Қаламұлы Қара Иса және Кареси Бейлігі

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 34

Қаламұлы Қара Иса және Кареси Бейлігі

Анадолыда құрылған түрік бейліктерін екіге бөлуге болады. Олардың бір бөлігі Малазгирт шайқасынан кейін құрылса, екінші бөлігі Көседағ шайқасынан кейін құрылған. Бірінші бөліктегі бейліктер негізінен Анкара мен Конияның шығысында орналасса, екінші бөліктегі бейліктер бұл қалалардың батысында құрылған. Бірінші бөліктегі бейліктерді Ұлы Селчуклы сұлтаны Алпарслан және Сүлейменшахпен бірге келген оғыздар қалыптастырса, екінші бөліктегі бейліктерді негізінен Шыңғысханның жорықтары кезінде Түркістан мен Ираннан қашқан оғыз және қыпшақ-қаңлы рулары құрған. Осы тұрғыдан қарағанда бірінші бейліктер мен екінші бейліктердің арасында көп байланыс жоқ. Бірақ бұл негізгі тұжырымдамаға сәйкепейтін бейліктердің бірі Кареси бейлігі болып табылады. Өйткені ол батыс Анадолыда құрылса да, оны құрған бейлердің шежіресі шығыс Анадолыдағы бейліктерден бастау алады. Бүгінгі бағдарламамызда осы бейліктің құрушысы Қаламұлы Қара Иса Бей және ол құрған Кареси бейлігі туралы әңгіме қозғаймыз.

Кіші Азия түбегінің солтүстік батыс бөлігі Византия мемлекетінің ең мықты болған жері еді. Әсіресе 1204 жылы крестшілердің Константинопольді басып алуына байланысты византиялықтар Анадолыға қашып, ол жерде астансы Изник болған Никея империясын құрған болатын. 1261 жылы византиялықтардың крестші-латындардан Константинопольді азат етуімен бірге империяның негізгі бөлігі Рұмеліге қарай ауды. Осыған байланысты Византияның Сакария өзенінің сол жағасындағы қамалдарды қорғау қиындай түсті. Бұл жағдайды пайдаланған түріктер батысқа қарай өз аумақтарын кеңейте бастады. Осы түріктердің басында Қалам Бей және оның ұлы Қара Иса Бей бар болатын.

Бұл бейлердің тегі туралы көп ақпарат жоқ. Тек Токат қаласы маңынан табылған бір ескерткіште Қалам Бейдің Сұлтан Алпарсланның қолбасшыларының бірі болған Данишменд Бейдің ұрпағы екендігі туралы мәлімет бар. Осыған қарағанда селчуклы сұлтандары Данишменд бейлігі ыдырағаннан кейін әулеттің мүшелерін батыс шекараларға «ұш бейі» яғни «шекара қорғаушылары» ретінде тағайындаған болуы керек.

1295 жылы Қалам Бей мен Қара Иса Бей ұш бейлері ретінде Селчуклы сұлтанынан Ердек маңын алды. Алдымен олар Гермиянұлдарының қарамағында әрекет етіп жүрді. Бірақ уақыт өте келе Қара Иса Селчуклы мемлекетінің әлсіреуін пайдаланып, өзінің дербестігін жариялады. Қара Иса аты уақыт өте келе Қараси болып аталып кетті. Осыған байланысты бүгінгі деректерде бейліктің аты Кареси Бейлігі болып өтеді.

Он үшінші ғасырдың соңында Қара Иса Бей Ердек, Бига, Эдремит, Бергама сияқты Византия қалаларын жаулап алып, ежелгі заманда Мисия деген атпен танымал Балықесир, Бергама және Чанаккале жерлерінің көп бөлігін өзіне қаратты. Түріктердің бұлай батысқа қарай жылжуы Византияның қарсы қадам жасауына себеп болды. Византия императоры II. Андроникос түріктерді тоқтату үшін Аландармен одақ құрады. 1300 жылы императордың ұлы IX. Майклдың қолбасшылығындағы Византия-Алан біріккен күштері Манисада Гедиц өзенінің маңында ордасын құрды. Қара Иса Бейдің әскерлері оларға қарсы шабуылға өтеді. Бұл шабуылға төтеп бере алмаған Византия-Алан біріккен күштері шегінуге мәжбүр болады. Осылайша Византияның бұл жорығы сәтсіздікке ұшырайды.

Дегенмен Византия түріктердің батысқа жылжуын тоқтатуға тырысудан оңайшылықпен бас тартпайды. 1301 жылдан бастап, II. Андроникос жалдамалы әскерлерді Кареси түрікмендеріне қарсы жолдап отырады. 1304 жылы Византия империясы Каталан кәсіби әскерлерін жалдап, оларды Кизикос аймағына жіберді. Каталандықтардың шабуылына ұшыраған түріктер көп шығын береді. Каталандықтар он жастан асқан барлық ер адамдарды өлтіріп, аймақты өртеп жіберді. Бұл жауыздық түріктердің арасында үрей туғызу үшін керек болатын. Сондықтан Кареси бейлігінде 1302-1308 жылдар аралығында тоқырау кезеңі болды.

Осы тоқырау кезеңінде Рұмеліден келген түріктер Кареси бейлігін күшейткен болатын. Бұл түріктер 1264 жылы Синоптан Қырымға, ол жерден Рұмелідегі Добружаға барған Ахмет Яссауидің шәкірттері болатын. Сандары шамамен он мың мен жиырма мың арасында еді. Олардың басында Яссауидің шәкірті Сары Салтық болатын. Сары Салтық 1280 жылы қайтыс болғаннан кейін сол өңірдегі бұлғарлар мен рұмдар түріктерге қысым жасай бастады. Бұл қысымға шыдамаған түріктер Эже Халил деген кісінің басшылығында 1306 жылы Фракия арқылы Чанаккалеге келді. Оларды құшақ жая қарсы алған Қаламұлы Қара Иса Бей бұл түріктерді Доғабасы және Евжилер аймағына орналастырды. Сенім-нанымдарында әлі де болса Исламнан бұрынғы діннің сарқыншақтар болған бұл түріктер өздері қоныстанған Ида тауына Тәңір діні бойынша қасиетті деп саналатын «қаздың» атын беріп, оны Қаздағы яғни Қазтауы деп атап кетті.

Эже Халилдің адамдарының арқасында бейлігіндегі адам саны мен күшін арттырған Қара Иса Бей Византия империясына шабуылын арттырып, бейлігінің шекараларын кеңейтті. Сонымен қатар, Орталық Анадолыдағы моңғолдардың шабуылынан қашқан түрік рулары да Кареси бейлігінің халық санын арттырды. Әсіресе Чебни руы өкілдері өңірге көптеп келді.

Кареси бейлігінің шекаралары Мармара және Эгей теңізіне жетуіне байланысты флот құру қажеттілігі туындады. Расында Кареси бейлігінің флотының күшті болғаны соншалық, Византия олармен бітімге келуге мәжбүр болды. Осы флотының арқасында Каресиліктер Рұмеліне де жорықтар ұйымдастырып тұрды.

Қорыта айтқанда, Қара Иса Бей және Кареси бейлігі Анадолы түрік тарихында ерекше орынға ие. Өйткені олардың халқы мен флот тәжірибесі Османлы империясының негізін қалыптастырды. Шынында, Кареси бейлігі 1361 жылы Османлы мемлекетіне қосылған алғашқы бейлік болды.

 



Ұқсас жаңалықтар