Қылыш Арслан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 2

1173308
Қылыш Арслан

Анадолының түрік еліне айналуы 1071 жылғы Малазгирт шайқасымен басталған күрделі үдеріс. 1077 жылы Құталмышұлы Сүлейман Шахтың Изник қаласын өзінің астанасы қылып жариялауымен Анадолы Селчук мемлекеті құрылған болды. Бірақ түріктердің бұл жерде тұрақтап қалуы оңай болмады. Түріктердің бұл жерде ел болулары үшін христиан әлемінің Крестшілер жорығы деп атаған қарсы шабуылына төтеп берулері керек еді. Осы кезде тарих сахнасына Қылыш Арслан шықты.

Ұлы тұлғамыз 1079 жылы туып, 13 шілде 1107 жылы қайтыс болған. Әкесі Анадолы Селчук мемлекетінің құрушысы Құталмышұлы Сүлейман Шах болып табылады. Қылыш Арсланның туған жылына қарағанда оның Изник қаласында туған болуы мүмкін екендігі байқалады. Осы тұрғыдан қарағанда ұлы тұлғамыз жас мемлекетте туған болып шығады. 1086 жылы әкесімен бірге Хатай жорығына қатысады. Бірақ Айн Сейлем шайқасында Сүлейман Шах қайтыс болғаннан кейін Қылыш Арслан інісі Құлан Арсланмен бірге Ұлы Селчук сұлтаны Мәлік Шахқа «аманат» ретінде жіберілді. Мәлік Шах ұлы тұлғамызды Исфахан қаласында тұтқында ұстады. 1092 жылы Мәлік Шах қайтыс болғаннан кейін Қылыш Арслан еліне ие болу үшін Анадолыға келді.

1093 жылы Изникке келген ұлы тұлғамызды әкесінің орынбасар ретінде қалдырып кеткен әміршісі Әбілқасым таққа шығарды. Осыдан бастап, ұлы тұлғамыз «Сұлтан Қылыш Арслан» болып атала бастады. Ұлы тұлғамыздың мақсаты бір жағынан Византияның қайта жаулап алған жерлерін қайтару, енді екінші жағынан Анадолының бірлігін қалыптастыру болды. Еске түсіре кетсек бұл кезеңде Данишменд, Мәңгүжек, Салтық, Тәңріберміш, Артық және Ахлатшах әулеттері Анадолының әр жерінде өздерінің дербес мемлекеттерін құруға талпынып жатқан болатын.

Қылыш Арслан ең алдымен Византияның ықпалын азайту үшін Измирді билеп тұрған Шақа Беймен одақ құрды. Шақа Бей 1080 жылдардан бері Измир мен Чанаккале маңын өз бақылауына алған болатын. Тіпті 1081 жылы Измирде кеме жасайтын шеберхана құрып, осының арқасында өз флотын қалыптастырады. Тіпті Византия флотына айтарлықтай зиян береді. Бір қызығы осыған байланысты бүгінгі Түркия Республикасының Теңіз күштері өзінің құрылған жылы ретінде 1081 жылды қабылдайды.

Ұлы тұлғамыз Шақа Бейдің Айша хатун деген қызын алып, оның күйеу баласына айналды. Осыдан бастап, түріктер Мармара теңізі мен Эгей теңізі жағалауларына қарай көше бастады. Алайда Шақа Бейдің барған сайын күшеюі оның Сұлтан Қылыш Арсланға қауіп төндіруіне себеп болды. Ақырында Қылыш Арслан қайнатасымен соғысуға мәжбүр болды. Шақа Бейді жеңген ұлы тұлғамыз осыдан кейін Византия императоры І Алексиоспен бітімге келеді.

Түрік мұсылмандардың Анадолының батысына дейін жайылуы тіпті Ыстанбұлға дейін жетуі христиан әлемін қорқыта бастады. Осыған байланысты Еуропадағы христиандар шығыстағы мұсылмандарды ығыстырып, қасиетті Иерусалим қаласын қайтару үшін Крест жорығына шықты. Крестшілер 1096 жылы Ыстанбұлдан өтіп Анадолыға аяқ басты. Осыдан бастап, Еуропалық крестшілер мен түріктердің Анадолы үшін текетіресі басталған болды.

1096 жылы қыркүйекте Крестшілердің Изник маңында Ксеригордон деген қамалды басып алғандығы хабарын алған Қылыш Арслан бір жасақ жіберіп, қамалды қайтарып алды. Осыдан кейін крестшілер жиырма мың әскермен Изник қаласына шабуыл жасады. Дракон деген жерде болған шайқаста түріктер крестшілерді ойсырата жеңді. Осы жеңістен кейін крестшілерді аса үлкен қауіп емес деп есептеген ұлы тұлғамыз назарын шығысқа аударды.   

Қылыш Арсланның шығыстағы мақсаты барған сайын күшейіп бара жатқан Данишменд әулетінің кеңеюін тоқтату, Малатиядағы Армян мемлекетін бағындыру және әкесінің өліміне себеп болған Сұлтан Тұтыштың көзін жою болатын. Алайда 1097 жылы крестшілердің негізгі күші Анадолы жағасына өтіп, Изник қаласын қоршауға алды. Бұл хабарды алған Қылыш Арслан шығысқа жорығын тоқтатып, кері қайтты. Бірақ крестшілердің қалың қолы түріктерді ығыстырып тастады. Оның үстіне Еуропадан келіп жатқан крестшілердің санының барған сайын артып бара жатқанын көрген ұлы тұлғамыз астанасын Византия қолбасшысы Мануел Бутумутеске қалдырып шегінді.

Осыдан кейін Сұлтан Қылыш Арслан Анадолыдағы бейліктердің басын қосып, крестшілерге қарсы тұруға тырысты. 1 шілде 1097 жылы Ескішехир маңында Дорилеон деген жерде болған шайқаста ұлы тұлғамыздың қолы крестшілерден жеңіліп, ішкі Анадолыға шегінді. І Крестшілер жорығы Анадолы Селчук мемлекетіне көп зиян тигізді. Түріктер тек астаналары Изниктен ғана айрылып қоймады. Түріктер Мармара теңізі мен Эгей теңізі өңіріндегі жерлерінен де айрылды. Ескішехир мен Акшехир шебі шекара ретінде белгіленді. 1101 жылы Еуропадан келген крестшілердің жаңа лебі бұл шептен Токат, Никсар және Ерегли жағына өткісі келгенде Қылыш Арслан тарапынан толықтай жойылды. Осы жеңістен кейін ұлы тұлғамыз астанасын Кония қаласына көшірді. Осылайша бұл қала көркейе бастады.

1105 жылы Данишмент әулетіндегі таққа таласты пайдаланып, ұлы тұлғамыз Малатия қаласын өзіне қаратты. Қылыш Арслан осыдан кейін 1107 жылы Диярбакыр, Харран және Мосул қаласына дейінгі аймақты өзіне бағындырды. Мосулда Қылыш Арслан Ұлы Селчук сұлтаны Мұхаммед Тапар атынан емес, өз атынан құтпа оқытты. Қылыш Арсланның бұл жеңістері Ұлы Селчук сұлтанын қорқыта бастады. Ақырында, Мардиндегі Артық әулеті бейі мен Халептегі Селчук сұлтаны Рыдуан одақ құрып, Хабур өзені маңында Қылыш Арсланды жеңді. Ұлы тұлғамыз өзенге батып қайтыс болды.



Ұқсас жаңалықтар