Түрік баспасөзіне шолу
Газеттер маңызды жаңалықтарға орын берген.
Йени Шафак газеті «Түркия Иранға соңғы рет ескерту жасады» деген хабарға орын берген. Түркия террор ұйымы PKK/YPG-ге ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандар жіберген Иранға ескерту жасады. Ирактың Сүлеймание қаласында Иран лауазым иелерімен кездескен түрік лауазым иелері ирандықтардың жүк жөнелту туралы айыпты жоққа шығарғаннан кейін дәлелдемелерді ұсынды. Иран PKK-ға тағы бір жүк жіберсе, Түркияның заңды нысанасы болады.
Хабер Түрік газеті «Стамбул әуежайында жаңа рекорд» атты хабар жариялаған. Стамбул әуежайы 30 маусымда барлық уақыттағы ең көп жолаушылар санына жетіп, рекорд жаңартты. Аталған күні Стамбул әуежайы барлығы 268 мың 275 жолаушыға, 205 мың 721-і халықаралық және 62 мың 554-і ішкі желілерде қызмет көрсетті.
Ватан газеті «Түркия делегациясы технологиялық базаға барды» деген хабарға орын берген. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Өнеркәсіп, Сауда, Энергетика, Табиғи ресурстар, Ақпарат және Технологиялар комиссиясы Қытайдағы технология компаниясын «Huawei»-дің нысандарын тексерді. Комиссия төрағасы Мұстафа Варанк алдағы кезеңде Қытай компанияларының Түркияға көбірек қызығушылық танытатынын айтты.
Стар газеті «Орталық банк резервтерінің өсуі» атты хабар жариялаған. Қазына және қаржы министрі Мехмет Шимшек Түркияға ресурстар ағынының өте күшті екенін айтты. Шимшек наурыз айынан бері Орталық банкке 78 миллиард долларлық резерв ағыны болғанын атап көрсетті. Шимшек «Резервтік жеткіліктілікте қалаған деңгейге дерлік жеттік» деді.
Хүрриет газеті «Майк Тайсоннан Түркияға қолдау» деген хабарға орын берген. Барлық уақыттағы ең ұлы боксшылардың бірі саналатын Майк Тайсон ЕУРО-2024-те Австрияға қарсы Түркия құрамасын қолдады. Майк Тайсон Берлинде өзі үшін арнайы жасалған түрік елтаңбасы мен туы бар қолғапқа қол қойды. Тайсон қол қойған қолғаптың бірін Түркия ұлттық құрамасына сыйға беретінін айтты.