Түрік баспасөзіне шолу

Түрік баспасөзінің басты тақырыптары.

1871256
Түрік баспасөзіне шолу

Хабертүрік газеті «Ердоған: Мақсатымыз Путин мен Зеленскийдің басын қосу» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияның Ресей мен Украина арасындағы соғысты бейбіт түрде аяқтау үшін бар күш-жігерін жұмсағанын тілге тиек етті. Екі ел басшыларымен келіссөз жүргізгенін атап көрсеткен Ердоған «Путин мен Зеленскийдің Түркияда басын қосып, дағдарысты түбегейлі шешуді мақсат етеміз» деді.

Ватан газеті «Акар: Алдағы күндері дәнді дақыл тасымалы одан да артады» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда Украина порттарынан дәнді дақыл тасымалы жалғасуда. Ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар 1 тамыз күнінен бері Украина порттарынан 721 мың 449 тонна астық жөнелтілгенін мәлімдеді. Акар алдағы күндері жөнелтудің одан да арта түсетінін айтты.

Стар газеті «Боррель: Астық жөнелту Түркияның арқасында жүзеге асты» тақырыпты хабарға орын берген. Хабарға қарағанда Еуроодақтың Сыртқы байланыстар және қауіпсіздік саясаты жоғары өкілі Жосеп Боррель Түркияның арқасында Украина порттарынан астық дәлізінің ашылғанын білу керектігін тілге тиек етті. Боррель «Біз айтып отырған астық 20 миллион тоннаны құрайды. Егер әлемде 20 миллион тонна дәнді дақылға, күнбағысқа тосқауыл қойылса, бұл кейбір адамдар тамақ іше алмайды деген сөз» деді.

Йени Шафак газеті «Немістер шешімін Трабзоннан тапты» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан Еуропа үлкен энергетикалық сынақтан өтуде. Германия, Франция сияқты елдерде әсіресе қыста “көгілдір отын тапшылығы болады” деген ой бар. Немістер шешімін Трабзоннан тапты. Электр жылытқыштарын шығаратын кәсіпорын әсіресе Еуропа елдерінен келетін тапсырыстардың артуына байланысты күнделікті өндірісін 300-ден 700 жылытқышқа дейін ұлғайтты. Швецияда, Нидерланды және Францияда алдын ала тапсырыс бере бастады.

Хүррийет газеті «Түркияға келетін турист саны 53 пайызға артты» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда шілде айында Түркияға келген шетелдік турист саны өткен жылдың бірдей айымен салыстырғанда 52,84 пайыз артып, 6 миллион 665 мың 129 болды. Шілде айында ең көп турист жіберген елдер рейтингінде Германия 14,43 пайызбен бірінші, Ресей 11,12 пайызбен екінші, Ұлыбритания 8,19 пайызбен үшінші орын алды.



Ұқсас жаңалықтар