Қазақстан елшілігі Анкарада Қазақстанның тәуелсіздік күнін атап өтті

Қазақстан елшілігі ресми қабылдау ұйымдастырды.

1323058
Қазақстан елшілігі Анкарада Қазақстанның тәуелсіздік күнін атап өтті

Үстіміздегі жылдың  11 желтоқсанында Түркияның елордасы Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні тойланды. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен ресми қабылдауға Түркия Республикасы атынан бас қонақ ретінде Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі төрағасы Проф. Мұстафа Шентоп қатысты. Сонымен қатар шараға ТР Президенті Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, түрлі министрліктердің өкілдері, Анкара губернаторы Васип Шахин, Ескишехир губернаторы Өздемир Чакаджак, Анкара мэрі Мансур Яваш, бұрынғы Мәжіліс төрағасы Джемил Чичек, Қазақстан-Түркия парламентаралық достық тобы төрағасы, Мехмет Али Джевхери, Түркия мәжілісі депутаттары, бірқатар университет ректорлары, аудан әкімдері, Партиялар басшылары, бұрынғы министрлер, Елшілер, Халықаралық ұйым басшылары, Түркі кеңесі Бас хатшысы Бағдат Әмреев, Қазақстанның құрметті консулдары, инвесторлар, дипломатиялық миссия, зиялы қауым, іскер топ, диаспора мен БАҚ өкілдері, қазақстандық тәлімгерлер және қонақтар қатысты.


Алқалы қабылдаудың беташар сөзін сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы ең қастерлі қазынамыз Тәуелсіздік күнімен жиналған қауымды құттықтады. Егемендігіміздің 28 жылдығында Қазақстанның жеткен жетістіктеріне тоқталған Елші А.Сапарбекұлы бауырлас Түркияның әрдайым көрсеткен қолдауын атап өтті. Еліміздегі саяси реформаларды тілге тиек еткен Қазақстан Елшісі Елбасы Н.Назарбаевқа Түркия Президенті Р.Т.Ердоғанның бастамасымен Түркі кеңесі құрметті төрағасы атағы берілгендігін еске салды. Президентіміз Қ-Ж.Тоқаевтың қоғамның демократиялық құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау, халықпен тиімді кері байланыс орнату, саяси реформалар, ұлттық кодты қалыптастыру жұмыстарын жалғастыру, көп векторлы және теңгерімді сыртқы саясат және жастарды билікке тарту секілді саяси басымдықтарына назар аударған Елші А.Сапарбекұлы жуырда Қазақстан Премьер-министрі А.Маминнің Түркияға жасаған сапары туралы әңгімеледі. Тәуелсіздігіміздің және бауырлас қазақ-түрік ынтымақтастығының маңызына тоқталған Елші сөзін бабаларымыздың «Бірлік болмай – тірлік болмас» мақалымен тәмамдады.
Айтулы кештің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ТҰҰМ төрағасы Мұстафа Шентоп «Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет болғанын әрдайым мақтан тұтады. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар біз үшін өте маңызды. Алға қойылған 10 млрд. долларлық сауда айналымы межесіне жету үшін қыруар жұмыс атқарылуда. Қазақстанның қуанышы біздің де қуанышымыз.» деді. Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатын тілге тиек еткен М.Шентоп «Назарбаевтың тек Қазақстан үшін емес, барша Түркі әлемі және аймақтағы елдердің дамуына бағыт көрсеткен жұмыстары қызығушылық тудыруда» дей отырып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 28-ші жылдығымен құттықтады.


Сондай-ақ алқалы кеште ТҰҰМ төрағасы М.Шентоп Елші А.Сапарбекұлына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атына Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қоры Türksav атынан 1919 ж. 19 мамырда Ататүрік бастаған ұлтазаттық соғыстың 100 жылдығы құрметіне тағайындалған «19 мамыр Түркі әлемі жаңғыруы марапатын» табыстады.
Айта кетелік, Türksav қоры түркі әлемінің әдебиет және өнер салаларындағы ынтымақтастығын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Бұдан бұрын Türksav Елбасы Назарбаевқа «Түркі әлеміне қызмет сыйлығын» берген болатын.
Ресми қабылдау Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі, «Қорқыт ата» көне аспаптар саз тобының концертімен және қазақ ұлттық тағам дастарханымен жалғасын тапты.



Ұқсас жаңалықтар