Әлемдегі тұңғыш әйелдер кәсіподағы

Анадолының тұңғыштары - 16

1682965
Әлемдегі тұңғыш әйелдер кәсіподағы

Еуропада және Америкада әйелдер Өнеркәсіп төңкерісінен бұрынғы дәуірде көбіне отбасылық кәсіпорындарда және егіншілік саласында жұмыс істейтін.  Әйелдер Өнеркәсіп төңкерісінен кейін, яғни 18-ғасырда жұмыс күшіне қосыла бастады. Бұл жолы ауыр жұмыстарда ерлерден жартылай аз жалақыға істеді. Тек 19-ғасырда ұжымдасты. Анадолыда болса әйелдер 13-ғасырда ұжымдасқан түрде жұмыс істей бастады.  Біз осы бағдарламаны бастаған кезде тек Анадолының ғана емес,  айтатындарымыз әлемдегі тұңғыш нәрселер болады дегенбіз.  Міне, бүгін де осылардың бірін, әлемде көп біліне бермейтін әйелдер кәсіподағын айтып береміз.

**

13-ғасырда Анадолыда құрылған әйелдер кәсіподағының аты Бажыяны Руми деп аталады.  Яғни Анадолы қыздары, қарындастары.  Бажы сөзі қарындас, сіңлі деген мағынаға келеді. Бұл сөз Анадолыда әлі күнге кең қолданылады.  Сол кезде Анадолы сөзінің орнына Рум сөзі қолданылған. 13-ғасырда Анадолыда осындай әйелдер ұйымының құрылған болуы шетелдік зерттеушілерге қиял секілді болып көрінеді. Өздері бизнес құра алатын, өндіріс жасайтын және осы өнімдерді әйелдер құрған базарларда сататын, жұмыс істейтін әйелдерге қолдау беретін осы әйелдер ұжымы пікірі ақылдарына қонбайды. Себебі орта шақ Еуропасында әйел тек отбасы және балаларымен айналысатын тұлға еді. Осындай міндеттермен шектелмеген әйелдерді шайтан деп жазғырып, ауыр жазалар беретін. Анадолы әйелдерінің өндіріс және экономиканың ішінде орын алуы, үкіметтік емес бір ұйым құратындай санаға жеткендері батыстық зерттеушілерге мүмкін емес секілді көрінеді. Сондықтан осы тақырыпқа байланысты жазылғандарды да назарға алмай, қате деп ойлап, ұйымның болғанына күдікпен қарайды.  Ал Османлы тарихының ең маңызды деректерінің бірінің авторы, тарихшы Ашык Пашазаде жазады Анадолы әйелдер ұйымы туралы. Тек сауда ұйымы емес бұл, сонымен бірге әлеуметтік, мәдени және кәсіптік жағы да бар.

Анадолы әйелдері туралы көп мәліметіміз болмаса да, зерттеушілер «ахилік» ұйымынан бөлек қаралмауы керек дейді. Ахилік Анадолы Селчук мемлекеті кезінде Анадолыда құрылған кәсіподақ ұйымы. Көптеген қағидасы бар. Қағидалар бір кісінің жақсы саудагер немесе іскер болуынан гөрі жақсы адам болуы үшін айтылады. Саудаға байланысты заңдармен қоса күнделікті тұрмысқа байланысты ережелер де айқындалған. Кішіпейілділік, жомарттық, адалдық адамгершілік үшін қажетті. Жұмыс істеу, еңбекке құрмет көрсету және өндіру, ұйымшылдық болса іскер болудың қағидасы деп қабылданады. Ахилікте әлеуметтік және экономикалық тұрмыста әйелдің де маңызды орны болған.  Ахилік ұйымының құрушысы Ахи Евран болса, Анадолы әйелдерінің құрушысы оның жұбайы Фатма апа. Ахи Евран отырықшылыққа өткен көшпенді түрікмендерді ұйымға қосып, олардың бір кәсіппен айналысуын қамдайды, сол секілді Фатма апа да түрікмен әйелдеріне кәсіп үйретуге тырысады.

**

Анадолы әйелдері енді жүндерін сату үшін Кайсеридегі терішілер мен бақыршылар базарында бас қосты.  Ахилермен бірге білім алғаннан кейін түрлі өндіріс саласында істей бастады.  Әйелдердің шеберханалары белгілі орталықтарда шоғырланған. Көбіне кілем,  алаша және мата тоқиды. Тоқыма тоқиды, нақыш тігеді, киіз, жібек және мақта өндірісімен айналысады. Қол өнерімен бірге кейбірі киім тігуге де араласқан. Анадолы әйелдері тұрмысқа шыққан, шықпаған деп бөле жармай, құрамындағы әйелдердің барлығының кәсіптік, адамгершілік және діни білім алуына көңіл бөлетін.

Әйелдердің өздері өндіріп, күн көруін қамдау үшін құрылған Анадолы әйелдері ұйымы Ахилік ұйымымен қосарлана жұмыс істейді, қағидаттары бірдей болатын. Бөле жармай адамдарды жақсы көру, кішіпейіл болу, жақсылық жасау,  кедей-кепшікке көмектесу секілді ережелері болған.  Адамгершілік құндылықтары мен қоғамдық ережелердің орнығуы үшін мектеп секілді қызмет атқаратын. Әлемдегі тұңғыш әйелдер одағы жетім қыздарды қорғап,  олардың білім алуы үшін жауапкершілік алатын. Жесір әйелдердің күтіміне жауап беретін, кедей әйелдерге көмектесетін. Негізгі философиясы – әйелдер арасындағы бірлік пен көмектесудің нығаюын қамдау.

