Еуразия тынысы 19

Еуразия одағының келешегі

81794
Еуразия тынысы 19

* * *
Ресейдің көшбасшылығымен 2015 жылы құрылуы жоспарланып отырған Еуразия Одағына байланысты әзірліктер жүріп жатыр. Бұдан бұрын Еуразия Экономикалық кеңеcіне мүше елдердің елбасылары 24 желтоқсан 2013 жылы Мәскеуде бас қосып, 2014 жылы атқарылуы тиіс істерді талқылаған болатын. 29 сәуірде де мамыр айында өтуі жоспарланған Еуразия Экономикалық саммиті қарсаңында Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко Минскіде бас қосты. Лукашенко конвенцияның толықтай әзір болуы үшін Еуропа Экономикалық Одағының құрылуы туралы келісім шартқа қол қоюды кейінге қалдыруға ұсыныс жасады. Еуропа экономикалық Одағының құрылуы туралы келісім шарт үшін белгіленген уақытқа аз қалғанын еске салған Беларусь президенті үш ел бірігіп құрған Кеден Одағына жаңадан қосылатын елдерге арнайы статус беруге қарсы шықты. Ресей президенті Владимир Путин болса ортаға шыққан проблемаларды шешуге болатына тоқтала келіп, «Мамандар шеше алмай отырған мәселелер бар. Мен әріптестерімнің қосымша жұмыстар жүргізе отырып, мәселелерді шешуге болады деген пікірлеріне қосыламын. Бұл құжат та біздің қарым-қатынастарымызды нығайтуға мүмкіндік береді. 170 миллион халқы бар ұлан-ғайыр нарыққа иеміз» деді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та әлі шешуін таппай жатқан 3-4 мәселе бар екенін айта келіп, оларды шешуге мүмкіндік бар екенін білдірді. Аталмыш саммит 29 мамырда Астана қаласында өтеді.
Ресей президенті Владимир Путин жиыннан қайтып оралғаннан кейін Ресей үкіметіне Еуразия Экономикалық Одағы конвенциясының жобасын тездетуге тапсырма берді. Минскіде саммиттің өте табысты өткенін айтқан Ресей президенті «айтыс-тартыс та болды, бірақ ақыр соңында бұл тұжырымдамаға қол қоюға кедергі келтіріп тұрған мәселелерді шештік» деді. Еуразия Кеден Одағына кіру дайындықтарын аяқтай алмаған Армения Минскіде өткен саммитте тұжырымдамаға қол қоя алмады.
Армения экономика министрі Варгам Аванесян 19 сәуірде жасаған мәлімдемесінде Арменияның Кеден Одағына кіру келісім шартына 29 сәуірде қол қоятынын айтқан болатын.
Ал Молдованың Социалистік партиясы Молдованың Кеден Одағына кіруі үшін күш жігер салуда. Бұдан бұрын Молдоваға қарасты Гагауз автономиялық аймағы 2 ақпанда референдум өткізіп, Кеден Одағына кіруге шақырған болатын.
Еуразия Одағына байланысты тағы бір іс шара Қазақстанда өтті. 12-ші халықаралық Еуразия медиа форумы, 24-25 сәуір арасында Астанада өтті. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен форумға Қазақстан парламенті төрағасының орынбасары, Еуразия медиа форумы төрағасы Дариға Назарбаева, мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков, сыртқы істер министрі Ерлан Ідірісов, көптеген саясатшы, ғалымдар мен журналистер қатысты.
Форумда әлемнің жаңа құрылымы, Украинадағы дағдарыс, Ресей мен батыс арасындағы кикілжің, Сириядағы азамат соғысы, АҚШ пен Иран арасындағы атом жобасы келіспеушілігі, Еуразия интеграциясы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның атсалысуымен құрылған және халықаралық платформалардың біріне айналған форумға 60 елден 5000 адам келді және 500-ден астам шетелдік және жергілікті баспасөз құралдары өкілдері қатысты.
* * *
Осы оқиғаларға назар аударсақ 2015 жылы құрылуы жоспарланып отырған Еуразия экономикалық Одағының алдында ешқандай кедергі жоқ сияқты. 30 сәуірде Еуроодақ пен АҚШ санкцияларының Еуразия интеграциясына қандай әсер тигізуі мүмкін деген журналистердің сұрағына жауап берген Путин «Ешқандай әсері болмайды. Себебі бұл тек қана интеграцияға қатысы бар елдерге қатысты мәселе» деп жауап берді.
Ресей Еуразия Одағы мақсатына жету үшін ешқандай шығыннан қашып отырған жоқ. Ресейдің соңғы 5 жыл ішінде Орта Азия елдеріне берген жәрдемі 4 миллиард 500 мың долларға жетті. Екі жақты келісім шарттар мен халықаралық жекелеген ұйымдар мен қорлар арқылы Ресей тарапынан жасалған жәрдемдердің ауқымды бөлігі Орта Азия елдеріне беріліп отыр. Аймақта орыс инвесторлар белсенді рөл ойнайды. Қазіргі таңда аймаққа жасалған жалпы жәрдем көлемі 16 миллиард 400 миллион долларға жетті. Сонымен қатар Ресей территориясында Орта Азия азаматтарына жұмыс істеу мүмкіндігі беріліп отыр. Өткен жылдың мәліметтеріне қарағанда Орта Азиядан Ресейге жұмыс істеу үшін келген адамдар елдеріне 12 миллиард доллар шамасында валюта жіберген. Бұлар Еуразия Одағының құрылуында Ресейдің позициясын күшейтіп отырған маңызды нәрселер. Украинадағы жағдайлар нәтижесінде Путиннің ел ішіндегі рейтингі жоғарылаған. Соған қарамастан бәрі керемет дей алмаймыз. Еуразия Одағының ең маңызды құрамдас бөлігі болып саналып жүрген Украинада азамат соғысы қаупі бар.
Қырғызстанның Кеден Одағына мүше болуын зорлау ретінде қарауға болады. Қырымның Ресей тарапынан басып алынуынан кейін Ресейге интеграцияны жоспарлап жүрген елдер тағы да жан-жақты ойланатын болады. Мұны Ресейдің бауыры болып саналып жүрген Беларустың президенті Лукашенконың соңғы кездерде сөйлеген сөздерінен де байқауға болады.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар