Әшрефұлы Сейфеддин Сүлейман Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 31-бөлім

1310930
Әшрефұлы Сейфеддин Сүлейман Бей

Анадолыдағы Селчуклы билігінің әлсіреуіне байланысты пайда болған түрік бейліктері осы өңірдің Түркі өркениетінің шеңберіне кіруіне көп үлес қосты. Әсіресе, Андолыдағы рұм және армян жер аттарының түріктенуінде әрбір түрік бейлігінің үлесі бар десек қателеспейміз. Көптеген бейлердің аттары қала немесе аудан аттары болып қалды. Мысалға Айдын, Қараман, Ментеше аттары кезінде осы жерлерде үстемдік құрған түрік бейлерінің аттары болып табылады. Ал бүгінгі бағдарламамызда Түркияның ең үлкен екінші көлінің Бейшехир көлі атын алуда маңызды рол ойнаған Әшрефұлы Сейфеддин Сүлейман Бейдің өміріне тоқталамыз.

Әшрефұлдарының тегі туралы көп мәлімет жоқ. Клауд Саухеннің пікірінше, ұлы тұлғамыздың әкесі Әшреф Кониядағы ықпалды бейлердің бірі болатын. Бұл әулеттің орталығы болып саналатын Горгорум яғни Йенишарбадемлі қаласы он үшінші ғасырдың басында Селчуклы қарамағында болатын. Осыған қарағанда Әшрефұлдары Анадолыға Малазгирт шайқасынан кейін келген алғашқы түріктер болуы мүмкін. Бұл жорамалды әулеттің өкілдерінің аттарының түрікше емес, арабша болуы да күшейтіп тұр.

Ұлы тұлғамыз тарих сахнасына он үшінші ғасырдың соңына қарай шықты. 1264-1283 жылдар арасында Селчуклы тағында отырған ІІІ Ғияседдин Кейхұсрау кезінде Әшрефұлы Сүлейман Бей «ұш бей» яғни «шекара бейі» ретінде қызмет етіп жүрген болатын. Ұлы тұлғамыз 1277 және 1282 жылдары аралығында Қараман және Ментеше түрікмендерінің Конияға шабуылын пайдалана отырып, аймақтағы өз ықпалын арттыруға тырысты. Оның алғашқы мақсаты Ақшехирді өзіне қарату  болды.

1284 жылы Ғияседдин Кейхұсрауды Монғолдар өлтіріп, оның орнына II Ғияседдин Месудты тағайындайды. Алайда жаңа сұлтан Кония маңайында ықпалды болған Әшрефұлдары мен Қараманұлдарыннан қорыққандықтан мемлекеттің орталығын Кайсериге көшіруге мәжбүр болады. Осы уақытта өлтірілген билеушінің анасы Сұлтан Месудтың билігіне қарсылық білдіріп, таққа Ғияседдин Кейхұсраудың балаларының шығуын талап етеді. Осы мақсатта ол Әшрефұлдары мен Қараманұлдарын  Конияға шақырып, олардан көмек сұрайды. Келісімге сәйкес, Қараманұлдарына әскери билік, ал Әшрефұлдарына сарай билігі берілді. 1285 жылдың 15 мамырында жас ханзадалар таққа отырды. Бірақ көп ұзамай сұлтан Месуд бүлікші күштерге қарсы қалың қол жіберді. Бұл қолға қарсы тұра алмайтындықтарын түсінген Әшрефұлдары Горгорумға шегінді.

1288 жылдың басында селчук-моңғол күштері Тартусты басып алған Қараман бейлігіне шабуыл жасаған кезде, олардың одақтасы Әшрефұлы Сүлейман Бей Ылгын қаласына шабуыл жасады. Алайда сұлтан II Месудтің кек алуынан қорыққан Сүлеймен Бей көп ұзамай ымыраласудың жолдарын іздей бастады. Ақырында Конияға келіп, Сұлтан Месудтің билігін мойындады.

