Шақа Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 15

Шақа Бей

Анадолы Селчук мемлекетінің тарихы 1077 жылы Құталмышұлы Сүлейман Шахтың Изник қаласын өзінің астанасы қылып жариялауымен басталып, 1308 жылы соңғы сұлтан Месуттың қайтыс болуымен аяқталған болатын. Шамамен екі жүз отыз жыл өмір сүрген Селчуклы әулеті жаңа жерді түріктердің еліне айналдырды. Селчуклы сұлтандарына қоса, басқа түрік бейлері де Анадолының түркілесуіне үлес қосты. Тіпті Селчуклы мемлекетінің соңғы жылдарына қарай бұл бейліктердің ықпалы едеуір артқан болатын. Мысалға кейіннен алпауыт империя құрған Османлы әулеті Селчуклы дәуірінде құрылған шағын бір бейлік болатын. Осы жағдайға байланысты Анадолы мәдениетін түсіну үшін бұл бейліктердің тарихына тоқталуымыз керек.

Өмір сүрген кезеңіне қарай Анадолы бейліктерін екіге бөлеміз. Бірінші топта 1071 жылы болған Малазгирт шайқасынан кейін құрылған бейліктер болса, екінші топта Селчуклы билігінің әлсіреуіне себеп болған 1243 жылғы Көседағ шайқасынан кейін құрылған бейліктер бар. Бірінші топтағы бейліктердің арасында Құталмышұлы Сүлейман Шахтың жаңа мемлекетінде маңызды рол ойнаған Данишменд, Мәңгүжек, Салтық, Тәңріберміш, Артық және Ахлатшах сияқты бірқанша әулет бар. Олар Анадолының әр жерінде өздерінің дербес мемлекеттерін құруға талпынып жатқан болатын. Осы бейліктердің бірі және бірегейі Шақа Бей құрған бейлігі болып табылады. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы айтулы тұлғаның өмірін қарастырамыз.

Ұлы тұлғамыздың қашан және қайда туғаны белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1092 жыл. Деректерде оның оғыздардың Чавулдур руынан болғандығы айтылады. Бүгінгі Түркия тарихында Шақа Бей тарихта алғаш рет теңіз флотын құрған тұлға ретінде қарастырады. Тіпті бүгінгі Түркияның теңіз күштері өзінің құрылған датасы ретінде Шақа Бей флот құрған 1081 жылды қабылдайды. Шақа Бейдің флот құруында Византияның ықпалы болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бұл жерде Шақа Бейдің Чавулдур руынан болуымен оның флот құруы арасында байланыс құруға болады. Оғыздар кітабының авторы Фарук Сүмер оғыздың Чавулдур руының астанасының Арыс өзенінің Сырдарияға құйған жерінде орналасқандығын жазады. Бір қызығы бүгін ол жерде Шәуілдір елді мекені орналасқан. Басқаша айтқанда «Шәуілдір» өзінің тарихи атын сақтап қалған болып тұр. Шәуілдірдің жоғарыда сипатталған географиялық орналасуы ол жердің тұрғындарының кеме жасау технологиясын меңгеруін талап етеді. Бүгін Шәуілдір ауылында орналасқан Отырар мұражайындағы ағаштан жасалған кеме осының бір дәлелі. Осы мәліметтерге қарағанда, Шақа Бейдің тарихтағы алғашқы түрік теңіз флотын қалыптастыруы жай ғана сәйкестік емес, шәуілдірліктердің тәжірибесі болып шығады.

Шақа Бей 1078 жылы Византияға қарсы ұйымдастырылған кезекті шаубылда қолға түсіп қалады. Осыған қарағанда, ұлы тұлғамыз Құталмышұлы Сүлейман Шахтың Анадолыдағы жаңа мемлекетінің құрылуына белсенді ат салысқан қолбасшылардың бірі болуы керек. Тұтқын ретінде Константинопольге апарылған Шақа Бейге Византия императоры Никифор III Вотаниаттың назары түседі. Император ұлы тұлғамызға өзінің қарамағында қызмет етуді ұсынады. Бұл ұсынысты қабылдаған Шақа Бей аз уақыттың ішінде көп табысқа қол жеткізіп, император Никифор III Вотаниаттың көңілінен шығады. Ұлы тұлғамыз тіпті рұм тілін де жетік меңгеріп алады. Осы жетістіктеріне байланысты Никифор III Вотаниат оған «ең текті» деген мағынаға келетін «нобилиссимус» деген атақ береді. Басқаша айтқанда, Шақа Бей византиялық тектілердің арасына кірген болды.

Алайда ұлы тұлғамыздың Константинопольдегі өмірі ұзаққа созылмады. Бұның себебі Малазгирт шайқасынан кейін Византияда ішкі дау-дамай әлі басылмаған болатын. Айналасына бірнеше әскер жинап, елдегі тектілердің қолдауын алған қандай да қолбасшы өзін болашақ император ретінде көретін. Осындай қолбасшылардың бірі Алексей Комнин 1081 жылы император Никифор III Вотаниатқа қарсы бүлік бастап, ақырында астананы басып алды. Жаңа император Шақа Бейге берілген барлық артықшылықтарды алып қойды. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз амалсыздан Анадолыға қашуға мәжбүр болды.

Шақа бей 1081 жылы Анадолыға келе сала, сегіз мыңдық қолымен Измир қаласын жаулап алды. Ұлы тұлғамыздың бұл табысының себебі оның Византия елінің ішіндегі талас-тартыстан хабардар болуы болуы мүмкін. Расында бұл кезеңде Византия батыстан шабуылға өткен пешенек түріктерімен соғысып жатқан болатын. Ұлы тұлғамыздың Измирді қолға түсіргеннен кейінгі алғашқы ісі теңіз флтоны құру болды. Шақа Бей рұм ұсталардың көмегімен 33 желкенді кемеден және 17 ескекті кемеден тұратын флот құрды. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз теңіз жағалауындағы қалаларды бірінен кейін бірін алып, өз аумағын кеңейте бастады. 1089 жылға дейін түрік флоты бүгінгі Урла, Фоча, Эфес және Мидилли қалаларын өзіне қаратты. Түріктердің бұл жеңістерінен сескенген император Алексей Комнин Византия флотын оған қарсы жіберді. Шешуші шайқас Хиос аралы маңында 19 мамыр 1090 жылы болды. Жеңіске жеткен Шақа Бей бітімнің шарты ретінде, өзін Византияның императоры деп жариялауды және ұлына рұм тектілерінің бірінің қызын беруді талап етті. Алайда бұл талап орындалмады. Сондықтан түріктер мен византиялықтардың теңіз соғыстары жалғаса берді. Түріктер 1090 жылы Самос және Родос аралдарын алды.

Шақа Бейдің бұл жеңістері оны Анадолыдағы түрік бейлері арасындағы абыройын асқақтата түсті. Осыған байланысты Селчуклы мемлекетінің екінші сұлтаны Қылыш Арслан ұлы тұлғамыздың Айша деген қызын алып, оған күйеу бала болды. Алайда, Шақа Бейдің барған сайын артқан күшін сұлтан өзіне қауіп деп санап, оны айламен өлтірді.



Ұқсас жаңалықтар