Пири Реис -1
Анадолының тұңғыштары -22

Шығыстың байлықтары туралы айтылған, адамды таңғалдыратын, құпияға толы әңгімелер әрқашан батыстың қызығушылығын арттырған. Жаңалықтар мен отарлау кезінде теңіз сапарлары жеңілдеп, адамның аранын ашқан шығысқа бару барлық саяхатшылардың арманы болды. Шығыс пен батыс арасында құрлықтан да сенімді және одан да қысқа сауда жолын тапқысы келгендердің бірі – Христофор Колумб. Оның ойынша Азияға жететін осы сенімді жол тек Тынық мұхитынан теңіз арқылы мүмкін еді. «Түнек теңізі» деп аталған Тынық мұхитына шығуға сол кезге дейін ешкімнің батылдығы жетпеген. Сондықтан Колумбтың сөздерін ешкім назарға алмайды. Колумб өзіне керекті қаржылай қолдауды Испанияда тапқаннан кейін тарихтың ең үлкен сапарына шығады.
Мақсаты жаңа жерлерді ашу емес, Шығыс Үнді аралдары мен Азияға жету болатын. Сондықтан Гаитиді де қамтитын аралдарға жеткенде осы жердің жаңа бір құрлық Американың жалғасы екенін еш білмейді. Жергілікті халық үндіс деген мағынаға келетін «Индиос» деп аталып кетеді сол себептен. Испанияға жаңа отар елдер тауып беріп, Қытайға қарай жол тартады.
**
Христофор Колумб өзі тапқан аралдар мен оның бағыттарында орын алған басқа да жағалаулардың картасын сызады. Алайда ол карта ешқашан табылмайды. Үлкен құпия болып қалады. Тап 1929 жылы Стамбулдағы Топкапы сарайы мұражайға айналдырылуы барысында теңдесі жоқ картаның қайта табылуына дейін...
Кейбір нәрселер уақытын күтеді. Қайтадан жарыққа шығатын, бұрынғы керемет күндеріне қауышатын, қадірі білінетін уақытты. Топкапы сарайында табылған осы туынды да солай. Пири Реистің картасы бұл! Тек түрік теңіз шаруашылығы емес, әлем теңіз шаруашылығы үшін де өте маңызды. Себебі Христофор Колумбтың еш табылмаған картасынан іздер кездеседі бұл картада.
Нидерландыда ұйымдастырылған Шығыстану конгресінде картаны ғалымдарға таныстыру үлкен жаңғырық туғызады. Тарихқа көп көңіл бөлген Түркия Республикасының құрушысы Мұстафа Кемал Ататүріктің сұранысымен Пири Реис картасының «түпнұсқасына сай» басылымы жүзеге асырылады.
**
Пири Реис осы атақты картасын бес жүз жыл бұрын сызады. Оның үстіне өте аз қатемен. Оның үстіне ешбір бойлық және ендік өлшемдері жасалмаған, фотосуреттер түсірілмеген, жасанды серік көріністері алынбаған бір кезеңде сызады. Ол сызған уақытта әлем картасының нақты жобасының жасалуына әлі екі ғасыр уақыт бар еді!
Пири Реис Орта шақта қолданылған бір әдіспен сызады картасын: Портолан әдісі. Айырықша сол дәуірдің басқа карташылары секілді саяхат жазбаларын да қолданады. Шығанақтар, мүйістер, аралдар немесе порттар жалпы суреттелген жазбаларды пайдаланып көбіне көзбен көрмей сызылатын еді сол кезде карталар. Картаны сызған адамның географиялық білімі, теңіз тәжірибесі, бәлкім аздап сезімдері де қосылатын. Пири Реистің Еуропа және Африканың батыс жағалауы мен оңтүстік Америка жағалауы сызылған алғашқы картасы міне осылай сызылған бір карта және «сол дәуірдің ең соңғы мәліметтерін қамтитын теңдесі жоқ туынды» деп аталады.
Пири Реис атақты картасын дайындау барысында жиырма картадан пайдаланғанын айтады, оны да картаның үстіне жазып қояды. Бұлар Ұлы Ескендір уақытынан қалған карталар, Португалиялықтар және арабтар тарапынан сызылған карталар, Христофор Колумбтың Америка картасы. Пири Реисті замандастарынан ерекшелендіретін және оны ғалым ретінде бөліп тұратын да міне, осы дереккөздерді атап көрсетуі.
