Он екі жыл бір мүшел – Түркі өркениетінің төл күнтізбесі
Әрбір өркениет өзінің күнтізбесімен, жыл санауымен ерекшеленеді. Күнтізбелер әрбір өркениеттің неге мән беретінін көрсетеді.
Әрбір өркениет өзінің күнтізбесімен, жыл санауымен ерекшеленеді. Күнтізбелер әрбір өркениеттің неге мән беретінін көрсетеді. Мысалға, қазіргі қолданып жүрген күнтізбеміз Григориян күнтізбесі деп аталып, бастауын Иса пайғамбардың туылуынан алады. Бұл күнтізбе батыс өркениеті бүкіл әлемді өзі ықпалына алғаннан кейін жалпыласа бастады. Ал одан бұрын Ислам өркениетінің елдері Мұхаммед Пайғамбардың Меккеден Мәдинаға хижрет етуімен, яғни көшуімен басталатын Хижри күнтізбесін қолданатын еді.
Демек, әрбір халықтың өзіне тән күнтізбесінің болуы ол халықтың өзіндік өркениет қалыптастырғандығының белгісі болып табылады. Осы тұрғыдан қарағанда, Түркілердің де өзіндік күнтізбесін қалыптастырғанын көреміз. Түркілердің төл күнтізбесі он екі жылда бір айналып келетін жылсанауы болып саналады. Әрбір жыл бір жануардың атымен аталады. Қазақтар осы он екі жылдың бір айналуын бір мүшел деп атайды. Ал көне Түркілер он екі жылды бір «шақ» деп атайтын еді.
Бұл күнтізбе туралы түрлі аңыз-әңгімелер бар. Мысалға қазақ әдебиетінде осы он екі жылға өз атын беруге жануарлар арасында талас болғандығы айтылады. Ақырында таңертең Күнді алғаш көрген аң жылдың басы, ал одан кейінгілер өз ретіне сай орын алатын болып келіседі. Аңыз бойынша түйе бойына сеніп, қалып қояды. Ал тышқан ақылдылығымен күншығысқа емес, күнбатыстағы тауға қарап тұрады. Өйткені Күн сәулелері алдымен сол тауға түсетін еді. Күнді алғаш көрген тышқан жыл басы болады. Одан кейін ретімен сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз келеді. Халифа Алтайдың келтірген мәліметіне сүйенсек, қазақтар бұл он екі жылдың ретін шатастырмау үшін мына өлеңді жаттап алады:
Түйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жылдардан.
Жатпа қарап, мойыма,
Тайма именіп ділмардан.
Мұндағы әрбір сөздің бас әрпі он екі жануардың бас әрпіне сай келеді. Яғни «түйе – тышқан, сеніп – сиыр, бойына – барыс, қалған – қой, ...» деген сияқты кете береді.
Қазақтар өздерінің өмір жасын осы мүшелмен санайды. Мысалға, қоян жылында туылған адам келесі қоян жылында мүшел жасын толтырған болады. Ал Зия Гөкалп бұл жыл атауларын бұрынғы тотемдік нанымдардың қалдығы деп жазады. Яғни бұл жыл атаулары да ие, кие ұғымдарымен байланысып жатыр. Бұл нанымға сай, адам ненің жылында туылса, сол жануардың мінезін алады.
Десе де, бұл күнтізбенің тек адам өмір жасын өлшеуі үшін шығарылды десек қателесеміз. Жоғарыда келтірілген аңыздан және сол секілді жануарлардың осы күнтізбеде орын алуға таласатынын баяндайтын аңыздардан күнтізбе қажеттілігінің туындағанын және оның он екі жылдық болатындығының алдын ала белгіленіп, бекітіліп қойғандығын аңғарамыз. Басқаша айтқанда, жыл басы туралы аңыздар оқиғаның екінші жартысын баяндайды. Ал бірінші жартысын Махмут Қашқаридің еңбегінде көреміз:
«Түрік Қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл бұрын болған соғыстың дәл қашан болғанын білгісі келіпті. Бірақ соғыстың нақты жылын біле алмапты. Сондықтан Қаған халқымен кеңес құрып, сол құрылтайда былай депті: «Біз сол жылды біле алмай жаңылғанымыздай, бізден кейінгілер де жаңылады. Олай болса, біз он екі жұлдыз бен он екі айдың санындай он екі жылдың әр қайсысына ат қояйық. Жыл санауымызды осыған қарап жүргізейік» депті. Халқы Қағанның ұсынысын қабылдапты. Осыдан кейін Қаған аңға шығып, жабайы аңдарды Іле өзеніне қарай қуыңдар деп бұйрық береді. Халқы аңдарды ығыстырып өзенге қарай қуады. Аңдардың он екісі суды кешіп өтеді. Өзеннен өткен әрбір аңның аты бір жылға беріледі»
Бұл аңыздан аңғаратынымыз, біздің төл күнтізбеміздің негізінде өткенді білу, кешегіні есте сақтау, ғылыми тілмен айтсақ «тарихи жады» жатыр. Өйткені өткенін білмеген халықтың болашағы да бұлыңғыр болады. Өткенін есінде сақтаған халық сол терең тарихынан күш алып болашағына сеніммен қол созады. Ал көне Түркілерде жазба тарих дәстүріне қарағанда ауызша тарих дәстүрі кеңінен дамығандықтан осыған сәйкес күнтізбе қажеттілігі туындаған. Осы орайда Түркілердің бұл күнтізбені Қытай өркениетінен алған деген жаңсақ пікір бар. Атақты француз қытайтанушы Эдуард Шаванн «Түркі күнтізбесі» кітабында бұл күнтізбенің қытайларға түркілерден барғанын дәлелдейді. Бұған қарсы шығатындар күнтізбеде түркілердің дәстүрлі мекенінде өмір сүрмейтін «мешін» яғни «маймыл» және Қытай өркениетінің белгісі «ұлу» яғни «луң – айдаһар» сияқты аңдар бар дейді. Шаванн біздің дәуірімізден бұрынғы бірінші ғасырда Түркілер Үндістанды билеген, сонда мешінді көрген деп жауап береді. Ал «ұлу» Қашқаридің күнтізбесінде «нек» яғни «қолтырауын» ретінде берілген.
Қорыта айтқанда, он екі жылдық күнтізбе – Түркі өркениетінің бір бөлшегі. Өйткені бұл күнтізбе Түркі өркениетінің дүниетанымын білдіреді. Сондай-ақ бұл күнтізбе аталарымызбен заман кеңістігінде байланыс құруымызға септігін тигізеді. Тіпті кейбір шежіре мамандары бұрын қазақтардың әрбір жылға «анықтауыш» қосып, сол арқылы жүздеген жылдарда шатаспайтынын айтады. Мысалға, 144 жылдың ішінде өткен 12 қоян жылының әр қайсысына басқаша сипаттама беріледі. Сонда 12 жыл бұрынғы қой жылы «қоңыр қой жылы», 24 жыл бұрынғы қой жылы «қара қой жылы», одан бұрынғы қой жылы «семіз қой жылы» сияқты жалғаса береді. Бұл – ұлттың тарихи жадын қалыптастырады. Осы күнтізбенің арқасында болар, сегізінші ғасырдағы Екінші Түркі Қағанаты кезінде тұрғызылған тасжазбалар алтыншы ғасырдағы Бірінші Түркі Қағанатында болған оқиғаларды құдды кеше болғандай баяндап береді.