Лос-Анджелесте өрт білім беру процесін тоқтатты
Көптеген мектеп дәстүрлі білім беруді уақытша тоқтатты.

Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласы мен оның айналасында 11 күн бойы жалғасқан өртке байланысты қаладағы білім беру процесі тоқырауға ұшырады.
Лос-Анджелес Біріккен Мектеп Округінің инспекторы Альберто Карвальоның айтуынша көптеген мектеп өртеніп кеткен немесе қатты зақымданған.
Өрт салдарынан қаладағы білім беру едәуір дәрежеде тоқтағанын атап өткен Карвальо зақымдалған кейбір мектептердің қайта салынуы 2 жылдан астам уақыт алуы мүмкін екенін айтты.
Өрттен жарамсыз болған кейбір мектептердегі оқушылар қауіпсіз аудандардағы басқа мектептерге уақытша ауыстырылды.
Қала бойынша мұғалімдер оқушылардың білім алуын жалғастырудың жолдарын іздеуге және «қалыпты өмір» сезімін қалпына келтіруге тырысуда. Көптеген мектеп дәстүрлі білім беруді уақытша тоқтатты.
Кейбір мектептер білім беруді жалғастыру үшін жаңа орын іздесе, балалардың іс-шараларға қатысуы үшін өзара кездесулер мен экскурсиялар ұйымдастыруда.
Пасадена Біріккен Мектеп Округі осы аптада 14 мың оқушы білім алатын барлық мектептерін жабық ұстап, оның орнына оқушыларға қатысу міндетті емес онлайн іс-шаралар ұсынды.
Лос-Анджелесте 7 қаңтар таңертең Пасифик Палисейдс аймағында басталып, Итон, Херст, Сансет және Вудлей аудандарында жылдам тараған орман өрті нәтижесінде бүгінге дейін 25 адам қаза тапты.
Мыңдаған гектар жердің күлге айналуына әкелген өрттің жалпы шығыны мен экономикалық зияны 250-275 миллиард доллар аралығында деп бағалануда.