Лос-Анджелесте өрт: қатты жел қайта күшейеді
Қатты желдің қайта күшею мүмкіндігіне байланысты тұрғындарға ескерту жасалды.

Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласы және оның айналасында 8 күннен бері жалғасып жатқан өрттерге қарсы күресті қиындататын қатты желдің қайта күшею мүмкіндігіне байланысты тұрғындарға ескерту жасалды.
Лос-Анджелес жанында орналасқан үш аймақта өрт әлі сөндірілген жоқ.
Итон және Палисейдс өрттері көптеген ауданда мыңдаған үйді қауіп-қатерде ұстауда. Сәрсенбіге дейін жалғасуы болжанған күшті жел мен төмен ылғалдылыққа байланысты аймақта «қызыл жалау» ескертуі жарияланды.
Күшейе түсуі мүмкін деп болжалған желдің жылдамдығы сағатына 70-тен 110 шақырымға дейін жетуі ықтимал.
Лос-Анджелес және оның маңындағы өрттер 160 шаршы километрден астам аумақты күлге айналдырды.
Итон және Палисейдс өрттерінде кем дегенде 24 адам қаза тауып, 23 адам хабар-ошарсыз кеткен.
Шамамен 150 мың адамды эвакуациялау бұйрығы берілді.
Апат кезінде 12 мыңнан астам ғимарат зақымдалған.
Жалпы шығын мен экономикалық залалдар 250 миллиардтан 275 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін деп болжануда.