Газадағы шығын айқындала бастады

Газаның солтүстігінің 80 пайызы Израиль шабуылдарынан қираған.

2233188
Газадағы шығын айқындала бастады

Газадағы атысты тоқтату келісімі күшіне енгеннен кейін аймақтағы шығын айқындала бастады. Газаның солтүстігінің 80 пайызы Израиль шабуылдарынан қираған. Қоқыстарды тазарту жұмыстары барысында 120 палестиналықтың мәйіті шығарылды. Қирауға қарамастан палестиналықтар үйлеріне оралуда.

Қиранды астындағы Газада үміт оты өшпеді. Хамас саяси бюросының мүшесі Халил әл-Хайе құрылыс жұмыстарының басталғанын хабарлады. Әл-Хайе «Біз қирататын емес, құратын халықпыз. Израиль қиратқан жерді достарымыздың қолдауымен қайта тұрғызамыз» деді.

Палестиналықтар қиранды астындағы Газада жаңа өмір бастауға бел буған. Тіпті Нусейраттың қираған көшелеріне базар ашылған.

Атыс тоқтатылғаннан кейін гуманитарлық көмек тиелген көліктер Газаға кіруді жалғастыруда. Біріккен Ұлттар Ұйымы сейсенбі күні Газаға 897 жүк көлігінің келгенін хабарлады.

Мысыр мен Газа секторы арасындағы Рафах шекара қақпасының Палестина тарапындағы жөндеу жұмыстары мен реттеулерден кейін бірнеше күн ішінде ашылатыны жарияланды.

Газадағы атысты тоқтату келісімінен кейін Израиль Батыс Шериядағы шабуылдарын арттырды.  Дженинде 10 палестиналық қаза тауып, 40 адам жарақат алды. Израильдің жаңа шабуылдары салдарынан 600-ден астам палестиналық Дженин босқындар лагерінен көшірілді. Израиль күштері Шығыс Иерусалимдегі Шуафат босқындар лагерінде де бір палестиналықты жаралады.



Ұқсас жаңалықтар