«Сирияда терроризмге жол берілмейді»
Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі Сирияда терроризмге жол берілмейтінін айтты.
Министрліктің апта сайынғы баспасөз брифингінде Сириядағы жағдайға қатысты хабарлама жасалды.
Хабарламада аймақтағы барлық заңды тараптардың сақтық және жауапкершілікпен әрекет етуі қажеттігі атап өтіліп, «Террористердің аймақтағы белгісіздік жағдайын пайдаланып, Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуына жол бермейтінімізді, террористік ұйымдармен күресуге қатысты ұстанымымыздың айқын, шешіміміздің берік екенін тағы да атап көрсетеміз» делінген.
Мәлімдемеде Израильдің Сирия аймағындағы оккупациясына қатысты да пікір айтылып, «Израиль 1974 жылы қол қойылған Күштерді бөлу туралы келісімді бұзып және Израиль мен Сирия арасындағы демаркация аймағына кіріп, Сирия жерлерін басып алуда. Сирияда бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін жаңа мүмкіндік туындаған кезде тұрақтылықты бұзатын, шиеленісті күшейтетін және бейбіт тұрғындарды үрейлендіретін бұл оккупацияны және террористік топтарға қолайлы жағдай жасайтын бұл әрекетті қатаң айыптаймыз», – деп мәлімделді.
Сондай-ақ мәлімдемеде Сирияда тұрақтылық орнатуға кедергі келтіретін шабуылдардың, оның ішінде Израильдің әрекеттері аймақ елдері мен халықаралық қауымдастықтың мүддесіне сәйкес келмейтіні баса айтылды.