Халықаралық студенттік симпозиум

Симпозиумға Қазақстандық студенттер де мол қызығушылық танытып, өз пікірлерін бөлісті.

414677
Халықаралық студенттік симпозиум

Ыстамбұлда Халықаралық студенттік симпозиум болып өтті. Елу екі мемлекеттен келген шәкірттердің басын қосқан алқалы жиын бір апта көлемін қамтыды. Әуелі Халықаралық студенттік кеңес атауымен шымылдық түрген басқосу, соңыра Халықаралық студенттік симпозиум ретінде жұмысын жалғастырды.


Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған мырзаның құттықтау жеделхатымен ашылған симпозиум жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Ашылу салтанатында қазіргі таңда Түркияда сексен мыңнан астам шетелдік студенттер білім алатыны, осы көрсеткішті 2023 жылы екі жүз елу мыңға жеткізу көзделіп отырғандығы тілге тиек болды. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар талқы өзегіне айналып, шетелдік студенттердің мәселелері жан-жақты зерделенді. Аталмыш мәселе бойынша, шетелдік студенттермен жұмыс істейтін құрылымдардың өкілдері мазмұнды баяндамалар жасады.

Халықаралық студенттер симпозиумы
Секциялық мәжілістер нағыз пікір алаңына айналды. Шетелдік студенттерді оқуға қабылдау жайы, олардың Түркияға келген мезетте тіркелуі және де адаптация мәселелері терең талданды. Тіл үйрету орталықтарында шәкірттердің тіл меңгеру мәселесі бірнеше баяндамаға арқау болды. Алуан пікір алмасылып, қилы көзқарастардың көрігі қызды. Ұсыныс-пікірлер топтастырылып, құзырлы орындардың қарауына жолданатын болды.


Симпозиумға Қазақстандық студенттер де мол қызығушылық танытып, өз пікірлерін бөлісті.


Отанынан жырақ жүрген шәкірттер дүбірлі жиыннан көп мағлұмат алып, Түркия мемлекеті тарапынан жасалып жатқан мол қамқорлыққа ақтарыла алғыс айтып тарқасты.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар