Түрік баспасөзіне шолу
Газеттер маңызды жаңалықтарға орын берген.
Хүрриет газеті «Президент Ердоған: Израиль Газа үшін жауап беруі керек» деген хабарға орын берген. Хабарға қарағанда Президент Режеп Тайып Ердоған кеше Әзербайжан астанасы Бакуде «Израильдің Палестина мен Ливанға шабуылдары жалғасуда. Израиль халықты үлкен қырғынға ұшыратуда. Осы ауыр гуманитарлық және экологиялық апатқа себепкер болғандар халықаралық сот алдында жауап беруі керек» деді.
Сабах газеті «Министр Байрактар «COP29» саммиті аясында Түркияның энергия және жаңартылатын энергияны арттыру туралы баяндады» тақырыбын қолданған. Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар Түркияның жаңартылатын энергия және энергия саласында мақсатқа жету үшін халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста болу керектігін айтты.
Стар газеті «Түркияның Израильге «аннексия» наразылығы: Біз мұны үзілді-кесілді қабылдамаймыз» атты жаңалық жариялаған. Кейбір Израиль билік өкілдерінің Батыс Шерияға қатысты мәлімдемелеріне Түркия Сыртқы істер министрлігі наразылық білдірді. Мәлімдемеде «Кейбір Израиль билік өкілдерінің Батыс Шерияны аннексиялауды жақтайтын мәлімдемелеріне наразылық білдіреміз» делінген.
Ватан газеті «Куртулмуш: Израильдің БҰҰ-ға мүшелігі тоқтатылуы керек» тақырыбында хабар жариялаған. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі төрағасы Нуман Куртулмуш кеше жасаған мәлімдемесінде «Нетаньяху мен оның жақтастары БҰҰ-ның шешімдерін және Халықаралық әділет соты шығарған шешімдерді орындағанша Израильдің БҰҰ-ға мүшелігі тоқтатылуы керек. Бұл пікірді айтудың уақыты келді, біз күресті жалғастырамыз» деді.
Хабер Түрік газеті «Түркияның Африка елдеріне экспорты 15 миллиард доллардан асты» атты жаңалыққа орын берген. Түркияның Африка елдеріне экспорты жылдың 10 айында 15 миллиард доллардан асты. Түркия Экспортшылар ассамблеясы деректеріне қарағанда Түркияның Африка елдеріне экспорты жылдың 10 айында 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайыз артып, 15,1 миллиард долларға жеткен.