Ресей-Украина соғысы энергетика саясатына қалай әсер етті?

Энергетика әлемі - 28

2160301
Ресей-Украина соғысы энергетика саясатына қалай әсер етті?

2022 жылдың ақпан айында басталған Ресей-Украина соғысы табиғи газдың басым бөлігін Ресейден қамтамасыз ететін Еуропаны қатты алаңдатты. Ресей ЕО-ның өзіне қойған шектеулерінен кейін табиғи газды тек рубльмен сататынын мәлімдеді. Сонымен бірге Еуропаға экспортталатын газды шектеді. Бұл жағдай әсіресе 2022 жылдың екінші жартыжылдығында газ бен электр қуатының бүкіл әлемде қымбаттауына себеп болды. Дәл осы сәтте Балтық теңізі арқылы Германияға Ресейдің табиғи газын жеткізетін «Солтүстік ағын» құбырына шабуыл жасалып, жарамсыз болып қалды. Сұраныс артқан сайын табиғи газ бен электр энергиясы да қымбаттады. Бұл жағдай бүкіл әлемге, әсіресе Еуропаға әсер етті.

Табиғи газдың жартысына жуығын Ресейден қамтамасыз ететін Еуроодақ елдері ағынның үзілуімен бағытын сұйытылған табиғи газға (СТГ) бұрды. ЕО-тың СТГ импорты 2019 жылдан 2023 жылға дейін екі есе өсті. Осы кезеңде Норвегия 53,4 пайызбен Еуропаға ең көп табиғи газ жеткізген ел болды.

Алжир 15,9 пайызбен Норвегиядан кейін келеді. Алайда дағдарыс Еуропаға қатты әсер етті. 2022 жылдың 2-жартысында Германия мен Франция үнемдеу пакеттерін іске қосты. Мемлекеттік мекемелерді жылытуға және жарықтандыруға үлкен шектеулер қойылды. Соғыстан бері үш жыл өтті, Еуроодақ елдерінің сұйытылған табиғи газға деген сұранысы жалғасуда.

Анадолы агенттігінің ЕО Энергетикалық реттеушілер ынтымақтастық агенттігі жариялаған есеп туралы хабарына қарағанда жаһандық СТГ тұтынуы соғыс басталғалы рекордтық деңгейде көтерілді. 40 миллиард текше метрден астам артып, 557 миллиард текше метрге жетті.

Еуропа 2021 жылмен салыстырғанда 57 миллиард текше метрге көтерілумен сұраныстың ең көп артқан аймағы болды және жалпы СТГ саудасының төрттен бірінен астамын құрады.

Ресей-Украина соғысынан кейін Еуропада пайда болған энергетикалық дағдарысты СТГ және сақтауға бет бұру арқылы шешкісі келген елдердің арасында Германия іске қосқан нысандармен СТГ импортында ең жоғары өсімге қол жеткізді.

ЕО елдері 134 миллиард текше метр СТГ импорттады, оның шамамен 18 миллиард текше метрі Ресейден сатып алынды.

Франция 30 миллиард текше метр, Испания 25 миллиард текше метр СТГ импорттады. Бұл елдерден кейін кезегімен Нидерланды, Италия және Бельгия орын алады.

Газ экспорттаушы елдер форумы (GECF) жариялаған соңғы есеп бойынша, батыс елдері наурыз айында құбырлар арқылы жалпы 14 миллиард текше метр табиғи газ импорттады. Наурыз айында ЕО тарапынан құбыр желілері арқылы сатып алынған табиғи газдың көлемі өткен жылдың бірдей айымен салыстырғанда 4 пайызға өсті.

Ресейдің 2023 жылдың бірінші тоқсанына қарағанда биылғы жылдың бірінші тоқсанында Еуроодаққа құбыр арқылы жіберілген табиғи газ көлемі 23 пайызға артып, 7 миллиард текше метрден асты. Ресейден ЕО-қа жіберілген газдың 53 пайызы Түркия арқылы тасымалданды.

Наурыз айында болса Еуроодақ тарапынан құбыр желілері арқылы сатып алынған табиғи газ көлемі өткен жылдың бірдей айымен салыстырғанда 4 пайызға артты. Наурыз айындағы газ импорты 2022 жылдың желтоқсан айынан бері ЕО-қа айына өқбыр газы импортының ең жоғары деңгейі болды.

Биылдың алғашқы үш айында Еуроодаққа құбыр желісі арқылы ең көп газ экспорттаған ел 57 пайызбен Норвегия, одан кейін 18 пайызбен Ресей және 17 пайызбен Алжир болды.

Ресей-Украина соғысына байланысты ЕО жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салуды тездете бастады. ЕО 2023 жылы электр қуатының 44 пайызын жасыл энергия көздерінен өндіріп, рекорд жаңартты. Оның 27 пайызы жел мен күн энергиясынан құралған.

Көптеген ел Атом электр станциясын жабу туралы жоспарларын кейінге қалдырды. Германия мен Францияның қарқынды қысымымен Атом электр стансалары «Жасыл энергия» санатына жатқызылды.

Соғыс АҚШ-ты да еуропалық энергетика нарығына бағыттады. ЕО мен АҚШ арасында СТГ келісіміне 2022 жылы қол қойылды. Келісім ЕО елдерінің АҚШ-тан жылына 50 миллиард текше метрге дейін СТГ сатып алуын қамтиды.



Ұқсас жаңалықтар