баршаға ризашылығын білдірді.

Кеш барысында Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің оқытушысы доцент Джемиле Кынаджы Сүйінбайдың мұрагері Жамбылдың айтыс өнерін, ол өмір сүрген дәуірде халықтың руханиятын байытқан өлеңдерінің рөлі туралы баяндама жасады.

 

Кештің соңында профессор Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты еңбекті түрік тіліне аударған Еуразия Жазушылар Одағы атқару кеңесі мүшесі, әдебиеттанушы Уфук Тузман қазақ әдебиетінің сан-алуан рухани азығының түрік халықтары арасында әлі де толық зерттеліп, аударылмағанын және қазақ ауыз әдебиетінің байлығының зерттелу керектігін түсіндірді. «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты еңбектің қазақ халқының айтыс пен жыраулық дәстүрінің қысқаша тарихы мен Жамбылдың өміріне шолу екенін баяндаған Тузман шығарманы оқырмандарға ұсынды.



Ұқсас жаңалықтар