“Таяу Шығыс қайта қалыптасуда”
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Газа секторы үшін БҰҰ мүше елдерінен қолдау сұрады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшысы Антониу Гутерриш Газа секторында атысты тұрақты тоқтату, кінәлілерді жауапқа тарту және қалпына келтіру мен қайта құру үшін қажетті жағдай жасау туралы мәселеде БҰҰ мүше елдерінен қолдау сұрады.
Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде (БҰҰ ҚК) Израиль-Палестина мәселесіне арналған жоғары деңгейдегі отырыста сөз сөйледі.
Таяу Шығыста терең өзгеріс үдерісі жүріп жатқанын атап өткен Гутерриш
«Аймақ белгісіздіктерге толы, бірақ сонымен қатар түрлі мүмкіндіктер де береді. Таяу Шығыс қайта қалыптасуда, алайда бұл үдерістің нәтижесі қандай болатыны әлі анық емес», – деді.
Гутерриш Таяу Шығыстың бұл дағдарыс кезеңінен бейбітшілік, ар-намыс және үмітке толы болашақпен шығуы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
Гутерриш Газада атысты тоқтату және тұтқындарды босату туралы келісімнің ұзақ уақыттан бері күтілген «жеңілдік» әкелгенін айтты.
Газаға гуманитарлық көмек тиелген 630-дан астам жүк көлігі жеткізілгенін атап өткен Гутерриш тараптардың келісімді толық орындауы қажеттігін баса айтты.
«Бұл келісім барлық тұтқындардың босатылуын және Газада атысты түбегейлі тоқтатуға әкелуін қамтамасыз етуіміз керек», – деді ол.
Гутерриш Газадағы атысты тоқтатудың төрт негізгі бағытта әсер етуін күтетіндерін жеткізіп, оларды былайша тізіп өтті:
- БҰҰ ұйымдарының, әсіресе гуманитарлық араласудың негізгі тірегі саналатын БҰҰ-ның Таяу шығыстағы палестиналық босқындарға көмек және құрылыс агенттігінің қызметін кедергісіз жалғастыруы.
- Гуманитарлық көмектің қауіпсіз жағдайда көбейтіліп, мұқтаждарға жеткізілуі және қоғамдық тәртіптің қалпына келтірілуі.
- Өмірлік маңызды көмекке қол жеткізу, әсіресе медициналық эвакуацияны қажет ететін науқастар үшін халықаралық қолдау көрсету.
- Бейбіт тұрғындарды қорғау және олардың қауіпсіз түрде оралуы үшін қажетті шараларды қабылдау.
БҰҰ Бас хатшысы: «Мен Қауіпсіздік кеңесі мен барлық мүше елге Газада атысты тоқтату процесін қолдау, қақтығыстарды түбегейлі тоқтату, кінәлілерді жауапқа тарту және қалпына келтіру мен қайта құру үшін қолдау көрсетуге шақырамын», – деп үндеу жасады.