Тәжікстан президенті Иранға сапарлай барды
Еуразия күн тәртібі – 41

Бүгінгі бағдарламамызда Тәжікстан президенті Имамали Рахманның Иран Ислам Республикасына сапарына және екі ел қарым-қатынастарына тоқталамыз.
Тәжікстан президенті Имамали Рахман 2022 жылы 29-30 мамыр күндері арасында Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Иран президенті Ибрахим Реиси Тәжікстан президенті Имамали Рахманды ресми рәсіммен күтіп алды. Екі президент екі жақтылы және делегациялар арасында кездесулер өткізді. Кездесулер соңында екі ел арасында 16 келісімге қол қойылды. Президент Рахманның 9 жылдан кейінгі Иран сапары көптеген салада маңызды болды.
Тәжікстан президенті сапар аясында Иранның діни лидері Али Хаменей, Президенттің орынбасары Мұхаммед Мухбир және Иран Мәжіліс төрағасы Мұхаммед Багер Галибафпен жеке-жеке кездесті. Кездесулерде басшылар Тәжікстан-Иран қарым-қатынастарын дамыту жөнінде ортақ көзқарасқа келді.
Президент Рахманның Тегеранда Иран саясатына бағыт сілтейтін барлық басшылармен кездесуі екі ел арасындағы кірбеңдіктің аяқталғанын көрсетті. Баршаға аян, Тәжікстан Ислами өркендеу партиясының лидері Мухиддин Кабиридің Иран сапарымен басталған салқындық екі ел қарым-қатынастарын тұйыққа тіреген болатын. 2013 жылы нашарлаған екі ел байланыстары 2019 жылы қайта оңала бастады.
2021 жылы қыркүйек айында Иран президенті Ибрахим Реиси алғашқы шетел сапарында Тәжікстанға барды және сапар аясында Душанбеде екі ел арасында 8 келісімге қол қойылды. Тәжікстан бұрын Иранның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше болуына қарсы шықса да, ұйымның соңғы саммитінде Иранның мүшелігін қолдады.
Тәжікстан сыртқы саясатында елде әскери базасы бар Ресейді және ең көп қарызы бар ел Қытайды тепе-теңдікке келтіру мақсатымен үшінші бір аймақтық күшке, яғни Иранға мұқтаж болып отыр. Ресейге жасалған санкциялар Тәжікстан экономикасына нашар әсерін тигізуде, сондықтан Душанбе әкімшілігі балама нарық және инвестор қарастыруы керек.
Шетелде жүрген оппозиция жетекшісі Мухиддин Кабиридің мамыр айында Душанбе әкімшілігіне қарсы белсенді күресудің уақыты келгенін жариялауы, адамдардың өмірін қиған Таулы Бадахшандағы наразылықтар Тәжікстан әкімшілігін дос елдерді көбейтуге, тәжік оппозициясын қолдау мүмкіндігі бар елдермен байланыстарын жақсартуға зорлап отыр.
Тәжікстан мен Иран арасында ортақ қорғаныс комитетінің құрылуы және Иран Ұшқышсыз әуе көліктерінің Тәжікстанда өндірілуі Душанбе әкімшілігінің елге қауіп төндіретін оқиғаларға қарсы сақтық шараларын жасай бастағанын көрсетеді.
Талибан режимімен келісе алмаған Тәжікстан әкімшілігі оңтүстік шекарасын қорғауға мәжбүр. Сонымен бірге шешілмеген шекара қақтығыстары себепті Тәжікстан мен Қырғызстанның арасы да кірбең. Қырғызстанның Байрактар ТБ-2 ұшқышсыз әуе көліктерін алуы Тәжікстанның Иранмен ортақ ұшқышсыз әуе көліктерін өндіру талпынысын жылдамдатып отыр.
Қорыта айтқанда, Тәжікстан президенті Имамали Рахманның Иран Ислам Республикасына сапарының екі ел қарым-қатынастарын дамыту тұрғысынан ойдағыдай өткенін айтуға болады.