"Алаш туы астында" Анкарада көрсетілді

«Көкту» қоғамының ұйымдастыруымен деректі фильмнің Түркиядағы тұсаукесері Анкара қаласында өтті.

1111029
"Алаш туы астында" Анкарада көрсетілді
belgesel_film_Kazakistan_kazakça_Köktuğ_koktug (1).jpg
belgesel_film_Kazakistan_kazakça_Köktuğ_koktug (2).jpg
belgesel_film_Kazakistan_kazakça_Köktuğ_koktug (3).jpg
belgesel_film_Kazakistan_kazakça_Köktuğ_koktug (4).jpg
belgesel_film_Kazakistan_kazakça_Köktuğ_koktug (5).jpg
belgesel_film_Kazakistan_kazakça_Köktuğ_koktug (6).jpg

«Көкту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен "Алаш туы астында" атты деректі фильмнің Түркиядағы тұсаукесері Анкара қаласында өтті.

Бас қаланың қақ төріндегі тұсаукесерге Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кітапханалар және басылымдар бас директорының орынбасары Яхия Өзен, Хаджы Байрам Университетінің оқытушысы, Проф. Др. Хулия Касапоглу Ченгел, Мимар Минан Көркем өнер Университетінің оқытушысы, Проф. Др. Әбдуақап Қара, Доц. Др. Джемиле Кынаджы, Түріксойдағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев, түрік зиялылары, қазақстандық студенттер қатысты.

Беташар сөзінде Қазақстан елшісі Абзал Сапарбекұлы желтоқсан айының қазақ ұлты үшін ерекше маңызы бар екенін айта келе Алаш қозғалысы жөнінде түсірілген ең ауқымды фильмді түрік тіліне аударып, Түркияда көрсеткен Көкту қоғамына алғысын жеткізді. "Ұлт азаттық күрес жолында Міржақып Дулатов “Оян, қазақ!» деген болса, Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Оян, түркі әлемі!» деп шақырады" деген өкілетті елші енді түркі халықтарының тірілуі керектігін баса айтты.

"Алаш ұлттық қозғалысын бастаған зиялылар тек қазақ даласын ойлап қана қойған жоқ, олар бүкіл Орталық Азияның болашағын ойлады. Тәуелсіз мемлекет құра алмаса да, тәуелсіз мемлекетте болуы қажет барлық шешімдерді қабылдады" деді ол.

Проф. Др. Хулия Касапоглу Ченгел болса сөз кезегінде қазақ ұлт азаттық күресі өкілдері мен түріктің ұлт азаттық күресін жүргізген тұлғалар арасында өте жақын ұқсастық бар екенін атап көрсетті. "Олар - бірдей рух, бірдей тебіреністің тұлғалары. Қазіргі күні Сталин өз туған жерінде ұмытылған кезде, Алаш зиялыларын бүкіл түркі елдері әспеттеп еске алады" деді ол.

Проф. Др. Әбдуақап Қара болса өз сөзінде Алаш қозғалысының мәні мен маңызының тереңде жатқанын баса айтты. "Арадан 100 жыл өтсе де, болашақ ұрпақ оларды толық түсінуге әлі де талпынуда" деді ол.

Деректі фильм көрсетілімі Анкара тұрғындары, зиялы қауым өкілдер және жас зерттеушілердің көңілінен шықты.

Айта кетелік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе түсірген ұлт-азаттық Алаш қозғалысы туралы сыр шертетін «Алаш туы астында» деректі фильмі «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» деп аталатын үш бөлімнен тұрады.

Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді.



Ұқсас жаңалықтар