Түрік баспасөзіне шолу

Түрік баспасөзінің басты тақырыптары

1640616
Түрік баспасөзіне шолу

Сабах газеті «Ердоғанның Палестина мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы туралы мәлімдемесі» тақырыпты хабарға орын берген. Хабарға қарағанда президент Режеп Тайып Ердоған Сабах газетіне мәлімдеме жасады. «Израиль деген террор мемлекеті төккен қанға үні шықпағандар бір күні бұл процестің өздеріне айналатынын жақсы білсін» деген Ердоған «Кипр түрік халқының құқығын соңына дейін қадағалаймыз. Бірақ мынаны айтқым келеді, біз өзімізден басқа ешкімге сенбейміз» деді.

Ватан газеті «Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Израильдің қылмыстарын дереу күн тәртібіне алуы керек» атты хабарға орын берген. Хабарға қарағанда Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (ТҰҰМ) төрағасы Мұстафа Шентоп БҰҰ жасаған Израиль мен Палестинаға «қақтығыстарды тоқтату» шақыруының жеткіліксіз екенін мәлімдеді. Шентоп «БҰҰ Израильдің азаматтық қырғындарын, мемлекеттік террорын және адамзатқа қарсы қылмыстарын дереу күн тәртібіне алуы керек» деді.

Хабер түрік газеті «Израильдің шабуылдарына үнсіз қалу қабылданбайды» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда Израильдің шабуылдарына қарсы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің үнсіз қалуының «қабылданбайтынын» атап көрсеткен Түркияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Феридун Синирлиоғлу «Палестиналықтар үшін халықаралық қорғау механизмі құру керек» деген ұсыныс жасады.

Йени Шафак газеті «Палестина үшін Ливия моделі» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда адмирал Джихат Йайджы Түркияның Ливия сияқты Палестинамен де теңіз жауапкершілік келісіміне қол қоюды ұсынды. Түркияның теңізден Палестинаға көрші болатынын атап көрсеткен Йайджы «Солтүстік Кипр Түрік Республикасымен (СКТР) 2011 жылы қол қойған қайраңдарды шектеу туралы келісім мысал бола алады. Бұл келісім СКТР БҰҰ мүшесі болмаса да жарамды. Сол сияқты бұл келісімді Палестинамен де жасау мүмкін» деді.

Cтар газеті «АҚШ-тың Израильге көрсеткен көмегі адамгершілікке жатпайды» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда Израильдің Газадағы палестиналықтарға шабуылдары жалғасып жатқан кезде американдық демократ-сенатор Берни Сандерс Израильге жыл сайын шамамен 4 миллиард долларлық әскери көмек беретін Америка Құрама Штаттары (АҚШ) әкімшілігіне наразылық көрсетті. Сандерс «АҚШ-тың көмегін адам құқығын бұзуды қолдау үшін пайдалану заңсыз. Дереу атысты тоқтату шақыруы жасауымыз керек» деді.



Ұқсас жаңалықтар