Қылыш Арслан ұлы Месутшах

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 4

1173339
Қылыш Арслан ұлы Месутшах

Анадолы Селчук мемлекетінің екінші сұлтаны Қылыш Арсланның 1107 жылы Мосул жорығында мезгілсіз қайтыс болуы жаңа мемлекетте тұрақсыздыққа себеп болды. Арадан үш жыл өткеннен кейін Қылыш Арсланның төрт ұлы бір-біріне қарсы тақ соғысын жүргізе бастады. Осы тақталасында Месут деген тақ мұрагері жеңіске жетіп, Анадолыда тұрақтылық орнатты. Олай болса бүгін Анадолы Селчук мемлекетінің сұлтаны Месутшах туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыздың толық аты мен атағы «Рукнеддин Месут» немесе жай ғана «І Месут» болып табылады. «Рукнеддин» жалпы мұсылман билеушілердің қолданған атағы. Мағынасы «діннің іргетасы». Ұлы тұлғамыз кейде Месутшах ретінде де айтылады. Ол 1095 жылы туып, 1156 жылы қайтыс болған. Анадолы селчук сұлтандарының арасында ең ұзақ билік құрған сұлтан.

Месутшахтың әкесі Анадолы Селчук сұлтандығының екінші билеушісі Қылыш Арслан. Шешесі - атақты Измир әміршісі Шақа Бейдің қызы Айша хатун. Қылыш Арслан Мосул жорығында қайтыс болғанда артында төрт ұл қалған еді. Ең үлкені Шахиншах аманат ретінде Ұлы селчуклы сарайында тұтқында болды. Одан кейінгі ұлы Тұрғыл Арслан Малатияда анасының қасында еді. Оны ол жерде сұлтан деп жариялаған болатын. Ал одан кейінгі ұлдары Месутшах пен Арабшахтың бұл кезде қай жерде болғандары нақты белгілі емес. Десе де, Тұғрыл Арсланның сұлтан болып жарияланғанына қарағанда, Месутшах пен Арабшахты да Анадолының әр жеріндегі рулар өздеріне сұлтан деп жариялаған болуы мүмкін. Бұл жердегі маңызды жайт бұл бекзадалардың барлығының жастары кішкене болғандығы еді. Барлығының жастары он жас шамасында болатын.

1110 жылы Қылыш Арсланның үлкен ұлы Шахиншах тұтқыннан босап келгеннен кейін төрт ағайынды арасында тақ таласы басталды. Шахиншах ең алдымен ұлы тұлғамыз Месутшах пен одан кейінгі інісі Арабшахты тұтқындады. Бірақ ұлы тұлғамыз бен Арабшах тұтқыннан қашып кетеді. Кейбір ғалымдар бұл жерде Шахиншахтың бір әміршісінің Месутшах жағына шыққандығын және соның көмегімен ұлы тұлғамыздың тұтқыннан қашқандығын жазады. Ұлы тұлғамыз тақ таласында жеңіске жету үшін өзіне мықты одақтас іздейді. Бұл одақтас Анадолының сол кездегі ең ықпалды бейлігі Данишменд әулеті болды.

Қылыш Арсланның өлімінен кейінгі кезеңде орталық биліктің жоқтығына байланысты Данишменд әулеті әбден күшейген болатын. Сондықтан Шахиншахтың тұтқыннан босап келіп, Анадолы Селчук мемлекетін қайта күшейтуі оларды үрейлендіре бастады. Осы орайда Данишменд бейі Әмір Гази Қылыш Арсланның ұлдарының біреуімен құда болып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келді. Ұлы тұлғамыздың Әмір Газиге одақтастық ұсынуы осыған дөп келді. Әмір Гази Месутшахқа қызын беріп, тақ таласында оған қолдау көрсетуге уәде берді.

1116 жылы Византиямен соғысып жатқан Шахиншах інісі Месутшахтың қалың қолмен әрекетке өткендігі хабарын алып, астанасы Конияға қайтуға мәжбүр болды. Бұл кезде Шахиншах пен Византия бітімге келген болатын. Алайда Шахиншах Византия императорының әскери қолдау көрсету ұсынысын қабылдамады. Шахиншахтың әскерлері Месутшахтың қолымен Ақшехир маңында қарсыласып, жақында орналасқан Тирагион қамалын паналауға мәжбүр болды. Ұлы тұлғамыз қамалды алып, ағасын тұтқындап кейінірек өлтіртті. Осыдан бастап, Месутшах Анадолы Селчук мемлекетінің сұлтаны атана бастады.

Таққа шыққан Месутшахтың екі мақсаты бар еді. Бұлардың біріншісі – Византияның қайта алып қойған жерлерін түріктерге қайтару, ал екіншісі – қалған бауырларының таққа таласын болдырмау. 1118 жылдың 15 тамызында Византия императоры Алексиустың өлімін орай деп білген Месутшах шабуылға өтіп бүгінгі Денизили маңын жаулап алды. Алайда жаңа император II Иоаннис 1119 жылы Анадолыға қарымта шабуыл жасап, бұл жерлерді қайтарып, тіпті 1120 жылы Анталияға дейінгі аумақты өзіне қаратып, түріктерді ол жерлерден қуып шықты.

Ұлы тұлғамыздың аға-інілерімен тақталасына келсек, деректерге қарағанда Арабшахтың ұлы тұлғамыздың билігін мойындағаны белгілі. Ал ағасы Тұғрыл Арсланның Малатияда өзін сұлтан жариялағанын есепке алсақ, екі ағайынды арасында соғыс болуы заңды құбылыс еді. Бұл жерде Айша хатунның саясаты маңызды болғаны байқалады. Айша хатун Анадолыдағы ықпалды бейлермен үйленіп, олармен одақ құрады. Осы одақтың арқасында Тұғрыл Арсланның билігі жалғасады. Алайда 1124 жылы Айша хатунның күйеуі Артықлы бейі Белек қайтыс болғанда, осы жағдайды пайдаланып, ұлы тұлғамыздың қайнатасы Әмір Гази Малатияға шабуыл жасайды. Қаланы алған Данишменд бейі Айша хатун мен Тұғрыл Арсланды өлтіртеді. 

Анкара, Кастамону мен Чанкыры аймағын басқарған Арабшах ағасы Месутшахтың Тұғрыл Арслан мен шешесін өлтіруіне наразылығын білдіріп, оған қарсы көтеріліс бастады. Бұл кезеңде Анадолыдағы көптеген бейліктердің Арабшах жағында болғаны байқалады. Өйткені ұлы тұлғамыз жеңілетінін білгендіктен Византияның астанасы Константинопольге барып қолдау сұрайды. Осы кезде 1126 жылы Арабшах Конияны басып алады. Алайда ұлы тұлғамыз Византия императоры II Иоаннистен қолдау алып, інісін жеңіп астанасын қайтарады. Тақталасынан бас тартқан Арабшах 1128 жылы қайтыс болады.

Осылайша, Месутшахтың билігі орныққан болды. Ал 1134 жылы қайнатасы Әмір Газидің қайтыс болуы Данишменд бейлігін әлсіретті. 1142 жылы Данишменд бейлігінің Кайсері, Сивас, Малатия болып үшке бөлінуі ұлы тұлғамызды одан сайын күшейтті. Ал батыс шепте болса Месутшах 1147 жылы Екінші Крестшілер жорығына шыққан еуропалық басқыншыларға Ескішехир маңында үлкен соққы беріп, әкесінің кегін алды. Ұлы тұлғамыз 1155 жылы Армян Киликия королдігімен соғыс барысында қайтыс болды.



Ұқсас жаңалықтар