Шежіре дәстүрі – Түркі өркениетінің өзегі

Түркі өркениетінің «өзі» мен «өзгесін» түсіну үшін көшпенді өмір салты қалыптастырған санаға үңілуіміз керек.

Шежіре дәстүрі – Түркі өркениетінің өзегі

Қандай да бір өркениеттің басқа өркениеттермен бәсекелесіп, өзіндік құндылықтар жүйесін қалыптастыруы үшін ең алдымен бірлік ұғымын, бір болу түсінігін қалыптастыруы керек. Дін бірлігі, тіл бірлігі, дәстүр бірлігіне қоса бір өркениеттің мүшелері өздерін бір тұтас кеңістіктің бөлшектері ретінде көрулері керек. Бұл бірлік түсінігі негізінде ортақ дұшпанға, ортақ қатерге қарсы болады. Егер бұл бірлікті «өз» деп атасақ, ол «өздің» қалыптасуы үшін бір «өзге» керек. Әдетте, бұл «өзге» жат өркениет болады. Мысалға, Қытай өркениеті үшін бұл «өзге» солтүстіктегі Ғұндар еді. Иран үшін, ол – Тұран еді. Ал Еуропалықтар үшін шығыстан келген «ат денелі адам басты» Кентаврлар еді. Бұл «өзгелер» осы өркениеттердің аңыздарына, халықтың санасына әбден сіңген болады. Мысалға, 1998 жылы шығарылған Мулан мультфильміндегі Шанйүй бейнесі Қытай санасындағы «өзгені», Шахнамадағы Афрасиаб бейнесі парсы санасындағы «өзгені», ал Еуропа халықтарындағы «Атилла» бейнесі батыс өркениетіндегі «өзгені» көрсетеді. «Өз» әрқашан «өзгені» төмен, ал өзін үстем көреді.
Түркі өркениетінің «өзі» мен «өзгесін» түсіну үшін көшпенді өмір салты қалыптастырған санаға үңілуіміз керек. Бұрынғы бөлімдерде де айтылғандай, көшпенді Түркі санасында отырықшы өркениеттердегідей «біз және олар» бөлінуі емес, «көк аспан мен қара жер» арасындағы адам баласы «біз барлығымыз» деген түсінік басым еді. Оның үстіне «өзге» ұғымы көбінесе географиялық шекаралар болған жерлерде көп болады. Айталық, Кавказ аймағында бір-бірінен мүлдем өзгеше жүздеген халық жасайды. Өйткені таулар табиғи шекаралар ретінде оларды бір-бірінен айырып тұрады. Ал Түркілер мыңдаған шақырымға созылатын жазықты мекендегендіктен, «өзге» ұғымынан көрі, қонақжайлық пен кеңпейілдік мәдениеті орнығады. Сондықтан «Қытай» немесе «сарт» ұғымдары Түркі өркениетінде «өзгені» білдірсе де, Түркілердің «өзі» «өзгеге» қарсы емес, «өзін тануға» құрылады.
Осы өзін тану шеңберінде шежіре дәстүрі ерекше орынға ие. Өйткені ол арқылы Түркілер өздерінің қайдан келгендігін және айналасындағыларға қаншалықты жақын екендігін танып біледі. Бұл түсінікке сай, адам баласының барлығы – түптеп келгенде бір Адамнан туған туысқан. Ал Түріктердің басқалардан, айталық отырықшылардан үстемдігі –Түркілердің ататектерін ұмытпағандығында. Отырықшылар өз ататектерін ұмытып кеткен болып отыр. Бұл туралы «Селчукнама» авторы «Қалаларға барып тұрмаңдар, онда орналаспаңдар. Өйткені қалада тұратындардың елі мен руы белгілі болмайды, олардың тектілігі пен қасиеті қалмайды. Бектік пен тектілік тек көшпенділерде және Түркімендерде болады» деп жазады. Осы Түркі өркениетінің өзегі болған шежіре дәстүрін түсіну үшін Қазақтардың қоғам құрылысы мен бала тәрбиесіне тоқталуымыз керек.
