Шавкат Мирзиеев Венгрияға сапармен барды
Еуразия күн тәртібі – 07-2022

Бүгінгі бағдарламамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Венгрия сапарына тоқталамыз.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 2022 жылы 3-4 қазан күндері арасында Венгрияға қарымжы сапармен барды. Еске сала кетейік, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан 2021 жылы 29-31 наурыз арасында Өзбекстанға ресми сапармен барып, сапар кезінде екі ел қарым-қатынастары стратегиялық өреге көтерілген болатын.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевті 2022 жылы 4 қазанда Будапештте Венгрия Президенті Каталина Новак ресми салтанатпен қарсы алды. Венгрия мен Өзбекстан президенттері екі жақтылы қарым-қатынастар жайлы көзқарас алмастырды. Президент Мирзиеев венгр әріптесін Өзбекстанға шақырды.
Сол күні президент Шавкат Мирзиеев Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен оңаша бас қосты және делегациялар арасында кездесулер өткізілді. Кездесулерден кейін екі ел арасында 15 келісімге қол қойылды. Венгрияда Өзбекстан өкілетті елшілігін ашу жайлы келісім жасалды.
Президент Шавкат Мирзиеев сапар аясында Венгрияның басты іскерлері және банк қызметкерлерімен кездесті. Өзбекстан тарапы венгр іскерлерге арналған еркін экономикалық аймақ құруға дайын екенін жариялады.
3 қазанда Будапештте екі ел министрлерінің қатысуымен Венгр-Өзбек Бизнес форумы ұйымдастырылды. Форум аясында бір миллиард долларлық ынтымақтастық келісімі жасалды. Венгрия мен Өзбекстан ортақ сауда мөлшерін 500 миллион долларға жеткізуді нысанаға алды. Өткен жылы екі елдің ортақ сауда мөлшері 114 миллион доллар болды.
Венгрияның Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто 2022 жылы 4 мамырда Өзбекстанға сапарлай барып, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары, Инвестициялар және Сыртқы сауда министрі Сердар Умурзақов және Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Владимир Норовпен кездесті. Венгрия Өзбекстанмен және жалпы Орталық Азия Республикаларымен Үкіметаралық комиссия жиналыстарын жалғасты өткізіп келеді. Сол себепті Венгрияның аймақ елдерімен қарым-қатынастары да тұрақты дамуда.
Будапештте Өзбекстан мен Венгрия ортақ инвестиция қорын құруға келісті. Осындай ортақ инвестиция қаржылары қарым-қатынастардың жылдам дамуы мен нәтижелі ынтымақтастықтардың артуына есе қосып келеді.
Президент Мирзиеевтің Будапешт сапарында Венгрияның «Stipendium Hungaricum» бағдарламасы аясында өзбекстандық студенттерге бөлінген стипендия саны 170-ке дейін артқаны хабарланды. Білім беру мен ғылым салаларындағы венгр-өзбек қарым-қатынастарын бекемдейтін жаңа келісімдерге Мирзиеевтің сапары кезінде қол қойылды.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан президент Шавкат Мирзиеевпен кездесуінде 2022 жылы 11 қарашада Самарқандта өтетін Түрік Мемлекеттер Ұйымы саммитіне қатысатынын айтты.
Венгрия Түрік Мемлекеттер Ұйымының жұмыстарына белсенді қатысуда. Өздерін Қыпшақ түркілерінің ұрпағы деп есептейтін Венгрияның Түрік Мемлекеттер Ұйымына толық мүше болуы ұйымды күшейте түседі.
Өзара ниет пен талпыныстар арқылы Өзбекстан мен Венгрия арасында ғылым, технология, білім беру, ауыл шаруашылығы, жергілікті әкімшіліктер, сауда, экономика қатарлы салалардағы ынтымақтастық тың өреге көтерілді. Президент Мирзиеевтің сапары екі жақтылы ынтымақтастықтың дамуына үлкен есе қосады.