Түрік баспасөзіне шолу
Түрік баспасөзінің басты тақырыптары.

Хабер Түрік газеті «Ердоған: Біз сириялықтарды жібере бастадық» деген хабарға орын берген. Президент Режеп Тайып Ердоған еліндегі азаматтық соғыстан қашып Түркияны паналаған сириялықтардың аман-есен үйлеріне жөнелтіле бастағанын мәлімдеді. Ердоған «Сирияның солтүстігінде 1 миллион босқынды орналастыратын үйлердің құрылысы жалғасуда» деді.
Хүрриет газеті «Түркия мен Катар Сирияда үй салып жатыр» атты хабар жариялаған. Түркия мен Катардың ынтымақтастығымен Сирияның 9 түрлі аймағында 1 миллион адам тұратын 240 мың үйдің бірінші кезеңінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Жараблустағы салтанатта сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу «554 мың ерікті Сирияға қайтарылды» деді.
Сабах газеті «Түркияның тұңғыш қарулы ұшқышсыз теңіз көлігі SİDA» деген хабарға орын берген. Президент аппаратының жанындағы Қорғаныс өнеркәсібі төрағасы Исмаил Демир қарулы ұшқышсыз теңіз көлігінің (SİDA) Көгілдір Отанның жаңа күші болатынын айтты. НАТО жаттығуларында да назар аударған SİDA-ның теңізден теңізге және теңізден теңіз астына шабуыл жасай алатын жағдайда екенін атап көрсеткен Демир «Біз әр салада табандымыз. Біз алға қарай ілгерілейміз» деп көрсетті.
Йени Шафак газеті «Грек баспасөзі: Түркия мықты күшке айналды» атты хабар жариялаған. Грекияның «SL Press» газеті Түркияның барлық салада ілгері және мықты күшке айналғанын жазды. Газет Түркияның Еуразия, Балқан және Ислам әлемімен маңызды сауда қарым-қатынастарын дамытқанын жазды. Газет сонымен қатар Түркияның автомобиль өнеркәсібінде, кеме жасау және жөндеуде әлемнің алғашқы 10 елінің қатарында екенін мәлімдеді.
Стар газеті «Қаратеңізде сүйінші» деген хабарға орын берген. Энергетика және табиғи ресурстар министрі Фатих Дөнмез «Шығыс Қаратеңіз аймағында мұнай байлықтары бар. 2023 жылдың соңына дейін Орду және Ризе теңіздерінде барлау бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Біздің мақсатымыз Ордудан табиғи газ, Ризеде мұнай шығару» деген сөздер қолданды.