Құталмышұлы Сүлейман Шах
Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 1

Ұлы Селчук Мемлекеті мен Византия арасында 1071 жылы Малазгирт деген жерде болған шайқас Анадолы аймағында жаңа бір түрік елінің қалыптасуының бастамасы болып есептеледі. Осы шайқастан кейін Иран мен Түркістан өңіріндегі түріктер Анадолыға қарай көше бастады. Бұл көштің арқасында Анадолыда жаңа бір мемлекет бой көтерді. Өздерін «Селчук-е Рұм» яғни «Рұм Селчукы» деп атайтын бұл мемлекетті біз «Анадолы Селчук мемлекеті» деп атаймыз. Осы мемлекеттің негізінде алдымен Осман империясы, сосын Түркия Республикасы пайда болды. Бүгінгі бағдарламамызда осы Анадолы Селчук мемлекетінің негізін қалаған Құталмышұлы Сүлейман Шах туралы сөз қозғаймыз.
Ұлы тұлғамыздың дәл қай жылы туылғаны белгісіз. Бірақ қайтыс болған күні 4 Маусым 1086 жыл болып табылады. Атасы Арслан Селчук әулетінің басы Селчук Бейдің ұлы және Тұғрыл Бектің ағасы еді. 1009 жылы Селчук Бей қайтыс болғаннан кейін Арслан «Ябғу» атағын алып оның мұрагері атанады. Алайда Селчук әулеті айналасына жиналған түркімендердің күшеюінен сескенген Газнелилер мен Қарахандар одақ құрып, ақырында 1025 жылы Газнелі Махмут айламен Арслан Ябғуды ұлы Құталмышпен бірге тұтқынға алады. Арслан Ябғудың тұтқында болуына байланысты інісі Тұғрылбек билікке шығады. Жеті жыл тұтқында қалған Арслан Ябғу сонда қайтыс болады. Бірақ ябғудың ұлы Құталмыш тұтқыннан қашып, көкесі Тұғрылбек құрып жатқан жаңа империяның негізін қалауға ат салысады. Сұлтан Тұғрылбектің батысқа жасаған барлық жорықтарына Құталмыш қолбасшы ретінде қатысады.
1061 жылы Құталмыш көкесі Тұғрылбекке қарсы бүлік шығарады. Бұның себебі Құталмыш өзін Ұлы Селчук мемлекетінің билеушісі ретінде көруіне байланысты еді. Тұғрылбек кезінде басталған бұл бүлік Чағрының ұлы Алпарслан кезіне дейін жалғасады. 1063 жылы Құталмыш Рей қаласының маңында Алпарсланмен болған шайқаста өледі. Әкесі өлгеннен кейін ұлы тұлғамыз Сүлейман Шах үш ағасымен бірге Анадолыдағы Торос тауларына қашып кетеді. Алпарсланның Құталмыштың ұлдарымен соғысында Сүлейман Шахтан басқа барлық балалары қайтыс болады. Десе де бұл бүлікті тыныштандырғаннан кейін Алпарслан Анадолының билігін Сүлейман Шахқа берді. Ұлы тұлғамыздың бұл билігі Алпарсланның мұрагері Мәлік Шахтың кезінде де жалғасты.
Византия шекарасында өз билігін орнықтырған Құталмышұлы Сүлейман Шах Византиямен күресіп, кейде византиялық бүлікшілерге көмек көрсетіп, өз билігіндегі жерлердің шекарасын кеңейтеді. Ұлы тұлғамыз 1075 жылы Анадолыдағы Византия империясының маңызды қалаларының бірі Изник және Измитті басып алды. Осылайша Сүлейман Шах Оңтүстік Мәрмәр аймағын бақылауына алды. Сонымен қатар, ол Чанаккале бұғазынан өтетін кемелерден салық алуды бастады.
1078 жылы Византия императоры VII Михайыл империяға қарсы бүлік бастаған Анадолы жағалауының әміршісі Никепорус Ботанеатқа қарсы Сүлейман Шахтан көмек сұрады. Сүлейман Шах Ботанеаттың Котяне мен Никея арасындағы шағын күшін оп-оңай жеңді. Бірақ бүлікшіл әмірші Сүлейман Шахпен келісім жасады. Бұл келісімге сай, Никепорус Ботанеат Византия тағына шаққан жағдайда түріктерге көп артықшылықтар беруге уәде берді. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз Византия тақ таласында Никепорус Ботанеат жағына шықты. Түріктердің қолдауын алған Никепорус тақ таласында жетістікке жетіп, «II Никофорос» атымен Византия тағына шығып, император атанды. Ал қолдауына алғыс ретінде Сүлейман Шах және оның түркімендеріне Константинопольдің қарсы бетіндегі Босфордың азиялық жағына қоныстануға рұқсат берілді. Осы жылы ұлы тұлғамыз «сұлтан» атағын алып астанасы Изник болған жаңа мемлекетінің дербестігін жариялады. Десе де Сүлейман Шах Ұлы Селчуктарға бағыныштылығын мойындады.
Никепорус Ботанеаттың түріктерің қолдауын алып, таққа шығуы басқа әміршілер үшін де үлгі болды. 1080 жылы Кіші Азияда жаңа бір бүлікші шықты. Никифор Мелиссин деген әмірші өзінің бағын сынап көргісі келді. Осы мақсатта ол Сүлейман Шахтан қолдау сұрады. Бірақ Никифор Мелиссин жорығы сәтсіз болып, ол таққа шыға алмады. Десе де, 1081 жылы Византия императоры Ботанеаттың орнына оны тақтан кетірген інісі Алексей Комнин деген император отырды. Жаңа император Кіші Азиядағы түріктерге беріп қойған жерлерді қайтару үшін жорыққа шықты. Филомелии деген жерде болған шайқаста Византия жағы түріктерді жеңді. Осы шайқастан кейін жасалған келісімшартқа сай Сүлейман Шах Измитті Византияға қайтарып берді.
Сүлейман Шах пен Византия арасында жасалған келісімшарт жаңа мемлекеттің батыс шекарасын бекітті. Ендігі кезеңде ұлы тұлғамыз өз назарын шығысқа бұрды. 1084 жылы Изник қаласында Әбілқасым деген руласын орынбасар ретінде қалдырған Сүлейман Шах оңтүстік шығысқа қарай жылжып отырып, бүгінгі Хатайдағы Антакия қаласына дейінгі аймақты өзіне қаратты. Ұлы тұлғамыздың келесі мақсаты Халеп қаласын алу болатын. Бұл мақсат Сириядағы Селчук сұлтандарының қарсы шабуылға өтуіне себеп болды. Бұл кезде Сирияда Сұлтан Алпарсланның ұлы Тұтыш әмірші болатын. Сонымен Тұтыш пен Сүлейман Шахтың әскерлері Халеп маңындағы Айн Сейлем деген жерде қарсыласты. Шайқаста Тұтыш жағы үстем шығып, сол шайқаста Сүлейман Шах қайтыс болды.
Айн Сейлем шайқасында қолға түскен Сүлейман Шахтың ұлы Қылыш Арслан Ұлы Селчук сұлтаны Мәлік Шахқа жіберілді. Мәлік Шах Қылыш Арсланды «аманат» ретінде Исфахан қаласында тұтқында ұстады. Сүлейман Шахтың орынбасары Әбілқасым мемлекетті басқаруға тырысса да, 1086-1092 жылдар аралығы Анадолы Селчук мемлекетінде тұралау кезеңі болып саналады.