Қазақтың дастарқан дәстүрі

Қазақ халқының бүгін де ұстанып келе жатқан дастарқан дәстүрі көне замандардан бері қалыптасқан салт болып табылады.

293053
Қазақтың дастарқан дәстүрі

Мәдениет, дәстүр деген ұғымдар кітаптарда жазылып қойған абстрактты ұғымдар емес. Олар – қоғамның күнделікті тіршілігімен біте қайнасып жататын, адамдардың бойына сіңген түсініктер мен дағдылар. Басқаша айтқанда, мәдениет, дәстүр дегеніміз жаны бар, тіршілік иесі ұғымдар. Сондықтан Түркі мәдениеті дегеніміз – кезінде ата-бабаларымыз ұстанған, ал қазір тарихтың парақшаларының арасында қалып қойған дүниелер емес, бүгіннің өзінде Түркі халықтары тарапынан қолданылып келе жатқан күнделікті тіршілікке қатысты жүріп-тұру ережелері. Бұл ережелердің және сол ережелер қалыптастыратын ұлттық сананың ұрпақтан ұрпаққа өтіп, жаңа буынға сабақ ретінде үйретілетін ортаның бірі – дастарқан айналасы. Әсіресе бүгінгі күйбің тіршілік пен қауырт-қарбалас өмірде жас ұрпаққа ана тілін, ата жолын үйретудің бірден бірі жолы – дастарқан айналасындағы әңгімелер мен қонақ күтудегі салт-дәстүрлер.
Қазақ халқының бүгін де ұстанып келе жатқан дастарқан дәстүрі көне замандардан бері қалыптасқан салт болып табылады. Әсіресе қонақ келгенде айтылатын сөздер мен жасалатын жөн-жоралғы – ежелден қалыптасқан ережелердің нақ өзі. Қазақтар келген қонақты «төрге шығыңыз», «төрлетіңіз» деп, кірген есіктің тура қарсысына, дастарқанның ең жоғарғы жағына яғни қазақша айтқанда «төрге» шығарады. Төр – қазақтың салт-санасында ең құрметті адамдар отыратын орын. Сондай-ақ Қазақтар өзінің сыйын, қонақты құрметтегендігін көрсету үшін оны төрге шығарады. Төрге әдетте бас қонақ, ауылдың ақсақалы, құдалар отырады. Бұлардан басқа төрге төркіндеп келген қыз отырады. Аталардан қалған «Қыз бала – төр иесі, ұл бала – үй иесі» деген сөз бар.
Егер басқа қонақтар бар болса, жолы мен жасына, атағы мен дәрежесіне сай төрдің оңы мен солына отырады. Ал сыйлы қонақтар көп келетін үйді, «төрт босағасы түгел төр» деп айтатын болған. Бір қызығы кешігіп келген қонақ сыйлы болса да, көбінесе алдыңғы отырған ретті бұзып, жаңа келген қонақты төрге шығара бермейді. Мысалға ел аузында айтылатын әңгімеге қарағанда, бір отырысқа Мұхтар Әуезов кеш барып, төрден алыстау жерге отыруға тура келіпті. Сонда жастар «Аға төрге шықпадыңыз ба?» дегенде, «Мен отырған жер төр болады» деп жауап берген екен.
Төрдің қарсысы есік болып саналады. Төрмен есіктің арасындағы адамның отырған орны оның қоғамдағы дәрежесі мен сый-құрметін білдіреді. Мысалға қазақтың бір мақалы былай дейді:
Атадан жақсы ұл туса,
Есіктегі басын төрге сүйрер.
Атадан жаман ұл туса,
Төрдегі басын жерге сүйрер.
