"Көкту" қоғамы Анкарада тәуелсіздік мерекесін тойлады

Түркияның бас қаласы Анкара төрінде Қазақстанның тәуелсіздігі атап өтілді.

1321486
"Көкту" қоғамы Анкарада тәуелсіздік мерекесін тойлады

Түркияның бас қаласы Анкара төрінде Қазақстанның тәуелсіздігі атап өтілді.

Өткен жылы құрылған «Көкту» қазақ мәдениет қоғамының бастамасымен және Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшілігінің қолдауымен өткен шара Йенимахалле ауданында болды.

Йенимахалле муниципалитетінің ынтымақтастығымен өткізілген шарада қазақ сәнгерлердің сән көрсетілімі, артынан «Шабыт» оркестрінің концерті көрерменнің көңілінен шықты.

Шара қарсаңында қазақтың сәнгер қызы,  атақты дизайнер Ханым Айдаштың түрік тіліне аударылған кітабы таныстырылды.  «Көкту» қоғамы тарапынан түрік тіліне аударылған кітаптың таныстырылымында авторының өзі оқырмандарына қолтаңба берді.

Шара Қазақстан және Түркияның ұлттық ән ұрандарының шырқалуымен бастау алды.

Беташар сөзін оқыған «Көкту» қазақ мәдениет қоғамының төрайымы Ләззат Мүлазымоғлу "Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні тек қазақ халқы үшін емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызды бір күн. Көк туымыз ал қызыл тумен бірге көк аспанымызда әрдайым желбіресін! Екі елдің ынтымақтастығы арта берсін!",-деді.

Сәнгер Ханым Айдаш сөз кезегінде Қазақстанның талантты сәнгерлерінің киім үлгілерін алып келгендерін айтып,  қазақ халқының ұлттық киімдерін насихаттайтын кітабының түрік тіліне аударылып басылғанына қуанышты екенін атап көрсетті.

Желтоқсан айының қазақ халқы үшін маңыздылығын баса айтқан Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы болса алқалы шараның ұйымдастырылуына атсалысқан баршаға ризашылығын білдірді. Ол бауырлас түрік халқының егемендік қуанышымызды алғашқы болып бөліскен халық екендігін еске сала отырып, екі ел серіктестігінің нығая беруін тіледі.

Йенимахалле муниципалитетінің басшысы Фетхи Яшар өз сөзінде қазақ-түрік ынтымақтастығының тамыры тереңде жатқанын айта отырып, «Қазақ бауырларымыз ұлы мерекесі барша түркі әлеміне ортақ мереке» деп атап өтті.

Беташар сөздерден кейін Қазақстаннан арнайы келген сәнгерлер Жадыра Қонар, Ханым Айдаш және Мөлдір Бекібаеваның киім үлгілерінің сән көрсетілімі болды. Ұлттық нақыштағы замандас өмірге сәйкестендірілген әйелдер киімі анкаралық көрерменнің көңілінен шықты.

Артынан түрік тіліне аударылған кітаптың тұсауы кесілді. Кітаптың тұсауын Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анкара Сауда Палатасының басшысы Гүрсел Баран, Йенимахалле муниципалитетінің басшысы Фетхи Яшар, кітаптың авторы Ханым Айдаш, "Көкту" қазақ мәдениеті қоғамының төрайымы Ләззат Мүлазымоғлу, аудармашылар Илге Қарагөз Ахметова мен Лаура Елемесова кесті.

Қазақстанның тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналып ұйымдастырылған шараның келесі бөлімінде Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Шабыт» оркестрінің өнерпаздары концерт берді. Оркестр Анкара халқы мен қазақстандық студенттер, қазаққа жаны жақын түрік зиялы қауымының алдында қазақтың күмбірлетіп күйін ойнап,  әуелеген әндерін шырқады.

Қыл қобызда ойнаған Алмат Сайжан, пианинода Арман Жайым, саз сырнайда Аида Шарипова, домбырашылар Нұрболат Шахы, Темірлан Шөкенов сынды өнерпаздар көрерменді өз өнеріне тәнті қылды.

Әншілер Айгерім Алтынбек пен Саламат Әбутәліпов болса әсем дауыстарымен баурап алды.

Қазақ әндерімен сусындап, құлақтарының құрышы қанған Анкара тұрғындары үйлеріне қуана қайтты.

 



Ұқсас жаңалықтар