Макрон қайта сайланды

Ресми қорытындыларды Конституциялық Кеңес 27 сәуірде жариялайды.

1817266
Макрон қайта сайланды

Франциядағы президенттік сайлаудың екінші турында президент Эммануэль Макрон өз лауазымына қайта сайланды.

Елде кеше өткен президент сайлауының екінші кезеңі жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де аяқталды.

France Info қоғамдық телерадиокомпаниясы дайындаған сауалнамаға сәйкес, президент Макрон 58,2 пайыз дауыс жинаса, оның қарсыласы, әсіре оңшыл Марин Ле Пен 41,8 пайыз дауысқа ие болды.

Ресми қорытындыларды Конституциялық Кеңес 27 сәуірде жариялайды.

Сайлауға қатыспағандар саны 28,2 пайыз болып тіркелді, бұл - 1969 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Екінші жағынан 44 жастағы Макрон бұл лауазымға екінші рет сайланған үшінші президент болды. Бұдан бұрын Франсуа Миттеран мен Жак Ширак екі мерзім президент қызметін атқарған еді.

2017 жылы өткен президенттік сайлауда Макрон екінші турда тағы да Ле Пенді басып озып, 66,06 пайыз дауыспен президент болып сайланған болатын.

Эммануэль Макронның қайта сайлануынан кейін ел астанасы Париж, Ренн және Нант қалаларында шерулер өтті.

Париждегі Республика алаңына өздерін «антифашистік» деп атаған жүздеген адам жиналды. Белсенділер Макронға қарсы ұран салды. Полиция демонстранттарға көзден жас ағызатын газбен жауап берді.

Реннде губернатордың шерулерге тыйым салғанына қарамастан, 250-ге жуық наразылық білдіруші қала орталығына жиналып, көптеген қоқыс жәшіктерін өртеп жіберді. Полиция қоршаған ортаға зиян келтірген шерушілерге бұрыш спрейін қолданды.

Нанттың орталығына жиналған наразылар Эммануэль Макронға қарсы ұрандар салып, плакат алып шықты. Мұнда да полиция шерушілерді қуып шығу үшін бұрыш спрейін қолданды.

Шерулер кезінде полиция күшейтілген қауіпсіздік шараларын қабылдады.



Ұқсас жаңалықтар