Қара шоколад екінші типті қант диабеті қаупін азайтады
Бұл туралы британдық «The British Medical Journal» медициналық журналында ғылыми мақала жарияланды.
Британдық «The British Medical Journal» (BMJ) медициналық журналында жарияланған зерттеуде аптасына 5 немесе одан да көп қара шоколад тұтыну екінші типті қант диабеті қаупін 21 пайызға төмендететінін көрсетті. Қытай мен АҚШ-та зерттеу жүргізген зерттеушілердің «Шоколад тұтыну және екінші типті қант диабеті қаупі» атты мақаласы британдық «BMJ» апталық медициналық журналында жарияланды.
1986-2021 жылдар аралығында шамамен 192 мың 28 адамға жүргізілген зерттеуде шоколад тұтынудың екінші типті қант диабетіне әсері және 111 мың 654 адамға жүргізілген зерттеуде шоколад түрлерінің (сүт қосылған және қара шоколад) әсері анықталды.
Қара шоколадтың екінші типті қант диабетіне әсері зерттелген топта қант диабетінің бұл түрі тек 18 мың 862 адамда, басқа топта 4 мың 771 адамда анықталған.
Зерттеу нәтижесінде кез келген шоколадты жейтін адамдарда екінші типті қант диабетінің қаупі шоколадты аз тұтынатын немесе мүлдем жемейтіндерге қарағанда 10 пайызға аз екені анықталды.
Аптасына 5 немесе одан да көп мөлшерде қара шоколад тұтынушыларда екінші типті қант диабетінің қаупін 21 пайызға төмендетсе, сүт қосылған шоколад айтарлықтай әсер етпегені байқалған. Сүт қосылған шоколад салмақ қосуға әсер етсе, қара шоколад құрамындағы ақуыздар ісінуді азайтып, жүрек-қан тамырларын қорғайтыны және антиоксиданттық қасиеттерге ие екендігі анықталған.
Зерттеуге қатысушылардың диетасы 4 жыл сайын өзгертіліп салмақ, физикалық белсенділік және тамақтану әдеттері туралы ақпарат жүйелі түрде жинақталған зерттеуде қара шоколадтың мөлшерін арттырудың әсері де зерттелді. Әр апта мөлшер ұлғайған сайын екінші типті қант диабетінің қаупі 3 пайызға төмендеген.
Зерттеуде қара шоколадты тұтынудың тәуекелді азайту мүмкіндігіне ие екені, бірақ көбірек зерттеу жүргізу арқылы расталуы керектігі айтылған. Сонымен қатар 2019 жылы әлемде екінші типті қант диабетімен ауыратындардың саны 463 миллион адам болса, 2045 жылы бұл көрсеткіш 700 миллионға дейін артады деген болжам жарияланған.