Әмір Шопан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 52

1346965
Әмір Шопан

Ирандағы Елхан мемлекеті ыдырағаннан кейін ол жерде бірнеше ел пайда болды. Атап айтқанда Шопан әулеті, Жалайырлар әулеті, Мұзаффар әулеті және Інжу әулеті ықпалды болды. Бұл әулеттер алдымен Аққойлы және Қарақойлы мемлекеттерінің құрамына енді. Артынша шығыстан келген Әмір Темір бұл әулеттердің барлығын өзіне қаратты. Осы елдердің арасында Әмір Шопанның ұрпақтары Оңтүстік Кавказ бен Анадолыда өз мемлекеттерін құрды. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы әулеттің негізін қалаушы Әмір Шопан мен оның ұрпақтары туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз моңғолдың сұлдыз руынан болады. Шыңғыс ханның кезінде сұлдыздар тайжуыт елінің құрмында болатын. Ал тайжуыттар Шыңғыс ханға жау еді. Шыңғыс хан жас кезінде тайжуыттардан қашып бір арыққа тығылады. Әмір Шопанның арғы аталарының бірі Сорған Шира Шыңғысты көрсе де, оны әшкерелемейді. Артынша Шыңғыс Сорған Шираның үйін паналайды. Осы кезде Сорған Шираның ұлы Шилауын мен Шыңғыс арасында достық пайда болады. Кейіннен Шыңғыс өз елін құрып, «кешік» деп аталатын төрт бөліктен тұратын өз жасағын қалыптастырғанда, Шилауын бір бөліктің қолбасшысы болады. Басқаша айтқанда, Әмір Шопанның арғы атасы Шилауын Шыңғыс ханның ең сенімді адамдарының бірі еді. Құлағудың батысқа жорығында Шилауынның баласы Тудахун да қол бастайды. Бірақ 1277 жылы Элбистанда мәмлүктер мен елхандар арасында болған шайқаста Тудахун қайтыс болады.

Тудахунның немересі ұлы тұлғамыз Шопан елхан билеушісі Қазан ханның кезінде маңызды мансапқа ие болады. Бұл кезде бұрынырақ «ноян» деп аталатын атақ арабша «әмір» болып өзгергендіктен ұлы тұлғамыз Шопан Ноян емес, Әмір Ноян деп аталады. 1295 жылы болған таққа таласта және Қазан ханның Сирияға ұйымдастырған үш жорығында да Әмір Шопан шешуші рол ойнады. Атап айтқанда Әмір Шопанның қолы тақ таласында ханзада Наурыздың жақтастарын жеңіп, Қазанның таққа шығуына жағдай жасады. Ал 1303 жылы Сирия жорығына ұлы тұлғамыз басты қолбасшылардың бірі ретінде атсалысты.

Олжайту ханның кезінде де Әмір Шопанның абыройы жоғары болды. Ұлы тұлғамыз 1305 жылы Олжайтудың қызы Дәуленді қатынмен үйленді. 1307 жылы Гилан аймағында ірі көтеріліс басталды. Осы мәселені шешу үшін Әмір Шопан мен басқолбасшы Құтлықшах тапсырма алды. Ердебилден жорыққа аттанған ұлы тұлғамыз Астара мен Гискар қамалдарын соғыспай келіссөз арқылы алды. Бірақ Құтлықшах оншалықты табысты болмады. Көтерілісшілермен шайқаста Құтлықшах қайтыс болды. Осыдан кейін Әмір Ноян «ұлыс әмірі» атағын алды. Басқаша айтқанда, басқолбасшы болып тағайындалды. Осыдан бастап ұлы тұлғамыз Елхан мемлекетіндегі ең күшті адамдардың біріне айналды.

1316 жылы Олжайту хан қайтыс болды да, оның орнына Әбу Саид таққа шықты. Жаңа хан да Әмір Шопанның басқолбасшы атағын бекітті. Десе де елдегі кейбір әмірлер ұлы тұлғамыздың көрін қаза бастады. Әсіресе Севинч ноян Әмір Шопанға қарсы көп айла ұйымдастырды. Осы бақталастықта ұлы тұлғамыз сарайдағы уәзірлердің ықпалын азайту үшін 1318 жылы бұрынырақ сарайдан қуылған атақты «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегінің жазушысы Рашид әд-диннің сарайға қайта келуіне жол ашты. Дегенмен, көп уақыт өтпей Рашид әд-дин Олжайту ханды өлтірді деген айыппен өлім жазасына кесілді.

1319 жылы Алтын Орда билеушісі Өзбек хан қалың қолмен Оңтүстік Кавказ аймағына кіріп келді. Бұл шабуылға төтеп беру үшін Әбу Саид хан жорыққа аттанды. Бұл кезде Әмір Шопан Шағатай ханы Ясауырдың шығыстан шабуылына қарсы соғысып жүрген болатын. Әбу Саидтің көмек сұраған хатын алған ұлы тұлғамыз өзінің әскерлерімен Кавказға аттанды. Бұл кезде Әбу Саид ханның айналасындағы қолбасшыларының көпшілігі ханды тастап кеткен болатын. Әмір Шопанның қолы келіп әрең дегенде ханды аман алып қалады.

Осы жағдайдан кейін Әбу Саид сатқындардың соңына түсуі үшін Әмір Шопанға кең өкілеттілік береді. Тергеу барысында ханның інісі Ереншынның бүлік ұйымдастырғаны аян болады. Осы науқан кезінде ұлы тұлғамыз барлық қарсыласының көзін жояды.  1319 жылы Ереншынмен Мияне деген жерде болған шайқаста жеңіске жеткен Әмір Шопан елдегі ең ықпалды адамға айналады. Ұлы тұлғамыз ханның Сәтібек деген қарындасына үйленеді.

1322 жылы Әмір Шопанның Анадолыда әмірші болып тұрған Темірташ деген баласы орталыққа қарсы көтеріліс бастайды. Бұл дағдарысқа ұлы тұлғамыз араласып, Темірташ ноянды райынан қайтарады. Бұл одан әрі Әмір Шопанның абыройын асқақтата түседі. 1325 жылы ұлы тұлғамыз Өзбек ханның тағы бір жорығына тойтарыс берді. Тіпті Кавказ тауын асып, Көк орданы да басып алды. Әбу Саидтің ұсынысымен Ұлы қаған Есун Темір тарапынан Әмір Шопанға «Моңғол ұлысының бас қолбасшысы» деген атақ берілді.

Дегенмен, ұлы тұлғамызды шектен тыс күшеюі оның жауларының да санын арттыра түсті. Әбу Саид та әмірден қауіптене бастады. Бұл жағдайды ханның Әмір Шопанның қызы Бағдат қатынды алуы да өзгерте амады. Осындай қиын кезде Әмірдің Димашық Қожа деген ұлының қазынаны албат қолдануы Әбу Саидтің наразы болуына себеп болды. Бұл орайды хан Шопанұлдарын тазалау үшін қолданды. Әбу Саид Димашық Қожадан бастап, көптеген Шопан әулеті мүшелерін қырды. Хорасанға қашқан ұлы тұлғамыз қастандықтан опат болды. Дегенмен қызы Бағдат қатынның өтінішімен ұлы тұлғамыз Мәдинаға жерленді.



Ұқсас жаңалықтар