Ауған үкіметі келіссөзбен Талибанға Кабулды өткізуге шешім қабылдады

Кабулдағы үкімет басшылары әлеуметтік желі арқылы халықты тыныштандыратын мәлімдемелер жасады.

1691353
Ауған үкіметі келіссөзбен Талибанға Кабулды өткізуге шешім қабылдады

Ауғанстан әкімшілігі Талибанға әкімшілікті тапсыру үшін келіссөздерді қабылдады.

Ауғанстан Ішкі істер министрлігі Талибанның бас қала Кабулдың шетіндегі аумақтарға кіре бастауының артынан әкімшілікті өткізу туралы келіссөздердің басталатынын жариялады.

Ішкі істер министрінің орынбасары генерал Абдул Саттар Мирзаквал Твиттердегі аккаунтынан жариялаған бейнекөріністе Кабул халқына үн қатып, «Мен Ауғанстан Ішкі істер министрінің орынбасары ретінде барлық қауіпсіздік күштеріне, арнайы жасақтар мен басқа да қызметкерлерге қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі жерлерде өз міндеттерін жалғастыруға бұйрық бердім. Халық алаңдамасын. Қалада қауіпсіздік мәселесі жоқ» деді.

Микзаквал сонымен қатар бас қаланың шетіне кірген Талибанның Кабулға шабуыл жасамайтынын атап «Билік бейбіт жолмен уақытша әкімшілікке беріледі. Биліктің өзгеруі бейбіт түрде жүзеге асады» деді.

Қорғаныс министрі міндетін атқарушы Бисмилла Мухаммеди жариялаған бейнекөріністе болса Кабулдың қауіпсіздігіне кепілдік беріп, Ауғанстан Мемлекет басшысы Ашраф Ғанидің саяси элитаға Талибанмен келісімге келу құқығы бергенін және Кабулға кез-келген шабуыл жасалмайтынын тілге тиек етті.

Ауғанстан Ішкі істер министрлігінің хабарламасы Ғанидің отставкаға кететіні туралы пікірлер тудырса да, Ғани әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Басқа жағынан Ауғанстанда 5 мың тұтқын бар Баграм әуе базасындағы Ауғанстан үкіметі сарбаздары Талибанға берілді.

Талибан мәлімдемешісі Сухейл Шахин биліктің бейбіт түрде ауысуын және Кабулға бейбіт түрде кіруді қалағандарын атап «Баршаға ортақ амнистия жарияланды» деді.

Талибан қозғалысының бақылауындағы аймақтарда алғаш бастамалардың бірі түрмелердегі барлық тұтқындарды босату болып табылады.

Мамыр айынан бері Талибан басып алған аймақтардағы мыңдаған тұтқын босатылды.

Талибан қозғалысының мәлімдемешісі Забихулла Мужахид Твиттер аккаунтынан жасаған мәлімдемеде бас қала Кабулдың орталығын күшпен тартып алмайтындарын жариялаған болатын.

Мужахид Кабулдың тұрғындарының тығыздығына байланысты қақтығысқа кірмейтіндерін, бас қаланың орталығын келіссөздер арқылы алғысы келетінін және Талибан мүшелеріне қала орталығының кірісінде күтуге бұйрық берілгенін мәлімдеген еді.

Басқа жағынан Түркия Сыртқы істер министрлігі Ауғанстаннан кеткісі келетін түрік азаматтарының Кабулдағы Түркияның Ауғанстан елшілігіне жылдам хабарласуын сұрады. Елшілік нөмірі «+93 79 782 82 83» деп жарияланды.

Талибан Кабулға кіре бастаған кезде Америка Құрама Штаттары (АҚШ) армиясының болса бас қаладағы АҚШ елшілігін эвакуациялағаны білдірілді.

НАТО жасаған мәлімдемеге қарағанда Еуроодақтың көптеген қызметкері Кабулдағы қауіпсіз бір жерге көшірілді.

Пәкістан әкімшілігі Талибан бақылауындағы Торкхам шекарасын жапқанын мәлімдеді.  Бұл шешім Ауғанстандағы «төтенше жағдайға» байланысты қабылданғаны хабарланды.



Ұқсас жаңалықтар