Төрде негізінен қолына билік ұстаған ел басы, ел ағасы, елдің үлкені отыратын болғандықтан және төрде отырған адам төрелік айтатын болғандықтан келе-келе төрдің «билік» мағынасы да шыға бастаған. Осы тұрғыдан қарағанда, «мәңгі елді» орнатқан «Көк Түріктер» мен оны қайта қалпына келтірген Шыңғыс тұқымы «төрелер» арасында байланыстың болуы әбден мүмкін. Яғни «түрік» я да «төрік» атауымен «төре» атауының түбірі бір болуы ықтимал. Екі атау да төр сөзінен тарап, төрде отыратын, төрелік айтатын, ең маңыздысы билік жүргізетін дегенді білдірсе керек. Тағы бір қызықты жайт, бүгінгі маңғол тілінде «төр» сөзі «мемлекет» деген мағынаны білдіреді. Енді бір жағынан латын тілдерінде тақты «трон» деп атауы да кездейсоқ емес секілді.
Демек, төре сөзінің түбірі де төр болып табылады. Ал бүгінгі Ыстанбұл түрікшесінде «төре» сөзі дәстүрлі заң мағынасына келеді. Махмут Қашқари де төр сөзінің заң мен тәртіп мағынасын беріп, мына мақалды келтіреді: «Күш есіктен кірсе, төре түңліктен шығар». Яғни қара күш, зорлық-зомбылық пен зұлымдық болған жерде заң мен тәртіп, әдеп пен дәстүр болмайды дегені екен.
Бұл тұрғыдан қарасақ, «Түрік» пен «Төре» қолында заңдық күші бар, заңды қорғаушы деген мағынаға келеді. Көне Түркі тасжазбаларында «төре» сөзі көбінесе «ел» сөзімен қатар қолданылған. Мысалға: «Үстімізде көк аспан, астымызда қара жер жаратылғанда, ортасында адам баласы жаратылыпты. Ал адам баласының үстіне бабам Бумын Қаған мен Истеми Қаған отырыпты. Түрік ұлтының елін, төресін қалыптастырыпты, орнықтырыпты.» Ал басқа жерде былай дейді: «Түрік-Оғыз бектері мен Түрік ұлты, есітіңдер! Жоғарыдан аспан баспаса, төменде жер телінбесе, ей Түрік ұлты, еліңді, төреңді кім бұза алады?» Бұл жолдардан шығаратынымыз, ел болу үшін, мемлекет құру үшін алдымен заң керек, хұқық керек, салт керек, дәстүр керек. Ал бұл заңның, құқықтың аты Түрік төресі. Ибаһим Кафесоғлұның сөзімен жеткізсек, «Түркі мемлекетінде қоғамдық құқық пен билеушілердің міндеттерін айқындайтын, қолданылатын жазаларды белгілейтін жүйе – төре еді» Ал Петер Голден «Төре Қаған таққа отырғанда қабылданады немесе бекітіледі» деп жазады.
«Ел» мен «төре» сөздері тіркессөз ретінде көбінесе қатар қолданылса да, Махмут Қашқари еңбегінде «Ел қалар, төре қалмас» деген мақалды келтіріп, оған былай түсінік береді: саяси құрылымдар ескіріп қалады, жойылып кетеді, ал әдет-ғұрып пен салт-дәстүр ескірмейді. Содан болар «Мәңгі ел» қайта-қайта қалпына келіп отырған. Өйткені Түркілердің мемлекеттері ыдыраса да, ол елдің негізі, рухы – төре, яғни салт-дәстүр халықтың санасынан шықпаған.
Олай болса, Қазақтардың дастарқан айналасында отыру реті, төрмен есіктің аралығында әркім өз орнын біліп рет-ретімен жолы мен жасына, атағы мен дәрежесіне сай қатарласып отыруы – жай ғана күнделікті әдет-дәстүр емес, ғасырлар бойы қалыптасқан сананың жалғасы. Тіпті керек болса, Қазақтың дастарқан дәстүрін көне Түркі ресми протоколының бүгінгі сарқыншағы, көлеңкесі, сабақты жалғасы десек артық емес. Бәлкім «Отан от басынан басталады» деген аталы сөзді осы тұрғыдан «ел мен төре ошақ пен төрден басталады» деп толықтырып, мәнін ашып қойсақ болатын сияқты.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар