Украина ұшағының екі зымыранмен атқыланғаны расталды

Иран Азаматтық авиация мекемесі алғашқы сараптамалық рапортын жариялады.

Украина ұшағының екі зымыранмен атқыланғаны расталды

Иран Азаматтық авиация мекемесі 8 қаңтар күні бас қала Тегеран әуе кеңістігінде құлаған Украина ұшағының екі зымыранмен атқыланғанын растады.

Осы жылдың 8 қаңтарында Тегераннан Украинаға ұшып бара жатып, апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағын жақын радиустан «жер-ауа» класының екі зымыраны атып құлатқаны, Иран азаматтық авиация ұйымының тергеуі туралы екінші есебінде расталды.

Есепке сәйкес, «Tor-M1» зымырандары солтүстік бағыттан Боинг (Boeing) 737-800 тарапына қарай жіберілген. Есепте ұшақтың Тегераннан 6:12-де ұшып, 8100 фут (2,47 шақырым) биіктікте әуе диспетчерімен байланысты жоғалтқаны айтылған. Ол 06:15-те екінші бақылау радарының экранынан, 06:18 бірінші бақылау радарынан көрінбей қалған. Ұшақтың тұрғын үй ауданынан ұшып өтіп, қоғамдық саябақ аумағында жерге құлағаны анықталды.

Еске салайық, сәрсенбі, 8 қаңтарда Тегеран уақытымен 6:00-де Имам Хумейни атындағы әуежайдан Тегеран-Киев бағытымен ұшқан «Украина халықаралық әуе желілері» әуе компаниясының Boeing-737 ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Апатта борттағы 177 жолаушы қаза тапқан болатын.



Ұқсас жаңалықтар