Түрік әдет-ғұрыптары 08

Түрік мәдениетінде бала ұғымы - І / "Бала көтеру баланы қырқыннан шығару"

82639
Түрік әдет-ғұрыптары 08

Түрік мәдениетінде бала, тектің жалғасуы, ошақтың отының өшпеуі, отбасы құндылықтары, дәстүрдің жалғастырылуы өте маңызды. Адамның өмірінің маңызды өткелдерінің бірі – туу. Бала көтеру және босанғанға байланысты қалыптасқан әдет-ғұрыптар, дәстүр мен нанымдар жеке адам өмірінің, сондай-ақ қоғамдық өмірдің маңызды бөлімін қалыптастырады. Бүгінгі күні Анатолыда бала босану тақырыбында қалыптасқан көптеген әдет бар. Орталық Азиядан Анатолыға ананың балалы болғысы келген кезден бастап, бала көтеру, баланың туылуы және одан кейінгі нанымдар мен әдеттер қалыптасқан. Анатолыда бала Алла Тағаланың ең қымбат сыйы және аманаты ретінде қабылданады.
Баланың туылуы ерлі-зайыптының қоғамдағы орнын, абыройын арттырады. Қоғамның балаға деген көзқарасы мәдениетіміздің ең маңызды туындыларының бірі Қорқыт Ата хикаяларында кең орын алады. Баласы болмаған Дирсе Хан жұбайының талабына орай үлкен ас береді. Бай-кедей деместен баршаны шақырады. Аш адамды тойғызып, жалаңаш адамды киіндіреді. Қарызды адамды қарызынан құтқарады. Барша Дирсе Хан үшін дұға қылады. Хикаяға қарағанда осы дұғалардың арқасында Дирсе Хан балалы болады. Анатолыда баласы болмаған жұптар түрлі әдістерді сынап көреді. Медициналық әдістермен қоса кейде дәстүрлі әдеттер де жасалады. Бүгінгі күні Анатолыда да дұғалардың қабылдануы үшін адамдардың Қорқыт Ата хикаясында болғанындай ас беру, кедейлерге көмектесу, олардың дұғасының алынуы кең тараған.
* * *
Анатолыда баласы болмаған ерлі-зайыптылар медициналық әдістерден басқа әдеттерге де жүгінеді. Осылардың арасында дұға қылу, түрлі мазарлар мен кешенелерге барып, шүберек байлау, діни жағынан мықты деп есептелген кісілердің дұғасын алу баста келеді. Анатолыда қасиетті жерлерге зиярат жасағанда дұғаның қабыл болатыны және балалы болатыны нанымы кең тараған. Халық емшілік дәстүрінде де бала көтермеген әйелдер үшін түрлі емдеу әдістері мен дәрілер бар.
Бала анасының құрсағында бірсыпыра болымды және болымсыз қозғалыстар оған әсер етеді деп сенеді. Аяғы ауыр әйел сәбиін болымсыздықтардан қорғау үшін жағымсыз істерден аулақ тұрады. Бала тәрбиесі ана құрсағында басталады деген сеніммен аяғы ауыр әйел иесінен сұрамай ешнәрсе жемейді. Рұқсатсыз алып жейтін болса, бұл нәрестенің денесінде бір дақ ретінде шығады деген наным бар.
Бала көтерген әйел баласы ұқсамасын деп қоянға, тасбақаға, жыланға, аюға, маймылға, түйе мен тышқанға қарамайды. Баланың кімге ұқсайтынын қаласа, сол кісіге көп қарайды. Аяғы ауыр әйел күйеуін қатты жақсы көретін болса баласы күйеуіне, анасын жақсы көретін болса анасына ұқсайды деген наным да кең тараған. Бала көтерген әйел анар жесе, баласы сұлу болады және ұзақ жасайды, айва жесе бетінде шұңқыр болады, қара бұрыш жесе денесінде қара дақтар шығады, алтыншы айдан кейін жаңғақ жесе бала ақылды болады деген сенімдер де бар.
Аяғы ауыр әйел бір нәрсеге жерік болады. Егер бір жеміс, көкөніс немесе басқа бір нәрсеге жерік болса, дереу әкелінеді. Әйтпесе бала жетілмей қалады немесе кемшілікпен туады деген наным бар. Анатолыда жерік болған әйелге қалағанын беру үлкен сауап деп айтылады.
Туылатын баланың қыз ба, ұл ма болатыны - үлкен қызығушылық оятатын бір тақырып. Ультрасанографиялық жиһаздармен бұл оп-оңай көрінсе де баланың жынысын білу үшін Анатолыда әлі күнге түрлі әдістер қолданылады. Әйелдің физиологиялық көрінісіне, жеген нәрсесіне, қозғалыстарына, баланың ана құрсағында қимылдағанына қарап түрлі пайымдар мен болжамдар жасалады. Бұл пайымдар әр аймақта әртүрлі болады. Осыларға мысал келтіре кетейік. Егер бала көтерген әйел бейхабар түрде пышақ тұрған жастықтың үстіне отыратын болса ер бала, қайшы тұрған жастыққа отыратын болса қыз баласы болады деп айтылады. Сол секілді астына жіп пен мата қойылған көрпенің үстіне отырса, қызы, астына пышақ қойылған көрпенің үстіне отырса ер баласы болады.
Әйелдің жеген нәрсесіне қарап та баланың ұл ма, қыз ба болатыны жайлы болжамдар айтылады. Бала көтерген әйел қышқыл нәрсе жегісі келсе, қыз бала, тәтті жегісі келсе ұл бала болады деп сенеді. Кейбір өңірлерде де әйел ащы жесе ұл, тәтті жесе қыз болады деп айтылады. Аяғы ауыр әйелдің басына ол байқамай тұрғанда тұз қойылады. Әйел қолын алдымен мұрнына апарса ер бала, аузына немесе денесінің басқа бір жеріне апарса қызы болады. Құрсағындағы бала көп қимылдайтын болса ер бала, қимылдамайтын болса қыз бала деп болжалады. «Қарны үшкірлеу келген әйелдің ер баласы болады» деп те сенеді.
Егер қарны дөңгелек болса қыз туады деп айтылады. Ана болуға үміткер әйел сұлуланып, жанданып кетсе ер бала туады, келбеті бұзылса қыз бала туады деп сенеді. Бетінде қара дақ пайда болса ұл бала, сары дақтар шықса қыз бала болады делінеді.
Босанатын әйелді қайын енесі, өз шешесі және жақын тумаластары жалғыз тастамайды. Бұрын үйде босанатын кезде босанатын әйелдің шашының бұрымы ағытылып, үйдегі аузы жабық нәрселер ашылатын. Есіктер, сандық қақпақтары, терезелер ашылатын еді. Жеңіл босанған егде әйелдер жас әйелдің жауырынын сипалайды. Анатолыда плацентаға да көп маңыз бөлінеді. Орталық Азиядан Анатолыға плацентаға байланысты түрлі нанымдар бар. Плацента нәрестенің жолдасы деп есептеледі. Анатолы халқы оған құрмет көрсетіп, адам аяғы баспайтын жерге көмеді. Плацента қабығымен бірге туған баланың өмір бойы бағының ашық болатыны, осы қабықтың сақталуы керектігі, жат адам алса бағының ашылмай қалатыны айтылады.
Бала туылғаннан кейін сыртта күтіп тұрғандарға сәбидің жынысы айтылып, сүйінші беріледі. Анатолыда нәресте қыз болса «берекет», ұл болса «дәулет» болды деген наным кең тараған.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар