Түрік баспасөзіне шолу

Түрік баспасөзінің басты тақырыптары

1580654
Түрік баспасөзіне шолу

Ватан газеті «Президент уақытын жариялады –2023 жылы Айға шығамыз»тақырыпты хабарға орын берген.  Хабарға қарағанда Президент Режеп Тайып Ердоған кеше бас қала Анкарадағы Миллет конгресс және мәдениет орталығында болып өткен "Түркияның Ұлттық Ғарыш бағдарламасын таныстыру" жиналысында үн қатты. Ердоған «Ұлттық Ғарыш бағдарламасында бірінші және басты мақсат Республиканың 100 жылдық мерейтойында (2023) Аймен алғашқы қатынасты орнату. Құдай қаласа Айға барамыз. Дайындықтары басталған Ай бағдарламасымен бұл нысананы екі сатыда жүзеге асыруды жоспарлаймыз» деді.

Йени Шафак газеті «Президенттік аппараттың баспасөз хатшысы Калын Макронның дипломатиялық кеңесшісі Боннмен сөйлесті» атты хабарға орын берген. Хабарға қарағанда Президенттік аппараттың баспасөз хатшысы Ибрахим Калын кеше Франция президенті Эммануэль Макронның бас дипломатиялық кеңесшісі Эммануэль Боннмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында екіжақты қарым-қатынастар, Түркия-Еуроодақ ынтымақтастығы, Жерорта теңізінің шығысы, Таулы Қарабах, Сирия және Ливия тақырыптары талқыланды.

Хүррийет газеті «Өмер Челик партиясының Орталық шешім қабылдау және атқару кеңесі жиналысының артынан мәлімдеме жасады» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда Әділет және даму партиясының мәлімдемешісі Өмер Челик кеше партиясының Орталық Атқару кеңесі отырысынан кейін жасаған мәлімдемесінде түрік сарбаздарының Кипрдегі болмысының тұрақты екенін және сол жерден шығарылмайтынын атап көрсетті.

Сабах газеті «ТӘЖ қайтадан бірінші орында» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда Еуропалық аэронавигациялық қауіпсіздік ұйымы (EUROCONTROL) мәліметтері бойынша Түрік Әуе жолдары (ТӘЖ) орта есеппен бұл айдың алғашқы аптасында күніне 588 рейспен Еуропадағы бірінші орнын сақтады. Air France тәулігіне 381 рейспен екінші орынға көтерілді.

Хабер түрік газеті «Қаңтар айында шай экспортынан 1,6 миллион доллар табыс түсті» атты хабар жариялаған. Хабарға қарағанда Түркиядан қаңтар айында әлемнің 60 еліне 392 тонна шай экспортталып, 1 миллион 643 мың 128 доллар табыс түсірілді. Бельгия, Германия және Израиль ең көп шай экспортталған елдер болды.



Ұқсас жаңалықтар