Бұл келісім негізінде Әшрефұлдары әулетінің дербес бейлік ретінде танылуы ретінде қабылданды. Басқаша айтқанда, бейлік өз тарихын осы 1288 жылдан бастайды. Сол жылы Сүлейман Бей өзінің астанасын Горгорумнан бүгінгі Бейшехирге көшірді. Қысқа мерзімде ол әдемі және күшті қамалға айналды. Қалаға орнатылған есткерткіште Сүлейман Бейдің «әмір-е кебир-е муаззам» яғни «керемет ұлы әмір» атағын қолданғаны көрсетілген. Қаланы Сүлейман Бей салғандықтан ол жер Сүлейманшехир ретінде атала басталды. Уақыт өте «Сүлейман бейдің шахары» мағынасындағы «Бейшехир» атын алды. Сонымен қатар, қала маңында орналасқан көл де «Бейшехир көлі» болып аталып кетті.

Сұлтан II Месуд Әшрефұлдарын өзіне тартып, олармен достықты күшейтуге мүдделі болды. Өйткені аймақтағы ең мықты бейлік Қараманұлдарын әлсірету үшін бұл достық маңызды еді. Осы мақсатта сұлтан інісі Рүкнеддин Қаюмарсты Әшрефұлы Сүлейман Бейдің қызы Гүлжамалға үйлендіргісі келді. Алайда Бейшехирге құдалық жайын сөйлесу үшін барған Қаюмарсты Сүлейман Бей қамауға алды. Бұған ашуланған II Месуд үлкен күшпен Бейшехирге қарай жорыққа шықты. Бірақ жағдайдың одан әрі шиеленісуін қаламаған Қараманұлы Гүнери Бей одақтасы Сейфеддин Сүлейман Бейге қолдау көрсетті. Осыған байланысты Селчуклы қолы да шегінуге мәжбүр болды. Осылайша соғыстың алды алынған болды. Ақырында Сүлейман Бей Қаюмарсты босатты.

Алайда көп уақыт өтпей Әшрефұлдары мен Қараманұлдарының арасы бұзылды. Өйткені 1291 жылы Арғын ханның өлімімен Гайхату Елхан мемлекетінің тағына шыққан болатын. Бұл жағдай түркімендердің тәуелсіздік күресін одан әрі күшейтті. Анадолыны өз қарамағында біріктіргісі келген Караманұлдары Әшрефұлдарына шабуыл жасады. Бірақ олар күткен қарсылыққа тап болып, сәтсіздікпен шегінді. Қараманұлдарының бұл бүлігін тыныштандыра алмаған сұлтан II Месуд Елхан билеушісі Гайхату ханнан көмек сұрады. Анадолыға үлкен қолмен келген Елхан әскерлері Қараман және Әшреф бейліктерін талан-таражға салды.

Гайхату хан 1292 жылы маусым айында Тебризге оралғаннан кейін, Селчук мемлекетінде жаңа дүрбелең басталды. Себебі Сұлтан Месудтің ағасы Рүкнеддин Қылыш Арслан Қырымнан келіп тақ таласын бастаған болатын. Елхандықтардың соңғы шабуылынан үлкен зиян шеккеніне қарамастан Әшрефұлы Сүлейман Бей Сұлтан Месудтің жағында болды. Нәтижесінде Селчук күштерімен бірге әрекет еткен Әшрефұлдары Қылыш Арсланды ұстап, Вираншехир қамалына қамады. Алайда, бұл тақталасында Қараманұлдары Қылыш Арслан жағында болды. Қараман Бейлігінен сескенген Сүлейман Бей Қылыш Арсланды босатуға мәжбүр болды. Бірақ бұл қадам Сұлтан Месудпен соғысқа себеп болды.

Селчуклы тағы үшін болып жатқан бітпейтін тақ таластары және елхандықтардың шабуылдары Анадолыдағы тұрақтылықты бұзды. Осыған байланысты батыстағы түрік бейлері өз тәуелсіздіктерін жариялай бастады. Басқа түрік бейлері сияқты Әшрефұлы Сейфеддин Сүлейман Бей 1299 жылы өз тәуелсіздігін жариялады.



Ұқсас жаңалықтар