Сұлтан Ахмет мешіті мен алаңы

Капитанның борт журналы - 10

2160954
Сұлтан Ахмет мешіті мен алаңы

Сұлтан Ахмет мешіті мен алаңы

Капитанның борт журналына қош келдіңіз.

Біз Стамбулдың адамдар  ең көп баратын жерлерін аралауды жалғастырамыз. «Жиһанкез» қайығымызды Эминөні айлағынан қалдырып, Сұлтан Ахмет алаңына қарай бет алдық. Бұл алаңның айналасында ерекше ғимараттар мен тарихи ескерткіштер орналасқан. Осы себепті алаң жергілікті болсын, шетелдік болсын барша адамның назарын аударады және бұл назарға барынша лайық. Сұлтан Ахмет мешіті, Айя-София мешіті, Неміс субұрқағы, Йеребатан цистернасы, Обелиск... Осылардың бәрін санап неге уақытымызды жоғалтып отырмыз? Ең дұрысы - уақытты босқа өткізбей, саяхаттауды бастау.

Сұлтан Ахмет алаңы ерте заманда, кейін Византия империясы кезінде ипподром ретінде пайдаланылған. Мұнда көптеген жарыстар өткізіледі, бірақ алаңда көбінесе арба жарыстары өтеді. Ипподром сол кезде мүсін және ескерткіштермен безендірілген, бірақ өкінішке орай олардың көпшілігі IV ғасырдағы Крест жорығы кезінде  талан-таражға түсіп, шетелге әкетілді. Крестшілер бұл туындылардың кейбірін көлемі мен салмағына байланысты көтере алмай, тұрған жерінде қалдырған. Солардың бірі – Дикилиташ деп аталатын Обелиск. Рим дәуірінде Мысырдан әкелінген граниттен жасалған Обелиск ипподромның қақ ортасына қойылған. Төрт жағы иероглифтермен ойылған Обелиск бүгінде Сұлтан Ахмет алаңының ортасында тұр. Алаңдағы өткенді бүгінге жеткізген басқа туындылар – Жылан немесе Бурма бағанасы және Константин обелискі.

Османлы дәуірінде ипподром алаңға айналған. Бұл жер Ат алаңы деп аталып кетті. Бұл алаңда мерекелер өткізіліп, найза ату секiлдi ойындар ойнатылып, ханзадалардың сүндет тойлары өткізілген. Стамбул басып алынғанда Халиде Эдип 1920 жылы өзінің әйгілі митингісін Сұлтан Ахмет алаңында өткізді.

Енді алаңды қоршап тұрған ғимараттарға назар аударайық. Айя-София мешітінің бағытына қарағанымызда неміс субұрқағы деп те аталатын Кайзер Вильгельм субұрқағын көреміз. Субұрқақты неміс императоры Османлы сұлтанына сыйлық ретінде салған. Германияда салынған субұрқақ бөлшектеп тасымалданып, қазіргі орнында жиналды. Субұрқақтың көз тартарлық жасыл күмбезінің ішіне мұқият қараңыз, алтын мозаикалық әшекейлерге таң қаласыз.

Ал енді алаңмен аттас, Айя-Софияның дәл қарсысында орналасқан керемет Сұлтан Ахмет мешітін көретін кез келді. Сұлтан Ахмет мешіті – Осман империясының алты мұнарасы бар алғашқы мешіті. Интерьердегі көгілдір реңкті түстерге байланысты батыс әлемінде «Көгілдір мешіт» деген атпен белгілі. Ал сіз бұл көк түстің қайдан шыққанын білесіз бе? Ішке кіріп, оның себебін өз көзімізбен көрейік. Көгілдір мешітте еденнен төбеге дейін жиырма мыңнан астам плитка бар. Ішіндегі басым көк түс осы осы фарфорлардың әсерінен. Көк, жасыл, күлгін және қызыл реңктер қолданылған бұл фарфорларда қызғалдақ, қалампыр, шегіргүл, жүзім бұтақтары, гиацинт және жасмин мотивтері салынған.

Түстер мен өрнектердің көптігінде адам өзін жоғалтқандай болады және қайда қарау керектігін білмей шатасып қалады. Екі жүзден астам терезеден құйылған нұр мешітті ғана емес, адамның ішін де нұрландырады. Бір кездері бұл терезелер түрлі-түсті әйнектермен, яғни витраждармен жабылған. Бұл витраждар өздерінің жарық әсерімен мешітте сиқырлы атмосфераның қалыптасуына ықпал етіп, әсіресе батыс саяхатшыларына елеулі әсер қалдырды.

Сұлтан І Ахмет Стамбулдың түкпір-түкпірінен көрінетін мешіттің салынуын қалайды. Алайда бұл мешіттің көлемі жағынан ғана емес, көркемдігі жағынан да әсерлі болуын талап етеді. Мешітті әлемге әйгілі Мимар Синанның шәкірті, сонымен қатар інжу-маржан шебері Седефкар Мехмет аға жобалап, салған. Сондықтан да Көк мешіт – талғамы мен эстетикасы әр нүктеден көрінетін әсерлі туынды. Бұл – мәрмәр, інжу-маржан, ағаш шеберлігі, алтын жалатылған әсем мінбері, әрине керемет фарфорларымен мағынасы ғибадатханадан асатын  бір ғимарат.

Сұлтан Ахмет мешіті, Хункар сарайы, медреселер, дүкендер, монша, субұрқақ, асхана және басқа бөлімдері бар әлеуметтік кешен ретінде салынған. Бұлардың барлығы бүгінгі күнге дейін сақталмағанымен, Сұлтан Ахмет мешіті әлеуметтік кешенімен бірге Стамбулдағы ең үлкен құрылыс кешендерінің бірі болып табылады.

Сұлтан Ахмет мешіті Стамбулдың тарихи аумақтары аясында ЮНЕСКО-ның Әлемдік  Мұра тізімінде. Бүгін біз тарихи түбектегі сәулеті және ерекше әшекейлерімен көз тартатын Сұлтан Ахметте болдық.



Ұқсас жаңалықтар