БҰҰ-ның бесінші симпозиумы Нұр-Сұлтанда басталды

Симпозиумға 40-тан астам елден 300 шақты делегат келді.

БҰҰ-ның бесінші симпозиумы Нұр-Сұлтанда  басталды

Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтанда бітімгершілік   технологиялардағы серіктестік бойынша БҰҰ-ның бесінші симпозиумы басталды.

«Болжам. Қорғаныс. Алдын алу»  тақырыбында  ҚР Қорғаныс министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығымен бірлесе ұйымдастырған бітімгершілік  технологиялардағы серіктестік бойынша БҰҰ-ның бесінші симпозиумына ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, БҰҰ Бас хатшысының жедел дайындық жөніндегі орынбасары  Атул Харе және бітімгершілік операциялар бағытындағы орынбасары Жан-Пьер Лакруа қатысып отыр. Симпозиумға сонымен бірге 40-тан астам елден 300 шақты делегат келді.

«БҰҰ симпозиумы маңызды халықаралық шара болып саналады. Бұл өз кезегінде Қазақстан БҰҰ тарапынан белсенді бітімгер мемлекет ретінде мойындалғанын, сондай-ақ БҰҰ-ның жалпы бітімгерлік күш-жігерінде біздің елдің табысты қызметін білдіреді»,- деді Н. Ермекбаев.

Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Қарулы Күштеріне бітімгершілік қызметті кеңейту керектігін атап өткенін білдірген министр бітімгерлер санына емес, сапаға екпін қоятындарына назар аударды.

Ермекбаев: «Бұл қызметшілер шет тілдерін еркін меңгеріп, ахуалды тұрақтандыруға ықпал ете алатын дағдыларды игеруі тиіс. Сондықтан да біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, яғни екпінді бітімгерлер санына емес, сапаға қоямыз. Бұл тұрғыда БҰҰ қолдауына үміттенеміз” деді.

«Бүгінде Батыс Сахара мен Ливанда қызмет етіп жүрген біздің бітімгершілердің біліктілігіне айтарлықтай жақсы баға беріліп отыр», - деді министр.

Бітімгершілік   технологиялардағы серіктестік бойынша БҰҰ-ның төртінші симпозиумы былтыр Германияда болған еді.



Ұқсас жаңалықтар