Дәстүрлі қазақ қоғамы ауылдардан тұратын. Ауылдар бірлесіп бір руды қалыптастырады. «Ру» сөзі «ұрық» деген сөзден келіп шығады. Ру дегеніміз – бір атадан тараған ауылдардың жиынтығы. Рулар бірлесіп, бір елді қалыптастырады. Зия Гөкалп ру деген ұғым ататекпен байланысты болса, ел деген ұғым саяси құрылыммен байланысты деп сипаттайды. Яғни рулар бірлесіп саяси құрылым болған мемлекетті қалыптастырғанда бір елге айналады. Ал бұл елдер сосын үлкен ұлыс болып ұйысады. Яғни империяға айналады. Бүгін ұлт болып отырған қазақ, қырғыз, өзбектің негізінде бұрын әрқайсысы дербес саяси құрылым болған елдер бар. Қазақтар бір-бірімен танысқанда, «не елсің?» «қай елсің?» деп сұрайтыны сондықтан. Түптеп келгенде әрбір елдің негізінде бір ру, ал әрбір рудың негізінде бір ауыл болады.
Қазақтың әрбір ауылында бір ата болады. Осы орайда айта кететін жайт, қазақтарда «ата» деген сөз «әкенің әкесін» білдірсе, қырғыз, өзбек, ұйғыр халықтарында «ата» деген сөз әкені білдіреді. Ал қазақтардағы «әке» деген сөз басқа Түркі халықтарында ағаны білдіреді. Мысалға, өзбек пен ұйғыр ағаны «әкә» дейді. Тіпті қазаққа ең жақын қырғыздарда «әке» сөзі, «байке» яғни «бай әке» сөзінде болғандай, ағаны білдіреді. Бірақ та бір қызығы, қазақтар орысша «родители», ағылшынша «парентс», арабша «вели» дегенді «әке-ана» емес, «ата-ана» деп атайды. Демек, бүгін біз «әке» деп жүргеніміз аға болып шығады. Өйткені дәстүрлі қазақ ауылында отбасының иесі ретінде бір ғана әке болады, ол да – ата. Ал қалғандары «әке» атымен аға орнында жүреді.
Атаның ең басты міндеттерінің бірі – балаларға жеті атасын үйрету. Яғни, Түркілердің әлемді қабылдау, айналаны ұғыну жолы – шежірені жастардың бойына сіңіру – атаның міндеті. Аталар ұлғайған жастарына байланысты көненің көзі саналған. Сондықтан олар ең алдымен ұрпақтарына туысқандық қатынастарды үйретіп отырған. Өйткені туысқандық қатынастарды үзбеу – Түркілердің ең басты ерекшелігі. «Бармасаң – келмесең, жат боласың; Алмасаң – бермесең, сарт боласың» деген сөз ағайынын іздеудің Түркілердің негізгі қасиеті екендігін көрсетеді. Сондай-ақ «қарға тамырлы қазақ» деген тіркес те барлық қазақтың бір-бірімен туысқандық-жекжаттық қатынаста болатынын аңғартады.
Қорыта айтқанда, Түркі өркениетінің бірлік түсінігін шежіре дәстүрі қалыптастырады. Бұл дәстүрге сай, Түркілердің барлығы бір атадан тараған. Ал басқа өркениеттермен де түптеп келгенде бір атада қосылатын болғандықтан, оларды «өзге» деп атауға болмайды. Сондықтан Түркілер, әсіресе қазіргі Қазақтар басқа халықтармен туысқандық қатынасын білуге құмартып тұрады. Өйткені көшпенділердің басқаларды түсіну, ұғыну жолы осы. Басқаша айтқанда оларды бөтен ретінде емес, туысқан-жақын ретінде көруге тырысады. «Сұрай келе қойныңдағы қатыныңмен қарын бөле болып шығасың» деген мақал әлемдегі барлық адамдармен жақын-туысқан екендігіне сенетін шежіреге сүйенген Түркі санасының көрсеткіші.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар