Түрік баспасөзіне шолу
Газеттер маңызды жаңалықтарға орын берген.
Хабер Түрік газеті Түркияның терроризмге қарсы ұстанымы туралы хабар жариялаған.
Президенттің бас кеңесшісі Мехмет Учум терроризмге қарсы күрес туралы сөз сөйледі. Учум: «Таяу Шығыс аймағының болашағы Түркияның ұлттық қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін ешбір процесс, шешім немесе құрылымға ашық бола алмайды. Түркия бұған жол бермейді», -деді.
Ватан газеті Өмер Челиктің «TUSAŞ» туралы мәлімдемесіне орын берген.
Әділет және даму партиясының (AK Parti) ресми өкілі Өмер Челик Түрік Авиация және ғарыш өнеркәсібіне жасалған террорлық шабуылдың мақсаты Түркияның назарын аймақтық мәселелерден басқа жаққа аудару екенін айтты. Челик: «Біз Түркияда ішкі майданымызды қалай күшейтетінімізді, терроризм және айналамыздағы соғыс ошақтарымен қалай күресетінімізді жақсы білеміз»,- деді.
Стар газеті "Түрік Мемлекеттері Ұйымында ынтымақтастық қадамдары" атты хабар жариялаған.
Түрік Мемлекеттері Ұйымына мүше елдер арасында өнеркәсіп, ғылым және технология саласында ынтымақтастықты арттыру үшін 12 жұмыс тобы құрылды. Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Кажыр «Ғылым, технология, инновация және өнеркәсіп салаларында нақты жобаларды тез арада жүзеге асырамыз» деді.
Йени Шафак газеті ұлттық ұшақ «KAAN-ның» отандық киберқауіпсіздік жүйесімен жабдықталатынын хабарлаған.
Түрік қорғаныс өнеркәсібінің жетекші компанияларының бірі «STM» киберқауіпсіздік саласында жүргізіп жатқан жұмыстарымен назар аударады. Газеттің мәліметі бойынша «STM» ұлттық ұшақ «KAAN-ды» отандық киберқауіпсіздік жүйесімен жабдықтайды.
Сабах газеті "Жер мен аспан ақ пен қызылға боялады" деген тақырып қолданған.
29 қазан— Түркияның Республика күні. Республиканың 101 жылдығы "Түркия ғасырына" сай
Едирне қаласынан Карсқа дейін шарықтап тойланады. Мереке аясында ел астанасы Анкарада шеру өтеді. Түрік теңіз күштері 29 кемемен 29 портты аралайды. Мереке аясында Стамбулда «SOLOTÜRK», Измирде «Түрік жұлдыздарының» көрсетілім ұшуы секілді көптеген шаралар өтеді.