Көмір импортына тыйым салу шешімі бүгін күшіне енді

Ресейден көмір импортына тыйым салуды қамтитын санкциялар пакеті күшіне енді.

1866131
Көмір импортына тыйым салу шешімі бүгін күшіне енді

Еуропалық Одақтың (ЕО) Ресейден көмір импортына тыйым салу шешімі бүгін күшіне енді.

Еуроодақ елдері сәуір айында қабылдаған Ресейден көмір импортына тыйым салуды қамтитын санкциялар пакеті өтпелі кезеңнің аяқталуымен күшіне енді.

Осылайша жылына 8 миллиард еуроны құрайтын Ресейден шығатын немесе одан экспортталатын көмірді және басқа қатты қазбалы отынды сатып алуға, импорттауға немесе ЕО-ға беруге тыйым салынды.

ЕО-ның Ресейге қарсы энергетикалық санкцияларының біріншісі көмір сатып алуға тыйым салу болды. Ал Ресейден мұнай импортына тыйым салу желтоқсан айында күшіне енеді деп күтілуде.

ЕО елдеріне ең көп көмір жеткізген ел Ресей болатын. Ресей көмір экспортының 25 пайызын Еуропаға жасайтын.

Ал Еуропалық Одақ елдері көмір импортының 45 пайызын және электр энергиясын өндіруде қолданылатын жылу көмірінің 70 пайызын Ресейден қамтамасыз ететін еді.

Ресей Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, Ресей 2021 жылы ЕО-ға 48,7 миллион тонна көмір сатты.



Ұқсас жаңалықтар