**
Кожа Реис деп те атайды Пири Реисті. Яғни Ұлы Көсем, Үлкен көсем. Гелиполиде өмірге келген. Атақты туындысы «Китабы Бахриеде» яғни «Теңізшілік кітабында» немере ағасымен бірге Жерорта теңізінде қарақшы болғанын, сосын мемлекеттік қызметке ауысқандарын жазады. Атақты адмирал болған немере ағасымен бірге талай шайқасқа қатысады. Немере ағасы қайтыс болғаннан кейін Гелиполиге қайтады және жұмыстарын бастайды. Қолындағы карталарды өз көзқарастарымен бірлестіріп тұңғыш «Әлем картасын» сызады. Түйенің терісіне сызып, тоғыз түрлі түске бояйды. Картасы 86 см. Кейбір суреттерін аңыздардан шабыт алып салған. Шын өмірден алынған суреттері де бар. Орталық және Оңтүстік Американы, Африка жағалауларын, Испания және Францияны қосқанда кейбір Еуропа жағалауларын сызады. Адамдар қоныс тепкен жерлерді қызылмен, адам аяғы баспаған жерлерді жасылмен белгілейді. Тауларды ерекше сызып, өзендерді қалың сызықпен салады. Картаға теңізшілер үшін маңызды мәліметтерді де жазып қояды. Теңіздегі таяз жерлерді қызыл нүктелермен, жасырын жартастарды крест белгісімен белгілейді. Ағындарды, тасты жерлерді, құм жерлерін де ерекше көрсетеді. Айырықша маңызды деп есептеген жануар, балық, адам суреттеріне де орын береді.
Карта өз алдына назар аударарлық, алайда Оңтүстік Полюстің де осы картада көрсетілген болуы үлкен жаңғырық туғызады. Себебі мұзтаулармен қапталған полюс осы картадан 300 жылдан кейін ғана ашылады. Едәуір маңызды және зерттелуі керек тақырып, себебі Пири Реис Антарктика мұздықтарының астындағы жағалауларды да сызады! Кейбір зерттеушілер осы картаның мұз дәуірі басталмай тұрып аталарымыздан қалған мәліметтер бойынша сызылғанын алға тартады, кейбірі болса Пири Реистің қате өлшемдер нәтижесінде осылай сызғанын айтады. Кейбіреулер картаның ғарыштан көрінетін көрінісі бойынша сызылғанын айтады. Картаны көріп, жоғалып кеткен Атлантис құрлығын іздеуге шығатындар да болуы мүмкін. Тіпті оқиғаны асыра сілтеп, Пири Реистің осы тақырыпта Жер шарынан басқа әлемде өмір сүретіндерден көмек алғанын айтатындар да шығып қалуы мүмкін.
Пири Реис он бес жылдан кейін киіктің терісіне одан да егжей-тегжейлі және мұқият бір карта сызады. Алғашқы картада бос қалған жерлерді толықтырады және белгісіз жерлерді тағы да бос қалдырады. Атлант мұхитының солтүстігі, Куба, Гаити, Багама және Антиль архипелагтары бұл жолы дұрыс арналастырылған.
**
Пири Реис Османлы флоты құрамында испан, венециялық және генуэздықтарға қарсы шайқасады, жеңіп алуларға қатысады. Өмірінің жетпіс бес жылын теңізде өткізеді. Әртүрлі ауа райы шарты мен қаупін басынан кешіреді. Жиған тәжірибесі мен көрген жерлеріне картасында және кітабында орын береді. Осылар барысында тек теңізші ретінде емес, ғалым секілді қозғалады, дереккөздерін беріп отырады. ЮНЕСКО Пири Реистің Әлем картасын сызғанына 500 жыл толуына орай 2013 жылды мерекелік шараларына енгізеді.
Бүгінгі күні теңізшілер қолданатын карта емес әрине Пири Реистің картасы. Алайда өз дәуірінің барлық деректерін қолдану арқылы, егжей-тегжейлерге орын берген картасы жол көрсетуші ерекшелігінде.
**
Дұрыстары, қателері, айтылған айыптауларымен бірге әлем теңіз тарихының ең маңызды туындыларының бірі ретінде қабылданған Пири Реис карталарын баяндап бердік бүгін сіздерге.