Ресейлік күштер Краматорск теміржолы вокзалына шабуылдады

Шабуылда эвакуациялауды күткен 30-дан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 100-ден астам адам жарақат алды.

1809438
Ресейлік күштер Краматорск теміржолы вокзалына шабуылдады

Украинада Донецк аймағына қарасты Краматорск қаласының теміржолы вокзалына ресейлік күштер жасаған зымыран шабуылында эвакуациялауды күткен 30-дан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 100-ден астам адам жарақат алды.

Украина темір жолының Telegram телеарнасынан жасалған мәлімдемеде «Краматорск теміржолы вокзалына 2 зымыран құлады. Алғашқы мағлұматтарға қарағанда 30-дан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 100-ден астам бейбіт тұрғын жараланды» делінді.

Шабуылға қатысты жарияланған бейнекөріністе теміржол вокзалында жандарында чемодандары бар бейбіт тұрғындар мен вокзал қызметкерлерінің жерде қанға батып жатқаны көрінеді.

Донецк губернаторы Павел Кириленко станцияның кассеталық оқ-дәрілері бар «Искандер» зымыранымен атылғанын хабарлады.

Ресей Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Игорь Конашенков болса Донецк аймағындағы кейбір теміржол вокзалдарында украин әскерлеріне жіберілген қару-жарақ пен Одессадағы шетелдік жалдамалы жауынгерді дайындау орталығын атқандарын білдірді.

Украинадағы нысаналарға бағытталған жоғары дәлдіктегі зымырандарды қолданғандарын атап көрсеткен Конашенков Донбасстағы украин әскерлеріне келген әскери техника мен қару-жарақтарды Донецк аймағындағы Покровск, Славянск және Барбенково вокзалдарында жойғандарын жариялады.

Конашенков «Одессаның солтүстік шығысындағы Красноселька маңындағы шетелдік жалдамалы жауынгерлерді жинау және дайындау орталығы «Бастион» жағалау зымыран жүйесінен жоғары дәлдіктегі зымырандармен атылды» деді.

Ресейлік әуе қорғаныс жүйелерінің де 2 әскери тікұшақ пен 5 пилотсыз ұшақты да атқанын атап көрсеткен Конашенков бір күнде 81 Украина әскери нысанының жойылғанын айтты.

Конашенков «Бүгінге дейін Украина армиясына тиесілі 97 әскери тікұшақ, 421 пилотсыз әуе көлігі, 2 мың 19 танк пен броньды көлік, 228 көп ұңғылы зымыран, 874 гаубица мен миномет және 1 мың 917 арнайы әскери көлік жойылды» деді.

Ресей әскерлері 24 ақпан күнінен бастап Украинаға шабуылдарын бастаған болатын.



Ұқсас жаңалықтар