Йеменде өткен жылы 61 мың адам қоныс аударды

Ұзақ жылдар бойы азаматтық соғыс жүріп жатқан Йеменде өткен жылы шамамен 61 мың адам қоныс аударды.

1928218
Йеменде өткен жылы 61 мың адам қоныс аударды

Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Халықаралық көші-қон ұйымы  Йемен офисі тарапынан жасалған жазбаша мәлімдемеде Йеменде 2022 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсан аралығында 10 мың 135 отбасының босқынға айналғаны білдірілді.

Мәлімдемеде елдегі қоныс аударғандардың жалпы санының 60 мың 810-ға жеткені, ең көп көштің Мариб, Замар, Таиз, Худейде және Эбьен қалаларында байқалғаны атап көрсетілді.

2021 жылмен салыстырғанда өткен жылы қоныс аударғандар санының айтарлықтай азайғаны айтылады. Бұл орайда Йемен үкіметі мен хоуситтер арасындағы 6 айлық атысты тоқтатудың тиімді болғаны атап өтілді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары 2021 жылғы қақтығыстар салдарынан 150 мың  йемендіктің қоныс аударғанын хабарлады.

Йемендегі Иран қолдайтын хоуситтер 2014 жылдың қыркүйегінен бері ел астанасы Сана мен кейбір аймақтарды бақылауда. Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштері 2015 жылдың наурыз айынан бері хоуситтерге қарсы Йемен үкіметіне қолдау көрсетуде.

Елде 7 жылға созылған қақтығыстарда 377 мыңға жуық адам қаза тапты. Әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналатын Йемендегі азаматтық соғыс салдарынан өршіп тұрған гуманитарлық дағдарыс қорқынышты мөлшерге жетті.

 



Ұқсас жаңалықтар