Анкарада бір көшеге Жамбыл есімі берілді
Бауырлас түрік елінде қазақтың алып жыршысы, домбырасын тастамай бір ғасыр өмір сүрген Жамбылға арнап бір көше берілді.




Қазақстан елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласының жаңғырығы Түркияға да келіп жетті. Осының бір белгісі ретінде бауырлас түрік елінде қазақтың алып жыршысы, домбырасын тастамай бір ғасыр өмір сүрген Жамбылға арнап бір көше берілді.
Анкарадағы дүбірлі той жексенбі күні қаланың ең ірі муниципалитеті Кечиөренде болды. Кечиөрен муниципалитеті, Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті елшілігі және Түріксойдың атсалысуымен өткен шара шуағын шашқан Есертепе ауданында өтті.
Шара осыдан екі жыл бұрын ашылған Сүйінбай Аронұлы атындағы саябақта болып өтті. Қуанышты шараға ҚР Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Кечиөрен муниципалитетінің төрағасы Мұстафа Ак, Қожа Ахмет Ясауи Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Муса Йылдыз, Еуразия Жазушылар Одағы басшысы Якуп Өмероғлу, аудан тұрғындары, журналистер мен зиялы қауым қатысты. Қазақстаннан Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімі Жандарбек Далабаев, академиктер Төлеген Қожамқұлов және Уалихан Қалижан бастаған делегация да ат арытып келді.
Салтанатты беташар қазақ елінен сүйінші хабарды естіп арнайы келген өнер қайраткерлерінің шағын концертімен басталды. Аудан тұрғындарының ықыласын аударған концерттен кейін шараны ұйымдастырушы ретінде Кечиөрен муниципалитетінің басшысы Мұстафа Ак қонақтарға үн қатты. Ак өз сөзінде жыл сайын бауырлас бір қалада ауызашар беретіндерін еске салып, биыл ауызашарда Қадір түні Қазақстанның Түркістан қаласында бас қосатындарын білдірді.
Сөз кезегін алған ҚР Өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы да түркі әлемінің, соның ішінде қазақтың рухани құндылықтарына құрмет көрсетіп, ұлықталуына ат салысып келе жатқан Мұстафа Ак мырзаға қазақ халқы атынан алғысын білдірді.
Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов та Анкарада Мұстафа Ак мырзаның түркі әлемінің ұлттық құндылықтарына мән беріп, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу үшін жұмыстанған Кечиөрен муниципалитетіне алғыс айтты.
Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімі Жандарбек Далабаев сөз кезегінде «Біз үшін бүгін тарихи оқиға болып жатыр. Екі жыл бұрын осында Сүйінбай Аронұлының атына саябақтың ашылуына куә болған едік. Енді міне, осы саябаққа жапсарлас көшеге Жамбыл есімінің берілуі – тарихи сабақтастық деп білемін. Біз де өз ауданымызда бір көшеге Кечиөрен есімін беруге шешім қабылдадық. Осы көшенің ашылу рәсіміне Мұстафа Ак мырзаны шақырамыз» деді. Артынан Далабаев Мұстафа Ак мырзаға Жамбыл қорының арнайы төсбелгісін табыс етті.
Түркістан қаласының әкімі Өтепбаев болса Түркістан халқы атынан сәлем жеткізе отырып, «Түркістан Түрік әлемі Мәдени астанасы ретінде түрік әлемінің рухани саласына жаңа серпін берері анық. Жыр алыбы Жамбыл бабаға көше берілуіне қатты ризамыз. Біз де Энгельс көшесінің атын өзгертіп, Мұстафа Кемал Ататүрік есімін берген едік. Ата жұрттан келіп, ана жұрттың игі істерін көріп, қуаныштымыз» деді.
Аталмыш жиын барысында құттықтау сөздерден кейін Сүйінбай Аронұлының монументіне гүл шоқтарын қойған лауазым иелері мен қонақтар артынан жыр алыбы Жамбылдың есімі берілген көшені салтанатты түрде ашты.
Енді Түркия елінің жүрегі Анкарада қаласында да түрік бауырлар мен олардың жаңа буын ұрпақтары Сүйінбай Аронұлы монументін көріп, артынан Жамбыл деген көше есімін оқып, бұлар кім екен деп ізденіп, оқып, қазақ бауырларының рухани әлемімен жақыннан таныс боларына шүба жоқ.