Үш арыстың рухына тағзым

Түріксой үш арысты құрметпен еске алды.

Үш арыстың рухына тағзым

Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың Анкара төріндегі бас ғимаратында кеше қазақтың арыстары еске алынды.

«Алаштың үш арысы» еске алу жиынына Түркиядағы Қазақстанның өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қырғыз Республикасының Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Қуанышбек Өмірәлиев, Қожа Ахмет Ясауи Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Муса Йылдыз, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу қатысты. Сонымен бірге түрік әлеміне жаны жақын зиялылар, қазақстандық және түрік студенттер, Анкарада тұратын қазақ қандастар орын алды.

Ұлтымыздың үш бірдей перзентінің 125 жылдықтары атап өтілген халықаралық жиынды Түріксой ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ашып берді. Дүйсен Қасейінов «Қазақ тарихына теңдесі жоқ қызмет және пидақорлықпен таңбасын басқан үш ұлы бәйтеректің рухына тағзым етеміз» деді.

Сөз кезегін алған Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев  болса «Үш арыс- Сәкен Сейфуллин, Илияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин тек қазақтың қаламгерлері емес, түркі халқының қаламгерлері деп білеміз.  Сұлу да сыршыл Сәкен, әңгіме жанрының асқан шебері Бейімбет Майлин, қазақ поэзиясының  құлагері Илияс өздерінің саналы ғұмырын қазақтың ұлт болып ұйысуына, мемлекеттің іргетасының қалануына, әдебиеттің жаңа кеңістікке шығуына арнады. «Тұрсақ бір төбеде тұрамыз, өлсек бір шұңқырда өлеміз» деп серттескен алаштықтар, солардың жарқын өкілдері -  Сәкен, Илияс пен Бейімбет бір жылда, яғни  1894 жылы өмірге келген. Қазақ әдебиетінің үш алыбы, бір жылда өмірге келген үш арыс бір жылда 1938 жылы жалған саяси айып тағылып ату жазасына кесілді. Сонымен қатар үшеуі де 1972 жылы ақталды. Үш тұлғаны бір-бірінен бөле жарып қарамай, бірге атайтынымыз, «үш бәйтерек» деп қастерлейтініміздің бір сыры осында жатыр» деді.

Түрік Тіл қоғамының төрағасы Проф. Гүрер Гүлсевин өзінің сөзінде түркі әлемінің бірлігі жөнінде сөз қозғап, Үш арыстың жалпы түрік ұлтының беделді өкілдері екенін атап көрсетті.

Сөз кезегін алған Қырғыз елінің елшісі Қуанышбек Өмірәлиев те «Арыстарды,  ұлтымыздың ұлы перзенттерін ұрпақтары ұмытпай, еске алу іс-шараларын өткізіп жатқан Түріксойға алғыс айтамын» деді.

Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде «Үш арыс жөнінде әлі де ашылмай жатқан шындықтар,  тарихи факттер бар. Оларды еске алып отыру, шығармаларын дұрыс түсініп оқу – біздің міндетіміз» дей келе, түркі әлемінің бірлігі үшін тың ұсынысын ортаға қойды. Түркі әлемінің беделді ұлдарын,  қадірлі тұлғаларын Түркияда жастарға,  оқушыларға етене таныстыру керектігін,  сол үшін Анкарада маңызды тұлғаларға арнап мұражай құру керектігін баса айтты.

Халықаралық жиынның келесі бөлімінде Үш арысты Анкарада ұлықтау үшін Қазақстаннан ат арытып келген белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері баяндама жасады. Мысалы Проф. Кенжехан Матіжанов «Илияс Жансүгіров және Ұлттық рух», Проф. Бауыржан Жақып «Бейімбет Майлиннің өмірі мен туындылары», Ертай Сұлтан «Сәкен Сейфуллин және түркі әлемі», Ерлан Төлеутаев «Сәкен Сейфуллиннің  музыкалық мұрасы» тақырыптарында үш бәйтеректің қазақ ұлтының тарихындағы орындары мен шығармашылық мұрасын талқылап берді.

Түркиядан да ғалымдар Проф. Мұстафа Өнер, Проф. Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун, Доц. Др. Джемиле Кынаджы тарихи деректерге сүйеніп,  үш арыстың қасиеттері, қазақ халқының тарихындағы маңызы мен тағылымдарын ашып айтты.

Сәкен Сейфуллиннің қандас тумасы София Сейфуллина да отбасынан естіген естеліктерін, ағасының тағдырын және тумаластарының басынан кешкендерін жеткізді.

Ғалым және мәдениет қайраткерлерінің өте мағыналы, салиқалы сөздерінен кейін Қазақстаннан осы шара үшін арнайы келген Бейбіт Мусаев пен Айдана Анапияева Сәкен шығармаларын орындап, қазақтың әсем әндерін шарықтатты.

Қазақ халқының үш бәйтерегі, адал перзенттері Сәкен, Илияс пен Бейімбеттің рухтары 23 қазан күні Түркияның Сакария қаласында да асқақтайды.



Ұқсас жаңалықтар