Татарлар және Қазан хандығы
Түрік тілінің байлығы - 6
Татарлар және Қазан хандығы
Түрік тілі 15 ғасырдың басынан 20 ғасырдың алғашқы жылдарына дейін шығыста шағатай тілі, батысты Османлы тілі деп аталатын екі жазба тілі негізінде жетілді. Түрік тілін қолданатындар аталмыш дәуірде батыста тарихтың ең мықты және ең ұзын ғұмырлы мемлекеті Османлы Империясы кезеңінде ең жарқын дәуірін бастан кешсе, шығыста Алтын Орда хандығының ыдырауымен жаңа одақтар құрылды. Осы шеңберде Қазан, Қырым, Астрахан, Қасым, Сібір және Түркістан хандықтары қалыптасты. Қазан татарларының тарихы сол кезде Еділ өзені жағасында құрылған Қазан хандығына сүйенеді. Аталмыш хандық 1552 жылы Иван Грозный деп те аталған Иван IV тарапынан Орыс империясы құрамына алынған соң, шығыс түріктерінің тарихында жаңа дәуір басталды. Осы дәуірдің жалғасы бүгінгі тәуелсіз Түрік республикалары және қауымдастықтарының шекарасында мәдениет пен тілінің қазіргі жағдайға келуіне іргетас қалады. Басқаша айтқанда шығыс түріктерінің орыс билігіне кіруі бастау болды. Сондықтан Қазан хандығы тек татар түріктерінің тарихында ғана емес, сонымен бірге түрік әлемі тарихы тұрғысынан да бетбұрыс болды деуге болады.
**
Татар есімі бірінші рет Орқын жазбаларында «Отыз татар» және «Тоғыз татар» деген атаулармен кездеседі. Алайда жазбалардағы осы этникалық атаулардың түрік тайпалары үшін емес, моңғол тайпалары үшін қолданылғаны жөнінде тұжырым бар. Татар есімі артынан Махмұд Қашқаридің атақты «Диуани лұғат ат-түрк» атты еңбегінде кездеседі. Махмұд Қашқари аталмыш шығармасында татар халқын түрік тайпасы, түрік ұлты деп атайды. Кейбір ғалымдар татарларды түріктер мен моңғолдардың араласуынан қалыптасқан деп алға тартады. Алайда көпшілік моңғол басқыншылығы барысында солтүстік Қаратеңіздің далалық жерінде көшпенді қыпшақтардың өмір сүргенін, аймаққа келген моңғолдардың түрік тайпаларына араласып, уақыт өте келе түрік тілін қабылдағандары туралы айтады. Татарлардың өз аттарымен тарих сахнасына шығуы Алтын Орда кезіне дөп келеді.
**
Бүгінгі күні Еділ аймағында өмір сүретін татарлар мен Қырым түбегінде өмір сүретін татарлар Алтын Орда кезінде бір халық ретінде қалыптасса да, Қазан хандығы мен Қырым хандығы кезінде бір-бірінен алыстады. Уақыт өте Қырым татарлары 15-18 ғасырларда Османлы территориясына қосылды. Еділ өзені жағасында өмір сүретін татарлар болса 16 ғасырда Қазан хандығы құлап, орыс билігіне кірді. Осы үдеріс Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы, артынан бүгінгі Ресей Федерациясына дейін жалғасты.
**
Доктор Саида Бурханиддинова тарапынан дайындалған «Түрік тілінің байлығы» атты бағдарламаның 6-шы бөлімінде татар халқы және олардың шығыс түркілер тарихындағы орны туралы айтып бердік. Келесі бағдарламада татар тілін әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан қолға аламыз.