Түрік баспасөзіне шолу
Газеттер маңызды жаңалықтарға орын берген.

Йени Шафак газеті «23 сәуір шаттығы» деген хабар жариялаған. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің ашылғанына 103 жыл толуы мен 23 сәуір Ұлттық егемендік және балалар мерекесі елдің түкпір-түкпірінде шаттықпен тойланды. Мерекеге орай Түркияның 81 қаласында салтанатты шара өтті. Жексенбі күніне және Ораза айтқа сәйкес келгендіктен, кеше басталған мерекелер апта бойы жалғасады.
Хабер Түрік газеті «Әлемдегі алғашқы «қарулы ұшқышсыз әуе көліктері ұшып қонатын» кеме президент Ердоғанға сәлем берді» деген хабар жариялаған. Қарулы ұшқышсыз әуе көлігі ұшып қонатын әлемдегі алғашқы кеме «TCG Anadolu» 23 сәуір Ұлттық егемендік және балалар мерекесінде Босфор бұғазынан өтті. Босфор бұғазынан өтіп бара жатып президент Режеп Тайып Ердоғанға да сәлем берді.
Сабах газеті «Даңқ пен мақтаныш» деген тақырып қолданған. Президент Ердоған ең үлкен арманы «TCG Anadolu» жобасын жүзеге асырғандарын білдірді. Ендігі мақсаттың бұдан да үлкен кеме жасау екенін атап көрсеткен Ердоған «Осы тақырыпта испандар және ағылшындармен кездесу өткіздім. Осы келіссөздердің нәтижесінде екі жақтан да өте жағымды жауап алдық» деді.
Стар газеті «Неміс саясаткерінен Түркияға мақтау» деген хабар жариялаған. Неміс саясаткері әрі жазушы Кристоф Хорстел Түркияның тәуелсіз саясаттарын мысалға келтірді. Германияның Вашингтоннан тәуелсіз болуы үшін Түркияның саясатын ұстануы керектігін айтқан Хорстел Еуропаны дұрыс жолға салатын мемлекет қайраткерінің президент Режеп Тайып Ердоған болатынын білдірді.
Хүрриет газеті «Forbes-тен «TB2» пікірі» деген хабарға орын берген. Әлемнің көптеген еліне экспортталатын, соғыс кезінде де, бейбіт күнде де міндет атқаратын түрік қарулы ұшқышсыз ұшу аппараттары бұл жолы Америка баспасөзінің күн тәртібінде. Түрік қорғаныс өнеркәсібінің жетекші фирмаларының бірі «Байкар»» шығарған ұшқышсыз ұшақтарға назар аударған «Forbes» журналы керемет талдау жариялады. Журнал «Түрік ұшқышсыз ұшақ өнеркәсібі арадан өткен бірнеше жылда дүние жүзіндегі ондаған ел сұраныс берген «Bayraktar TB2» ұшқышсыз ұшағымен өркендеді» деп жазды.