Харпут ежелгі қаласы

Анадолының тұңғыштары - 45

1858411
Харпут ежелгі қаласы

 

Анадолы  - мыңдаған жылға созылған тарихымен  өркениеттер қанат жайған жер.  Адамды әрдайым таңғалдыратын, белгісіз жайттар шығып жататын, жаңалықтарымен әлемге жол көрсеткен мекен. Жер бетінде адам аты атала бастағаннан тарих сатыларының барлығына дерлігінде Анадолының есімі кездеседі. Аталарымыз ыдыс-аяқ жасай бастаған неолитикалық дәуір мен артынан басталған энеолитикалық дәуірден қалған көптеген елді мекен табылған осы топырақта. Бұлардың әрқайсысында адам баласы тарихының маңызды сатылары болған.

Энеолит дәуірі  тас-мыс кезеңі деп аталады.  Алайда көбіне Мыс дәуірі деп айтылады.  Анадолы жерінде мыс дәуірінен қалған көптеген маңызды қоныстардың басында Евфрат өзені бойындағылар бар.  Мезопотамия өркениеттерінің өзегі мен негізін қалыптастырған осы қоныстардың бірі Харпут туралы айтып береміз бүгін.

**

Мыс дәуірі – тастың орнына металл келген,  мыс секілді түрлі металл түрлері кең тараған және мыстан жасалған құралдар артқан бір дәуір. Тіпті адам баласының кезекті дәуірлеріне қатты әсер еткен, қақтығыс пен соғыстарға себеп болатын «сынып» ұғымы да қалыптаса бастаған шақ. Сонымен бірге адамдар бірте-бірте отырықшы тұрмысқа көше бастайды. Ірілі-ұсақты елді мекендер саны арта түседі. Ауылдардың шағын қалаларға айналуы, жаңа басқару түрлерінің ортаға шығуы, шеберлердің түрлі салаларда мамандануы да осы дәуірге тап келеді.

Экономика және сауда дамып,  Евфрат өзені жағасында көптеген қоныс пайда болады. Элазыгдағы Харпут ежелгі қаласы да осылардың бірі. Көбіне ежелгі және орта шақ қаласы ретінде танымал,  бірақ тарихы өте байырғы заманға дейін барады. Харпутта жүргізілген қазба жұмыстарына қарағанда,  осындағы алғашқы қоныс адам баласы тарихының ең ұзын процесін қалыптастырған   Палеолит, яғни ежелгі тас дәуіріне дейін барады. Яғни адамдар Харпутқа тарихтан бұрынғы кезден бастап қоныс тебе бастаған. Аймақтың су көздері мен кен тұрғысынан бай болуы қаланы маңызды қылады.  Мыс кеніне деген жақындығы сол дәуірде тартымды орталық болуын қамдайды. Мыс әрі Харпут пен төңіректегі орталықтарда өңделіп, пышақ, балта немесе инеге айналады. Өндірістен қалған тауарларды көрші елдерге сатады.  Сирия,  Мезопотамия және Орталық Анадолыдағы елдермен қатынас құрылады. Осылайша Харпут әлеуметтік, экономикалық және мәдени жағынан өркендей бастайды. Харпут осы маңыздылығын ешқашан жоғалтпаған.  Әсіресе урарту,  Рим, Византия және Османлы дәуірлерінде түрлі мәдениеттер бірге өмір сүрген үлкен қалаға айналған.  

** 

Ежелгі дәуірде сенімді және қорғанысқа едәуір ыңғайлы тік жартастар үстіне құрылған Харпут «тас қамал» деген мағынаға келеді. Харпут қамалы бүгін туристердің назарын аударады. Урартулар кезінде салынған қамал түрлі кезеңдерде жөндеуден өтіп, бүгінгі күнге жеткен. Қамал мен төңірегіндегі қазбаларда зындан, су қоймасы, дақыл қоймасы, қару қоймасы, мешіт пен шеберханалар табылған. Өңірде осы қамал туралы айтылған аңыз бар. Аңызға қарағанда қамал салынған кезде құрғақшылық болған. Шеберлер балшық үшін су табалмағандықтан сүт пен жұмыртқаның ақуызын араластырып балшық дайындаған.  Қамалды осылай салған деседі.  Сондықтан Харпут қамалы халық арасында «Сүт қамалы» деп аталып кеткен.

Қалада қамал секілді назар аударатын басқа бір ғимарат – Ұлы мешіт. Анадолыдағы ең байырғы түрік мешіттерінің бірі бұл жер.  Бірақ  назар аударуы тек сол үшін ғана емес. Ұлы мешіттің мұнарасы Италиядағы Пиза мұнарасы секілді қисық. Кейбірі оның әдейі қисық салынғанын айтады,  кейбірі бір жер сілкінісі салдарынан қисайғанын алға тартады.

Анадолының ең байырғы шіркеулерінің бірі Мәриям Ана шіркеуі, басқаша атымен  Қызыл шіркеу де Харпут ежелгі қаласында. Пұтқа табынушылар тарапынан храм ретінде салынған ғимарат артынан ассириялықтар тарапынан шіркеуге айналдырылған. Бүгінге дейін құламай жеткен Мәриям Ана шіркеуі осы топырақтағы ең маңызды ежелгі шіркеулердің бірі ретінде қабылданады.

Барлық ғимараттары және құрылыстарымен бірге Харпут ашық ауа астындағы мұражай іспеттес. Мыңдаған жылдық тарихымен көптеген өркениеттердің іздері қалған ежелгі қала қазір ЮНЕСКО Әлемдік мәдени мұрасының уақытша тізімінде тұр.  

**

Харпут ежелгі қаласында қамал төңірегінде жүргізілген қазбаларда теңдесі жоқ бір тас туынды жарыққа шығарылған.  Көшет отырғызу барысында кездейсоқ табылған осы туындыға ұқсас бір туынды Анадолыда жоқ. Осы туындының арқасында Харпуттың белгілі тарихы тағы мың жыл созылады. Бұл туындының салмағы шамамен төрт тонна. Өзі шағын бір бөлменің еденін алып жатады. Таста саты арқылы қамалдың қабырғасына өрмелеген әскерлер және жауынгерлер орын алған қамал шайқасы өте егжей-тегжейімен суреттелген. Харпут туындысында сонымен бірге мифологиялық құдайдың фигурасынан, патша және патшайымның бастарындағы тәжге дейін барлық детальдер орын алған. Айырықша 4 мың жыл бұрынғы өнер қайраткерлерінің шеберлігі адамды таңғалдырады.  

**

Адам баласының он мыңдаған жылдық хикаясында кейбір дәуірлерде жетістіктер мен жаңалықтар бірінен соң бірі келген,  осылайша адам баласы үлкен қадаммен дамыған.  Осындай дәуірлердің бірі – Мыс дәуірі. Адамдар өндірісте мамандана бастаған,  экономика мен сауданың іргетасы қаланған, жүйелі қоныстар салына бастаған. Біз де бүгін Анадолыда мыс дәуірінен бастап үздіксіз дамыған ежелгі қоныстардың бірі Элазыгдағы Харпут ежелгі қаласын баяндап бердік.

 

 

 



Ұқсас жаңалықтар