Ахилік пен оның жалғасы іспеттес Анадолы әйелдері ұйымында үйретілген нәрселер күнделікті тұрмысқа керек нәрселер болатын. Білім әйел деп, ер адам деп бөлмей, кәсіптік салада жетілуі,  діни және адамгершілік жағынан өсуі  және соғыс жағдайында қол қусырып отырып қалмауы үшін берілетін. Анадолы Селчук мемлекеті душар болған маңғол шапқыншылығы барысында Анадолы әйелдері де Кайсери,  Кыршехир және Кония секілді қалаларда Ахи ұйымымен бірге ер адамдармен иықтасып, отан қорғаған.

**

Анадолының ер адамдармен тең шарттарда өндіріп, экономикалық табыс тапқан,  қажет болғанда соғысқа қатысқан осы батыл әйелдерінің жауынгер Амазондарға ұқсайтынын, тіпті тамырларының Амазонға барып сүйенетінін алға тартатын зерттеушілер де бар.  Анадолы әйелдерінің жауынгер Амазондармен қандай қатысы бар? Амазондар Оңтүстік Америкадағы Амазон ормандарында өмір сүрген жоқ па? Немесе олар мифологиялық аңыз ғана ма? Шынында Амазон әйелдері деп аталған әйелдер болған ба?

Кейбір жазба құжаттарда Амазондар өмір сүрген жер ретінде Түркиядағы Самсун қаласына қарасты Терме ауданы көрсетіледі. Яғни Анадолы.  Тарихшы Геродот оларды сақтар деп атайды. Географ Страбон туындыларында Амазондар туралы жазады. Гомер олар туралы «ерлермен тең» деп айтады. Олардың Троя соғысына қатысқанын да жазады. Ежелгі дәуірдің беделді ойшылы Платон да атақты «Мемлекет» кітабында Қаратеңіз төңірегінде ерлер секілді атқа мінетін, садақ ататын сансыз әйел бар екенін айтады. Алайда көбіне мифологиялық хикаяларда кездескендіктен оларға күдікпен қарап, қиял ма екен әлде шын ба деп, көптеген жылдар бойы анықтай алмай келген. Біздің дәуірімізден  екі мың жыл бұрын матриархалды өмір сүрген амазондарды сақтар, хеттер және гректермен байланыстыратындар бар.  Бүгінгі күні археологтар жауынгер Амазон әйелдердің шыныменен болғаны жайлы айғақтар ұсынады. Осылардың арасында ең қымбаты 1994 жылғы Америкалық археолог Др. Кимбалдың зерттеулері.  Себебі Кимбалл Қазақстанда жүргізілген бір қазба жұмыстары барысында тапқандарына сүйеніп, осы аңызды дәлелдейді. Бір қорғанда 30-40 жастарында көптеген әйел сүйегі табылады.  Қорғандағы әйел сүйектері емес археологты таңғалдырған.  Осы әйелдердің қасында садақтары және 90 сантиметрден ұзын қылыштар болуы және кейбірінің ат үстінде отырған секілді күйде жерленгені. Жауынгер әйел Амазондар аңызын еске түсіріп,  аймақта өмір сүретін көшпенді қазақтармен қатысы бар ма деп зерттеуін бастайды.  Др. Кимбалл қорғандағы әйел сүйектерінен анализ алып,  өңірдегі әйелдердікімен салыстырады. Олардың ДНК-лары 99,9 пайыз бірдей болып шығады. Қазба жұмыстары барысында жинаған мәліметтерін «Жауынгер әйелдер Амазондар» атты кітабында жазады америкалық археолог. 2019 жылы Ресей Археология институтының зерттеушілері Ресейдің батысында тапқан сақ әйел жауынгерлерінің қабірі амазондардың шыныменен болғанына басқа бір айғақ болып есептеледі. Осылайша фантастикалық фильм және кітаптардың, мифологияның арқауы болудан асып,  Амазондар аңызы шындыққа айналады.  Амазондардың Самсунның Терме ауданында өмір сүргені әлі дәлелденбесе де, жыл сайын Терме ауданында олар үшін тек әйелдер қатысатын, ат мініп,  садақ ататын фестиваль ұйымдастырылады.

**

Анадолы Селчук дәуірінде құрылған Анадолы әйелдері ұйымы сол кезде әйелдің экономикалық және әлеуметтік өмірде ықпалды түрде орын алуы, әйел мен ер адамның тең бола алатынын көрсетуі тұрғысынан өте маңызды.  Көптеген батыстық зерттеушілер сенбейтін, 13-ғасырда әйелдер бірлік болып,  ұйымшылдықпен өмір сүрген, әлеуметтік өмірде белсенді рол ойнаған, әлемдің тұңғыш әйел ұйымы Анадолы әйелдері ұжымы туралы айтып бердік бүгін.



Ұқсас жаңалықтар