НАТО саммиті басталды

Вашингтонда өтіп жатқан саммиттің негізгі күн тәртібіндегі мәселе - Украина-Ресей соғысы.

2161247
НАТО саммиті басталды

Солтүстік Атлант альянс ұйымы НАТО-ның саммиті басталды.

Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) астанасы Вашингтонда өтіп жатқан саммиттің негізгі күн тәртібіндегі мәселе - Украина-Ресей соғысы.

НАТО-ға мүше 32 елдің басшыларын жинаған НАТО саммиті одақтың 75 жылдығын тойлау рәсімімен басталды. АҚШ президенті Джо Байден салтанатты шарада НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергке «Президенттік бостандық медалін» табыс етті.

Столтенберг өз сөзінде Украина соғысына тоқталды. Украинаны Ресейге қарсы қолдауды жалғастыру керектігін атап көрсеткен НАТО Бас хатшысы бұл соғыстың нәтижесінің ондаған жылдар бойы жаһандық қауіпсіздікке әсер ететінін айтты.

АҚШ президенті Байден альянс мүшелері Украинаға «тарихи» маңызды әуе қорғаныс жүйелерін беретінін мәлімдеді. Байден Германия, Италия, Нидерланды және Румыниямен бірге Украинаға «Patriot» батареялары мен бөлшектерін жеткізетінін айтты.

Саммитке Украина президенті Владимир Зеленский де шақырылды. Зеленский саммитке барар алдында Вашингтонда жасаған мәлімдемесінде «Әлем Ресейді тежеу ​​үшін қарашада өтетін АҚШ  президенттік сайлауын күте алмайды» деді.

Украина көшбасшысы АҚШ әкімшілігіне «әрекет ету үшін күшті шешімдер қабылдаудың уақыты келді» деді.



Ұқсас жаңалықтар