Газада гуманитарлық дағдарыс күшеюде

Газада баспанасыз қалғандардың 90%-ы шатырларда өмір сүруде.

2215171
Газада гуманитарлық дағдарыс күшеюде

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Израиль шабуылы астындағы Газада баспанасыз қалғандардың 90%-ының шатырларда өмір сүріп жатқанын хабарлады.

Гебрейесус ДДCҰ-ның апта сайынғы баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасады.

Газада Израиль шабуылдары салдарынан бір жыл бұрын баспанасыз қалған кісілердің басым бөлігі мемлекеттік ғимараттарда немесе туыстарының үйлерінде тұрып келгенін еске салған Гебрейесус: "Қазіргі уақытта Газада бұл кісілердің 90%-ы шатырларда тұрады. Бұл оларды тыныс алу жолдары аурулары және басқа да сырқаттарға осал етеді", – деді.

Гебрейесус қыс мезгілінің келуімен суық ауа райы мен жауын-шашын және жеткіліксіз тамақтанудың бұл жағдайды одан әрі ушықтыратынын айтты.

Сонымен қатар Газа секторының солтүстігіне Израильдің блокадасы жалғасып жатқанын атап өткен ол: "Блокада көрпе, отын және азық-түлік сияқты негізгі ресурстардың кіруін шектейді, ал бұл заттар одан бұрын да жеткіліксіз болған", – деп мәлімдеді.

Гебрейесус ДДСҰ және оның серіктестерінің осы аптада Газаның солтүстігіне үш күндік сапар ұйымдастырғанын және команданың 5 аурухананы қоса алғанда бірқатар медициналық мекемені аралап шыққанын хабарлады.

Оның айтуынша аймақта жарақаттанған және созылмалы сырқаттарға шалдыққан науқас көп.

"Негізгі дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі өте күрделі, ал медицина қызметкерлері айтарлықтай психологиялық күйзеліске ұшыраған", – деді Гебрейесус.

ДДСҰ серіктестерімен бірге медициналық қызметтер мен құрал-жабдықтарды қамтамасыз ету үшін бар күшін салып жатқанын айта келіп, "барлығының" Израиль рұқсат берген шеңберде екенін ерекше атап өтті.



Ұқсас жаңалықтар